Ауылда қариялардың ақырын өзара айтып отырған әңгімелерінен «пәленше молда сиқырды жазыпты», «түгенше молда суды теріс ағызды» деген сөзді еміс есітіп қалатын едік. Немесе ауыл арасында «пәленше молдаға бар, сиқырды сол жазады» деп айтатын. Әйтеуір содан сиқырдың жақсы емес нәрсе екенін ұғындық. Сиқырды кез-келген адам жасамайтынын және ол дертті арнайы оқыған, діни сауаты терең, күшті молдалар ғана жаза алатынын естіп өстік.

Адам табиғатынан ғайып, құпия, сыр немесе бүркеніш, жасырын дүниелерді білгісі келіп құмартып тұрады. «Сиқыр» да осындай құпиясы толық ашылмаған дүниелердің санатында. Сондықтан да бұл мақалада сиқырдың сырына, оның мағынасына тоқталуды жөн көрдік. Сонымен, қазақ тіліндегі сиқыр сөзінің түбірі араб тіліндегі «сихр» сөзінен шығады. Сиқырдың жалпы мағынасы – белгілі бір нәрсені өз ақиқатынан құбылтып, басқаша етіп көрсету. Мәселен, адамға дұрыс нәрсені бұрыс, теріс етіп көрсету немесе керісінше, жаман нәрсені жақсы етіп көрсету. Сиқыр бүркеме және алдау жолдарымен іске асады.

«(Мұса): Сендер қойыңдар» деді. Олар (өнерлерін) қойған сәтте, адамдардың көздерін сиқырлап, оларды қорқытты. Сондай-ақ үлкен бір сиқыр келтірді» («Ағраф» сүресі, 163-аят).

Сиқыр жасаушы ер адамды «сахир» (сиқыршы), әйел кісіні «сахира» (сиқыршы әйел) деп атайды. Бұл, сиқыр жасаушы деген сөз. Сиқыр сөзінің шығу тегіне қатысты көрнекті араб тілінің мамандары түрлі анықтама берген. Мысалы,  Лейс есімді ғалым мен оны қолдаушылар: «Сиқыр – шайтанға жақындатып, оған демеу болатын амал», – деп айтқан.

Ибн Манзұр болса: «Сиқыр – затты өзінің болмысынан өзгертіп көрсету», – деп түйіндеме жасайды.

Расында да сиқырдың «сиқыр» деп аталуы – сау-саламат кісіні ауру тіпті, жынды етіп қоюында. Сиқыр жасалған адам бір жағдайдан екінші хәлге ауысады. Бұл туралы Ибн Айшаның:

– Дені сау адам сиқыр жасалуы арқылы дертке шалдыққан. Сондықтан ертеде арабтар  мұны «сиқыр» деп атаған – дейді. 

Ал енді сиқырдың шариғаттағы мағынасын ғұламалар: «Сиқыр дегеніміз – бір нәрсені түю, бір нәрсеге дем салу, бірнеше сөздерді жазып ауызбен күбірлеп айту». Бұған қасиетті Құранда айқын дәлел бар:

«Түйіншектерге дем салушылардың кесірінен. Күншілдердің кесірінен, ол күндеген сәтте (сиынамын) де» («Фарақ» сүресі, 4-5 аяттар).

Сиқырды әдетте іші тар, пейілі жаман пасық адамдар жасайды Фаһруддин әр-Рази: «Сиқыр сөзі шариғатта себебі белгісіз, болмысы  өзгертілген, айла мен қулықтан құралған амал» – деп сиқырдың мағынасын тарқатады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Жақсылық жасау – жүректің ісі

Сиқыр ерте заманнан бар. Сондықтан оны Құран бізге сонау перғауындар кезіндегі Мұса пайғамбарға қатысты қиссаларда баяндайды:

«Ал сиқыршылар келген кезде, Мұса: «не қоймақшы болсаңдар, қойыңдар» – деді. Олар қойғанда, Мұса: «Бұл келтіргендерің сиқыр, күдіксіз Алла оны бұзады. Расында Алла бұзақылардың ісін жөндемейді» деді» («Жүніс» сүресі, 81-аят).

«Оң қолыңдағы (таяқты) таста! Олардың жасағандары, сиқыршының ғана айласы. Сиқыршы қайда барса да құтылмайды» дедік» («Тоһа» сүресі, 69-аят).

 Ибн Қуддама (Алла оны рахым етсін) сиқыр туралы: «Сиқыр – сиқыр жасалған адамның денесіне немесе жүрегіне яки болмаса ақылына жасырын түрде теріс әсерін тигізетін түйін жасау, дем салу және арнайы айтылатын сөздерді сөйлеу, жазу немесе арнайы амалдарды жасау.

Сиқыр расында бар. Олар әртүрлі: адамды өлтіреді, сырқаттандырады, ерлі зайыптыларды бір-бірінен айырады немесе екі адамды бір-біріне жек көрінішті етеді, яки екі адамның арасын жақындатады», – деп айтқан.

Ибн Аббастан (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с):

«Кім жұлдызға қарап болжаудың кішкене бір бөлігін алса, онда сиқырдың бір бөлігін алғанмен тең», – деп айтқан хабары жеткізіледі (Әбу Дәуд).

Жоғарыда айтқанымыздай сиқыр, бүркеме және алдау жолдарымен жасалғандықтан сиқыр қылынған адамға жасамаған амалдарын, жасаған сияқты көрсетеді.

Бұл мәселеге қатыстысы Ибн әл-Қоййм: «Сиқыр жасалған адамды сиқырдан арылтудың екі жолы бар: біріншісі, сиқырға қарсы сиқыр жасау. Бірақ, бұл шайтанның амалынан саналады. Екінші жолы – Аллаға мінәжат ету және Құран аяттарымен емделу. Шариғатта бұл рұқсат саналады», – деген.

Сиқыр жасауды дін ислам құптамайды, оған тиым салынған. Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің (с.ғ.с):

«Кім түйін жасап, кейін оған дем салса (үрлесе), онда сиқыр жасағаны. Ал кім сиқыр қылса, онда Аллаға серік қосқаны. Кім не нәрсеге жақын болса, соған арқа сүйейді (сенеді)», – деп айтқан риуаяты келтіріледі (Нисай). Өйткені сиқыр адамға, оның отбасына береке әкелмейді, керісінше бақытсыздыққа душар етеді. Сиқыр жасау, сиқырға жақын болу, онымен әуес болу мұсылман затына жараспайды.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу