Жауап: 1-сұрағыңызға жауап берер болсақ, ханафи мәзһабының ғалымдарының көзқарасы бойынша егер түсік тасталған баланың дене бітімі жетілген болса, түсік тастаған әйелден келген қан нифас қаны болып саналады. Баланың дене бітімінің жетілуі дегеніміз ол түсіктің шашы, тырнағы, қолы, аяғы, саусағы белгілі болумен анықталады. Ал егер баланың дене бітімі анық болмай, тіпті бала бейнесінде жетілмеген болса, онда анасынан аққан қан нифас қаны емес, ол хайыз қаны болып саналады. Екінші жағдайда қан он күннен артық ақса, он күн болғаннан кейін ғұсыл алып, намаз бастау қажет болады.
Ал енді екінші сұрағыңызға келер болсақ, ислам діні – жеңілдік діні. Ислам дінінің қағидалары адамдарға қиындату үшін емес, қайта жеңілдету үшін белгіленген. Сол секілді, егер ғұсыл алу барысында кісі бір жерін жууды ұмытып кетсе, кейін есіне түскенде, сол жерін ғана жуса жеткілікті. Бірақ, сол аралықта оқыған намаздарын қайта өтеуі керек. Себебі ғұсыл толық болмағандықтан, сол күйде оқыған намаздарын қайта өтеуі қажет.