Конференцияда Үндеу жолданып, Қарар қабылданды. Діни білімді дамытуға арналған басқосуда «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасы» атты тұңғыш рет тарихи құжат қабылданды. Біз де осынау тарихи сәттің куәсі болдық.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мазмұнды баяндамасында: «Тұжырымдаманы қабылдаудағы мақсатымыз – халқымыздың діни, рухани қажеттілігін қанағаттандырумен қатар, көп деңгейлі, алуан пішінді үздіксіз діни білім берудің үлгісін, тұтас ислами оқу кешенін қалыптастыру. Тұжырымдама – діни білім беру жүйесі бойынша бағыт-бағдарымызды айқындайтын, жолымызды көрсететін бағдаршам іспетті басты стратегиялық құжатымыз. Біз бүгінде имам-молдалардың, жалпы дін қызметкерлерінің осы межеден, осы деңгейден көрінуін талап етеміз. Аллаға шүкір, ХХІ ғасырдың тәжірибелі, іскер, діни саланың жұмысын даналық жолмен дамытып келе жатқан білікті имамдар корпусы қалыптасты», – деп атап өтті.
Тұжырымдама мазмұнында: «Қазіргі діни жағдай, Тұжырымдаманы қабылдау қажеттілігі, Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері, Мешіттер жанындағы діни сауат ашу курстары, Діни сауат ашудың І, ІІ, ІІІ сатысы, Құран жаттау курсы, Діни оқу орындарына дайындық курсы, Діни оқу-тәрбие процесін жүргізетін қайырымдылық мекемелері, Құран қариларын дайындау орталығы, Медреселер, Жоғары діни білім беру, Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, Имамдардың білімі мен біліктілігін жетілдіру институты, Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер, Тұжырымдаманы іске асыру кезеңдері» мәселелер мен міндеттер, нақты қадамдар қамтылған.
Конференцияда айтылған тағы бір үлкен жаңалық – медреселердің мемлекеттік стандартқа сай білім беру жүйесіне көшуі. Бас мүфти бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында: «Біз санаулы мерзім ішінде медресе жұмыстарына елеулі реформалар жасадық. Медреселердің оқу бағдарламаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Міндетті діни пәндерден бөлек қазіргі заман талабына сай қоғамдық мамандықтар қосылды. Медреселеріміз колледж деңгейіне көтерілді. Жаңа қабылданған Жарғы бойынша медресе-колледж деп аталады. Демек, медресе-колледжімізді бітірген шәкірт кез келген мемлекеттік мекемелерде діни және зайырлы мамандықтар бойынша қызмет ете алады. Бұл – болашақ дін қызметкерлері үшін үлкен мүмкіндік, зор жетістік деп атар едім», – деп мәлімдеді.
Расында, Ислам дінінде адамзат баласына қоятын ең басты талап – білім алу, оқу және іздену. Құран Кәрімнің алғашқы аяты да: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!..» («Алақ» сүресі) деп басталатыны баршаға мәлім. Ал білім алу туралы аят пен хадисте былай делінген: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?»; «Ілім үйрену әрбір ер мен әйелге – парыз»; «Ең абзал садақа – мұсылманның ғылым үйреніп, сосын оны өзге мұсылман бауырына үйретуі»; «Кімде-кім ғылым жолына түсер болса, Алла оның жұмаққа барар жолын жеңілдетеді». Хазірет Али ибн Әбу Талиб: «Білімсіз жасалған құлшылықтың қайыры жоқ, дұрыс түсінігі болмаған білімнің де қайыры жоқ!» – деген екен. Ислам адам құқығына қатысты барлық конституциялар мен декларациялар қабылдаудан мың жылдан уақыт бұрын кез келген азаматтың ғылым үйрену бостандығы мен құқығын анықтап, жариялап қойған.
1948 жылы қабылданған Халықаралық адам құқығы декларациясының 26 тарауында әрбір адам білім алуға құқылы, мүмкіндігінше бастауыш білімін тегін үйренуіне жағдай жасалуы тиіс деп көрсетілген. Ал ислам бұл декларациядан он төрт ғасыр бұрын тегін білім алу құқығын бекіткен. Сондықтан Исламды – таным діні деп те атаған.
Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдары қоғамда діннің рөлі ерекше мәнге ие болды. Діннің мәртебесі мен мерейі көтеріліп, имандылық жолына түскен жастардың саны арта бастады. Алайда дінді саяси құрал ретінде пайдаланушылар да қоғамда көрініс тапты. Олардың арбауына ілескен жастар да жоқ емес. Мұндай келеңсіз оқиғалар білімсіздіктен орын алып жатқаны ақиқат. Дінді біліммен емес, сезіммен, дінге қатысы жоқ адамдардың құрғақ уағызымен таныған адам білместікке жол береді. Алматыда қабылданған Тұжырымдама осындай олқылықтардың орнын толтырып, діни сауаты жоғары жастар тобын қалыптастыруды көздейді.
Жастардың дәстүрлі емес діни ағымдардың шырмауында кетуін анықтар болсақ, мынадай үш негізгі себептерінің бар екендігін айтар едік:
Біріншіден, жалпы қоғамда діни сауаттылықтың төмен болуы;
Екіншіден, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды материялдық тұрғыдан қолдау көрсете отырып, қызықтыру арқылы қатарларына қосу;
Үшіншіден, шетелдік миссионерлердің өз қызметтерін жоғары деңгейде жүргізуі.
Әлемдік және дәстүрлі діндердің қайсы бірін алып қарасақ, олардың түпкі мақсаты – адамзат баласын жақсы қасиеттер мен адамгершілікке тәрбиелеу. Ислам дінінде адамгершілік пен сабырлылыққа үйрететін Құран аяттары мен хадистер жетерлік. Ислам дінінің өзі «бейбітшілік» деген мағынаны білдіреді.
Ислам білім алу құқығын беріп қана қойған жоқ, оған талпынуды әрбір мұсылманға міндеттеді. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) жоғарыда айтып өткеніміздей, «Әрбір мұсылманға білім алуды – парыз» десе, тағы бір хадисінде: «Ғылымды Қытайдан болса да талап етіңіз», – деп өсиет қалдырған. Хадистердің бірінде адам баласы қайтыс болған уақытта оның үш амалынан басқа барлық амалдары тоқтатылады: соның екіншісі ретінде «өзге адамға үйреткен білімі тоқтамайды» деп ғылымның үздіксіз жалғасып тұратындығы туралы айтылған.
Жазушы Мұхтар Әуезов «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» деп айтқандай, қай заманда болмасын ілім алу бірінші орында тұру қажет. Сондықтан бабаларымыз «Білім инемен құдық қазғандай» деп текке айтпаса керек.
Тағы бір қосымша айта кететін жайт, көпшілігіміз білім алуды тек ақыреттік іліммен ғана шектеп қойып жатамыз, бұл дұрыс емес. Біз ілім іздегенде екі дүниелік білімді қатар алуға ұмтылуымыз керек. Екі ілімді қатар алған жағдайда ғана адамзат баласының сауаты артатын болады.
Тұжырымдама мәтінінде медреселердің оқу бағдарламаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені, міндетті діни пәндерден бөлек қазіргі заман талабына сай қоғамдық пәндер де қосылғаны айтылған.
Аллаға шүкір, еліміз Тәуелсіздігін алғаннан бері дініміз де қанатын кеңге жайып келеді. Республикамыздың түкпір-түкпірінен ашылған медреселер мен діни жоғары оқу орындары бар. Міне, осы оқу орындарында дәстүрлі дінімізді кеңінен насихаттап, жастарымызды діни сауаттандырып, асыл дініміздің өркендеуіне осылайша үлес қосатын болсақ, еліміздің келешегі де жарқын болмақ. Осы орайда, біздің де, яғни Атырау облысындағы барлық мешіттеріміздің жанынан ашылған ер балалар мен қыз баларға арналған сауат ашу курстарының нәтижесінің жоғары екендігін айта кетсек артық болмас. Бүгінде әр мешіттің жанынан ер адамдар мен әйел-аналарымыз сауат ашу курсында білімдерін жетілдіруде. Инша Алла, осындай барлық облыстардағы діни сауат ашу жұмыстары жандана беретін болса, жастарымыз шатаспай, жамағаттарымыз адаспай бабалар салған дәстүрлі Әбу Ханифа мектебіміз жалғасын таба бермек.
Батыржан МАНСҰРОВ,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,
«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы, РһD доктор