– Тұрар Түгелұлы, бұрын жастар дінге келсе қуанатын едік. Ал, қазір олардың ұстанымы қандай деп алаңдауымызға не себеп? Олардың дін туралы түсінігі қандай?
– Сауалыңыз өте орынды. Өздеріңізге белгілі қазіргі уақытта Дін істері комитеті тарапынан дін мәселесіне қатысты ақпараттық түсіндіру тобы құрылып, қарқынды жұмыс жасауда. Оның мүшесі ретінде жыл басынан бері 9 облыста болып, дін тақырыбына арналған кездесулер, семинарлар мен конференцияларда баяндама мен дәріс оқып келемін. Сонда қатысушылар, әсіресе жастар тарапынан қойылатын сұрақтардың басым көпшілігі дін, салт-дәстүр, дін атын жамылған теріс пиғылды діни ағымдар төңірегінде болады. Жалпы «Дін дегеніміз не?» деген сұрақтар жиі қойылады. Байқағаным, кейбір жастарымыздың әлі де болса діни санасы дұрыс қалыптаспаған, «дін» туралы түсінігі таяз. Сондықтан, жастарымыздың көкейінде жүрген сұраққа барынша түсінікті түрде қысқаша жауап бере кетсем деймін.
Дін – ақылды адамдарға арналған бұ және о дүниеде бақытқа жетелейтін иләһи заңдылық болып табылады. Дінмен өмір сүргенде ғана адам баласының өркениет өрісі кеңейіп, көркейіп, рухани өміріне қанат бітеді. «Дін» сөзінің мағынасы кең болғандықтан көптеген анықтама беруге болады. Дін тек Құдайға деген құлшылықтан бас көтермеу дегенді білдірмейді. Ол – өмір сүрудің үздік үлгісі, екі дүние бақытына жетелейтін жол. Дін – адамгершілікке, имандылыққа, ізгілікке шақыратын құдіретті күш. Жаратушы мен жер үстін жайлаған жұмыр басты пенденің арасындағы байланыстың алтын көпірі, адам санасын тәубеге жүгіндіріп, пенделік ойлардан арылтып, жанын тазартатын күш деп те айтуға болады. Сонымен қатар жалқаулық пен бұзық ойлардан аулақ болуға, еліне қызмет етуге, жаратылғанға жанашырлық көрсетуге, адами қасиеттер мен көркем мінез-құлықты болуға, «қоғамнан не алсам» деп емес, «қоғамға не берсем» деген санаға жету жолын көрсететін құндылық болып табылады. Ол кез-келген халықтың мәдениеті мен салтына айналған рухани құндылықтардың бірегейі. Жастарымыз «дін» сөзін кең аяда түсінсе екен дейміз.
Бүгінгі қоғамның ақсақалы, белгілі ғалым, мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Дінді саясатпен де, саудамен де шатастыруға болмайды. Дін – күн көрудің кәсібі емес, көрінгеннің қолжаулығы да емес, дін – ғылым, дін – тағылым, биік мәдениет. Дінге бару үшін үлкен ақыл, терең білім керек. Дін санаға, қанға, сүйекке сіңуі керек» – деген еді.
– Қазір кейбір жастардың аузынан «мәзһабпен жүргенше сүннетпен жүр» дегенді естиіз. Осы мәзһаб пен сүннеттің қандай айырмашылығы бар?
