Адамзаттың ең ардақтысы Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.):

«Екі түрлі нығмет бар, адамдардың көбі солардың қадірін біле бермейді: Денсаулық пен бос уақыт»,- деп айтқан (Бухари, Риқақ,1).

Расында да адам баласына берілген өмір − шектеулі, уақыт − қысқа. Сол себепті аталарымыз «өмір қамшының сабындай қысқа» деп, берілген өмірдің қас қағым сәтте өте шығатынын айтып кетті.

Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с.) жеткен басқа бір хадисте:

«Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: өлмей тұрып өмірдің, ауырмай тұрып денсаулықтың, қартаймай тұрып жастықтың, кедейленбей тұрып байлықтың, көп жұмысқа тап болмай тұрып бос уақыттың қадірін біл!», – деп бұйырылады.

Өкінішке орай, адам баласы бұған сау кезінде мән бере бермейді. Тек басына әлдеқандай қиындық түскен кезде ғана «неге мен осы жағдайға душар болдым» деп, ойлана бастайды. Бұл дүниеге емтихан үшін келгеніміздің байыбына бармастан, жаман әдеттерге үйір болуға дайын тұрамыз.

Жаман әдеттер адам бойына бір жабысса, өзіне тәуелді етіп қоятынын тым кеш сезінеміз.

Тәуелділік – есірткі, ішімдік, темекі секілді заттарға қатысты дамитыны секілді, құмар секілді, зиянды әдеттерге не болмаса ғаламтор, теледидар сияқты техникалық құралдарға байланысты да қалыптаса береді. Уақыт өте келе адам сол ісін тіршілігінің өзегіне айналдырып, онсыз өмір сүре алмайтындай жағдайға жетеді. Негізінен бұл жағдайларға жастар көбірек түсіп қалып жатады.

Егер бір адам:

– Міндетті түрде жасауға тиіс істері мен жалғастыруға мәжбүр болған қатынастарынан тыс барлық уақытын, күш-қуатын, ақшасын немесе көңілін белгілі бір затқа, құбылысқа немесе жүріс-тұрысқа арнап жіберетін болса;

– Оған қолы жетпей қалса, бойынан бір көңілсіздік, ұйқысыздық, тәбетсіздік, өкпе-реніш секілді белгілер байқалса;

– Рухани, материалдық немесе әлеуметтік зияндықтарын біле тұра, бір нәрсені пайдалануы не бір құмар істі жасауын тоқтатпай жасай берсе;

– Мектебіндегі, жұмысындағы, отбасындағы өмір әлсірей бастаса; жауапкершіліктерін орындамай, тіпті ішіп-жеу, жуыну, тазалану сияқты күнделікті қажеттіліктерін атқаруды ұмытатындай дәрежеде бір затқа немесе құмар ісіне байланып жатса, ол тәуелді болды деген сөз. Оны тез арада емдеу керек.

Бұл өмір – бір емтихан алаңы. Ал емтихан қиыншылық, күрес, еңбек және сабырмен қатар жүреді. Адам баласы тіршілігі барысында шешуге тиіс небір қиындықтардың алдында кейде өзі ойлағандай қауқары болмай шығуы ықтимал. Сенімі мен ерік – жігерінің әлсіздігін сезіп, тарыдай бір қиындықтарды таудай болып үлкейгендей көріп, солардың астында қалып кетуі де ғажап емес. Осындай кездерде ондай кісілерге жәрдем керек. Отбасы оған дем беріп, сүйеніш болмаса, онда ол сол сүйенішті басқа жақтан іздейді. Әсіресе, қоршаған жұрт тарапынан бағалануды ерекше қалап тұратын бұл кезеңде отбасы қасынан табылмаса, көптеген психологиялық мәселелер содан туындайды. Осындай мәселелерден, психологиялық «күйіктен» құтылу үшін жас жеткіншек зиянды әдеттерге ұрынып қалады. Алайда мәселеден құтылу былай тұрсын, керісінше батпаққа батқан үстіне бату қаупіне ұшырауы мүмкін. Бұдан әрі оны тіпті қиын кезеңдер күтіп  тұрады. Елден ұялу, ақшасы болмай қалу, отбасынан алыстау, қоғамнан бөліну, жалғыз қалуға құмарлық, жұмысы мен мектебіндегі өмірінің қиындауы, мінез-құлқының өзгере бастауы, зерігу, жазылмас дертке шалдығу немесе жұқтыру, өзіне қол жұмсау…

