Нұр-Сұлтан. 12 қыркүйек. KAZISLAM – Тәуелсіздік қазаққа не берді десек, әуелі қираған мешіттерімізді қалпына келтірді деп қуанышпен айта аламыз. Елдің қамын ойлайтын тұлға алып анадан туады. Осы жерден алып аналар шығуына тілектеспін – дейді қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы Елордадағы «Астана» медресе-колледжінің қыздар бөлімінің ашылу салтанатында.  

Қыздарға арналған оқу ордасының ашылуымен құттықтап, сәттілік тілеген Оразкүл Асанғазықызы: «Абай атамыз отыз жетінші қара сөзінде «Адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» дейді. Елге қызмет ететін, жеті жұрттың қамын жейтін адамның баласын тәрбиелейтін жан міндетті түрде иманды болуы керек» – дейді.

Білім ордасының ашылу шарасына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов, қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазықызы, елордалық имамдар мен дінге жанашыр қала тұрғындары қатысты.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Еуразияда бейбіт және тұрақты болашақ қалыптастыруда зор серпіліс керек – Тоқаев

Бас мүфти жаңа орталықтың ашылуымен құттықтап, ел астанасында тұңғыш ашылған білім ордасының руханиятымыздың дамуына өз үлесін қосатыныныа сенім білдірді.

«Әйел-аналарымыз жан-жақты білімді болса, болашақ ұрпақты да солай тәрбиелейді. Жаңа медресемізді ашудағы негізгі мақсат – дәстүрлі дінімізді салтымызбен сабақтастырып, тарихи, рухани құндылықтарымызды дәріптейтін мамандар тәрбиелеу. Бүгінде еліміз бойынша 1500 шәкіртіміз университетте оқып жатыр, 2500-ге жуық шәкірт орта білім беретін медресе-колледждерімізде білім алуда. Демек, біз отандық кадрларды даярлауға толыққанды мүмкіндігіміз бар. Біз сырттан келетін діни кадрлар мен шетелдік теологтарға мұқтаждықтан толықтай арылдық», – деді Бас мүфти.

Ғимаратта оқу залы, асхана, жатақхана, алғашқы медициналық көмек көрсететін бөлме, ұстаздар кабинеті бар. Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет ашылған оқу орталығына биыл 21 шәкірт білім алатын болады.

Пікір жазу