– Бұл сұрақтың жиі қойылатыны жасырын емес. Тіпті, сүннетпен жүресің бе әлде мәзһабпен ба деп те жатады. Мұндай сұрақтарды түрлендіріп, қалай қойса да ерсі екенін білеміз. Бұл жерде «мәзһаб» пен «сүннет» ұғымы бір-біріне қайшы ұғымдар ретінде қолданылуда. Негізгі мәселе сұрақтың жөнсіз қойылуында ғана. Бұл жоғарғы оқу орнының құрылымынан хабарсыз адамның, шала-шарпы білгенімен «университетте оқисың ба, әлде факультетте оқисың ба?» деген сұрағы секілді. Қалай жауап берер едіңіз? Оның бір ғана жауабы бар: «университеттің пәлен факультетінде оқимын». Екеуін екі бөлек көрсету әсте мүмкін емес. «Мәзһаб» пен «сүннет» ұғымы да осы секілді. Олар бір-бірінен ажыратып, жеке дара қарайтын ұғымдар емес. Мысырлық атақты ғалым Мұхаммад Ғазали өзінің мақалаларының бірінде былай дейді: «Менен адамдардың бірі «Пайғамбарымызға ересің бе, әлде Әбу Ханифаға ересің бе?» деп сұраған кезде, оның сұрағына еріксіз күліп былай деуші едім: «Пайғамбарымыздың сөзіне Әбу Ханифаның түсіндіргені бойынша еремін…» – деген екен.
Қазіргі таңдамәзһаб жайлы дұрыс түсінік қалыптастыру үшін бәрінен бұрын мәзһаб туралы таным болуы шарт. Себебі, бүгінгі таңда мәзһабтың маңыздылығын насихаттаушылармен қатар, мәзһабты теріс деп айыптаушылар да кездеседі.
Мұндай жағдайда мұсылман кісі қайсысын таңдайды, қай пікірді қолдайды деген күдіктерден арылудың бір ғана сенімді жолы бар. Ол – таным жолы. Әлемге әйгілі М.С. Рамазан әл-Бутидің мына сөзі есіме түсіп отыр: «Егер адамдарды құрылыс-сәулет саласында сәулетшінің сөзін тыңдамауға, оның кеңесін алмауға шақырсақ; денсаулық саласындағы мәселелермен оларды шешуде дәрігерлермен кеңеспеуге, сөздерін тыңдамауға шақырсақ; өнеркәсіп саласында осы саланың мамандарының тәжірибесінен, кеңесінен, мағлұматтарынан пайдаланбауға шақырсақ не болар еді? Сондай-ақ барлық саладағы мамандарға бағынбауға шақырып, оның орнына осы саланың барлығында әркім өз бетінше ізденіп, осы ізденісінің нәтижесінде жеткен жеке шешіміне сүйенуге шақырсақ және адамдардың осы ісін мақұлдап, олар осыны іске асырса не болар еді? Онда күмәнсіз бұл істің ақыры – өркениет пен тіршілікті құлдыратып, жоюға алып баратын бассыздық қана. Нәтижесінде адамдар «көркейтеміз» деп ғимараттардың қирауына, «айықтырамыз» деп науқастардың бақилыққа аттануына, «кәсіп етеміз» деп кедейлік пен жоқшылыққа жол ашады. Себебі, олар ізденісті орынсыз жерде, шарттарын ескермей іске асырды. Қоғамдағы әрбір топтағы адамдардың арасын байланыстырып тұратын бірін-бірі қолдау, жәрдемдесу, білім алу, басшыға бағыну сияқты Алла Тағаланың жалпы жаратылысқа қойған заңдылығын есепке алмады. Бұл заңдылық жас балаға дейінгі барлық адам, тіпті мәзһабсыздықты уағыздаушылар да білетін ақиқат нәрсе. Бірақ діни біліктілік пен халал – харам үкімдері саласында да дәл осы заңдылық болатындығын бұл адамдар неге түсінбейді екен» – дейді. Демек, пайғамбар сүннетіне сай мәзһаб жолын ұстану туралықтың, парасаттылықтың, білімділіктің белгісі дей аламыз.
– Шынын айту керек, бүгінгі жастардың негізгі ұстазы ғаламтор болды. Сондықтан, әлеуметтік желілер олардың өзге ағымдардың жетегіне тез еріп кетуіне ықпал етуде. Осы ретте жастар діни білімнің қайнар көзін қайдан алған жөн?