Адамдарды осындай қиын жағдайға итермелейтін себептерді қарастыратын болсақ, жеке бастың қиыншылықтары, отбасы мәселелерімен қатар әуестіктің, араласатын ортаның да маңызды әсері бар екенін байқауға болады. Осы ретте тәуелділіктің кейбір себептеріне жеке – жеке тоқталу орынды.

Әуестік

Жастардың темекі немесе өзге де зиянды заттарды қолдана бастауына себеп болатын басты жағдайлардың тізімінде әуестік пен еліктеу алғашқы орында тұрады. «Бір реттен ештеңе ете қоймас» деген түсінік адамның тәуелділік тұзағына түсуіне себеп бола алады.

Достар ортасы

Кісіні бір нәрсеге тәуелді болуына апаратын тағы бір маңызды себеп достық, жолдастық қатынастары. Негізінде жақсылыққа ғана емес, жамандыққа үйір болу достардың араласуымен іске асатыны дініміздің де ескертулеріне арқау болғаны мәлім. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген:

«Жақсы дос пен жаман достың айырмашылығы жұпар иіс тасушы мен көрік үрлеуші адамдай. Иіс май таситын адам саған оны сылайды немесе одан сен оны сатып аласың, тым болмаса оның бойынан аңқып тұрған жағымды иісті пайдаланасың. Ал көрік үрлейтін адам көйлегіңді күйдіреді немесе одан нашар күлімсі иіс аласың». 

Жастар көп жағдайларда темекі, ішімдік және есірткімен танысуына жағдай тудыратын қауіп-қатерлерге қарсы жеңіл қарайды. «Бір реттен ештеңе бола қоймас!», «Тәуелді болып қалмайсың, ал да іше бер!», «Бір көргеннен ештеңе жоғалтпайсың!», «Кәне, мені сыйласаң, бір рет көр!», «Мамасының баласы екен ғой бұл…», «Осыны бір көрсең сені қалаған адамыңмен таныстырамын», «Ой, сен кетсең, бұл жерде түк қызық қалмайды ғой», «Осыдан кетіп қалсаң, екінші маған жолаушы болма!», «Енді сен бізден құтыла алмайсың!», «Осыны жасамасаң, істеп жүргендеріңді әкеңе айтып береміз!» – деген секілді арандатулар,  жалған намыстың жетегіне қарай сүйрелейді.

Әсіресе, бұл шақта жастарға ата-ананың әсері әлсіреп, дос-жаранның сөзі өтімді бола бастайды. Достарына да, әке-шешесіне де көбірек сенетін балалар олардың талаптарына қарсы тұруға қиналады. Осы тобынан шығып қалмау, ішінде болу, жалғыз қалып қоймау үшін кейде темекі, ішімдік, есірткі сияқты зиянды заттарды татып көруден де шеттей алмай қалуы да мүмкін.

Отбасы  мүшелерінің үлгі-өнегесі

Отбасы мүшелерінің арасында қайсыбіреуі болса да, темекі тартып, арақ ішуі немесе есірткі қолдануы бала үшін тірі үлгі болатындай жағымсыз нәтижеге апарады. Ата-ананың ісімен, жүріс-тұрысымен үлгі болуы сөзбен айтқан ақыл-кеңестерінен әлдеқайда әсерлі. Жаман әдетке жолама деп қанша ескерту жасаса да , балалар олардың айтқанын емес, жасағанын жасайды.

