Жауап: Армысыз, Ақнұр!
Осы сауал маған «Kaz_islam» сайтындағы сарапшылық блогым арқылы бірнеше рет қойылған болатын, бұл аталмыш тақырыпқа деген сұраныстың едәуір екенін аңғартса керек.
«Қожа Ахмет Ясауидің ақындық əлемі» атты монографиям 2007 жылы Алматыда «КИЕ» лингвоелтану-инновациялық орталығынан жарық көрген болатын. Қай мекемелерге таралғаны жөнінде мағлұматым жоқ. Одан кейін қайта бастыру мәселесін қолға алуға уақыт мүмкіндігім болмады.
Аталған кітаптың негізгі тараулары 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің тапсырысымен жарық көрген «Ғасырлар шыңынан шашылған нұр» атты ұжымдық ғылыми басылымға (Алматы, «Қазэтнодизайн») енгізілді. Бірақ бұл кітаптың да кейінгі таралымы, көбейтілуі жөнінен хабарсызбын.
Өкінішке орай, астаналық жұмыс қарқыны өз шығармашылығымыздың жай-күйін ойлауға мүмкіндік бермейді, сондықтан көптеген еңбектерім әлі жарық көрмей, бұрын жарияланғаны қайта басылмай қалып қоюда.
Соңғы жылдары «Дін. Дәуір. Дәстүр» атты кітабым республика көлемінде көбірек таралды. Ал қазір қолымда тек «Дін, әйел және руханият» және «Хикмет-ғұмыр» атты кітаптарым ғана бар.
Сұраныстың артуына сәйкес «Қожа Ахмет Ясауидің ақындық əлемі» монографиясының электрондық нұсқасын таяу мерзімде «Kaz_islam» сайтының кітапханасына орналастыруға жолдамақпын. Кітап мазмұнымен сол жерден танысуыңызға болады.
Бір атап өтерлік жайт – 2016 жылдың ЮНЕСКО көлемінде Ясауи жылы ретінде аталып өтуіне орай «Қожа Ахмет Ясауидің ақындық əлемі» атты монографиямның негізгі желісі жеке мақалалар түрінде «Kaz_islam» сайтында кезең-кезеңімен жарияланды. Мақалалар сайт мұрағатында сақтаулы.
Шығармашылығыма қызығушылық танытқаныңызға алғысымды білдіремін.