– Білім алу құралдары дамыған қазіргі заманда үйден шықпай-ақ көп нәрсе білуге болады. Бір адам шалғай ауылда отырып, қай жерде не болып жатқаны туралы толық мәліметті ғаламтор арқылы біле алады. Соңғы кезде кейбір азаматтарымыз «скайп» жүйесі немесе басқада әлеуметтік желілер арқылы діни уағыздарын алуда. Әлеуметтік желілерді орынды пайдалана білсек, ұтарымыз көп болар еді. Алайда оларды орынсыз пайдаланатындар қоғамымызға зиян әкелуі мүмкін. Соңғы жылдарда елімізде әлеуметтік желілер арқылы жиһадқа немесе экстремистік, лаңкестік әрекеттерге шақырған фактілер орын алды. Сондықтан мұны «сырттағы жалған уағыз насихат» деп білуіміз керек. Теріс пиғылдың алдын-алып, келеңсіздіктерге жол бермеу мақсатында жастардың хабары болсын деп айтып отырмын. Ақпараттық қауіпсіздік – қашан да ел қауіпсіздігінің кепілі болып келген.
Әлемдік тәжірибесі мол ғылыми орталарда ұстаз бен шәкірт арасында тығыз байланыстар орнаған, қағида-ережелері орныққан қашықтықтан (дистанционды) білім беру жүйесі ғаламтор арқылы жүзеге асып келеді. Бұндай жүйеге дін ғалымдары да қарсы емес. Ғаламтор арқылы білім алу ғасырлар бойы қалыптасқан исламдық білім беру жүйесінің орнын баса алмасада, ұстаз бен шәкірт арасындағы ақпараттық алмасуды жеңілдетері сөзсіз.
Адамның рухани шарықтауын көздеген ислами білім беру жүйесі әу-бастан ұстаз бен шәкірттің тығыз байланыста болғанын талап ететін. Білімі мен әдебі бірдей жетілген ғалымды дайындап шығаратын. Мұндай жүйеден қол үзіп қалған және тек ғаламтор арқылы білім алуға құштар жастарымыздың бойынан әдепсіздік, ұлттық мүддеге бей-жай қараушылық, салт-дәстүрін елемеушілік байқалады. Ғаламтор арқылы шетелдік ұстаздарынан білім алумен ғана шектелген жастарымыз ең әуелі еліміз үшін қауіп. Әрине, «шетелдік ұстаздарды мүлдем тындауға, еңбектерін оқуға болмайды» деп айтудан аулақпын. Өйткені, көптеген ғылыми сайттарда кәдемізге жарайтын, берері мол мәліметтер бар. Оған қоса еліміздегі дәстүрлі дін де осы ғаламтор арқылы, мәселен e-islam.kz, muftyat.kz және т.б сайттар арқылы насихатталуда. Ғаламтор арқылы білім алғанда ең басты мәселені ескергеніміз жөн. Ұстаз бен шәкірт бір-бірінің кім екендігін білуі керек. Дәріс беруші ұстаз кімге дәріс беріп отырғанынан, олардың ғылыми деңгейін, ой-өрісін, дайындығын, бағытын, алған дәрісті қаншалықты түсініп, меңгергенін білуі қаншалықты маңызды болса, шәкірттері де ұстазының кім, қайда екендігін білуі шарт. Олай болмаған жағдайда негізсіз, орынсыз білімнің жолы ашылып, ел ішіндегі діни тұрақтылыққа кері тигізері бек мүмкін.
– Жалпы, дін жолына енді түсіп келе жатқан жастар нені ескеру керек деп ойлайсыз?
– Егер дін жолын ұстанған жастарымыз өзгеге үлгі боламын десе, алдымен өзі әдепті, мәдениетті, ішкі-сыртқы өзгерістерге дайын, парасатты болуы қажет. Қоғамдағы келеңсіз нәрселердің алдын алып, жақсы амалдарды көбейтуге, адамдарды күнә істерден аулақ болуға, керісінше, сауапты істерді көбірек жасауға, жақсы азамат болуға, мұсылмандыққа сай іс-әрекет етуге ұмтылса екен дер едім. Дәл осылай жүріп тұратын болса, діндар жастарымыз қадірін жоғалтпас. Жастарымыздың жас кезінен бастап қадірлі болуын, өмірінің соңынан дейін бақытты болуын тілеймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