Психологиялық мәселелер

Жастар көңілсіз, ренішті немесе қайғылы кездерінде отбасы мен мектебіндегі әр  түрлі мәселелерді өз бетінше шеше алмайтын жағдайларда «күйігін» басудың бір жолы ретінде, жаман әдеттерге бой алдыруы мүмкін. Ал шындығында, зиянды заттарды қолдану түйткілдерді шешпейді, керісінше, одан сайын ұлғайтып, шиеленістіріп жібереді.

Әлеуметтік ортаның әсері

Зиянды заттарға тәуелділік тек қана экономикалық және психологиялық шарттармен астасып жатқан құбылыс емес. Қоршаған орта, әлеуметтік факторлар да адамның бір нәрсеге бейімділігін  қалыптастыра алады. Мысалы, есірткі заттар өте оңай сатылатын жерлерде, оларды қолдану әдеті де кеңінен жайылған болады. Сондай-ақ жаман әдеттерге немқұрайлы қарай салатын, оның сатылуына кедергі жасай алмайтын әлеуметтік орталарда есірткіге жаңа сатып алушылар көптеп шыға бастайды.

Ең көп қатер кімдерге туындайды?

Алдымен отбасында зиянды зат қолданушыларды көрген бала, есейе келе солармен бірге сондай әдеттердің дәмін көруге әрекет жасайтынын ескерте кеткен жөн. Отбасы мен жақын туыстарының арасында темекі, арақ, есірткі қолданатын біреулердің болуы, олардың сол заттарға бойының үйренуін туғызады да, кейін ондай баланы әсерлі заттардың қолданудан сақтау қиынның қиыны болмақ.

Сүйіспеншілік пен мейірімге толы салауатты өмір салтын ұстанбайтын, қаталдықпен қатыгездік орын алған үйлерде, балалардың зиянды заттарға тәуелді болу қаупі өте жоғары. Тәртіп деген ұранмен перзенттеріне әсіре қаталдық көрсететін немесе ешбір шектеу дегенді білдірмейтін, жүгенсіз жібере салатын, баланың өзіне деген сенімділігін жоғалтатындай дәрежеде қорғаштай беретін, тепе-теңдік ұстай алмайтын ата-аналардың балалары көп жағдайда тәуелділік қасіретіне бейім келеді.

Сондай-ақ, ата-анасы ажырасқан немесе әке-шешесінің бірін жоғалтқан балалар, кейде өздеріне деген жылы шырай мен жұмсақ көңілді сырттан немесе зиянды әдеттерге әуестіктен іздеуі әбден ықтимал. Тәуелділікке ұрыну жағынан қатерлі жағдайдағы жас жеткіншектердің ортақ ерекшеліктеріне агрессия, бұзақылық әр жағдайда және әркімге қарсылық білдіру немесе керісінше артығымен жалпақтап, шектен тыс бағынушылық, өзін көрсете алмаушылық, жұрттың сөздері мен пікірлеріне қатты уайымдау және т.б. сипаттарды жатқызуға болады.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген:

«Қиямет күні ешбір құл өмірін не үшін сарп еткені, білімімен не істегені, мал-дүниесін қайдан тауып, қайда жұмсағаны, денесін не мақсатта тоздырғаны үшін сұраққа алынбайынша, тұрған орнынан бір елі жылжи алмайды» (Тирмизи, Сифатуль Қияма,1).

Адам баласына сынақ ретінде берілген уақытты бос және пайдасыз істермен өткізбеуіміз керек. Керісінше оны тиімді пайдалану – мұсылманның басты міндеті болып табылады. Бұл жөнінде Құран Кәрімде:

«Олар бос және пайдасыз істерден аулақ жүреді» деп бұйырылады («Муминнун» сүресі, 3-аят).

Осы сүре арқылы Алла тағала мұсылман адамды өзі үшін де, қоғам үшін де пайдалы істермен айналысуға шақырады. Ыбырай Алтынсарин атамыз біздерге: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп өнегелі өсиет қалдырды. Ендеше уақытымызды тиімді пайдаланып, пайдасыз істерден аулақ жүрейік.

Балғабек Мырзаев

Пікір жазу