Түркияның İDDEF қайырымдылық қоры «Сіздің үстелде тұз болсын» атты ауқымды кампанияны бастады.

Кампания аясында Рамазанда әлемнің 30-дан аса елінде ауыз бекіткен жандарға көмек көрсетіледі. Акцияның алғашқы қатысушылары Газа тұрғындары болды, деп хабарлайды Yeni Şafak.

İDDEF қорының өкілдері кампанияның Газа секторынан басталуының мәні ерекше екенін, өйткені осы аймақта тұратын палестиналықтар әскери қарулы қақтығыстардан зардап шегіп келе жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта Газада 2 миллион адам тұрады, олардың жартысынан көбі азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттарға зәру.

«Түркияның меценаттарының арқасында біз әлем бойынша мұсылман халқына осымен бірнеше жыл көмек көрсетіп келеміз. Біздің палестиналық бауырларымыз қолдауды қажет етеді, сол себепті біз осы жердеміз» дейді қор өкілдері. Акция барысында Газа секторындағы мұқтаж отбасыларға бір айға жететін азық-түлік қораптары таратылды. Сондай-ақ күн сайын 250 адамға ауызашар ұйымдастырылады, деп жазады Ansar.ru.