– Ең алдымен білгіміз келетіні – те­гіңіз расымен Қазақстан ба?
–Иә. Әкемнің есімі – Қазақстан. Әкем­нің есімін атам қойған. Ол кісі Шыңғысхан секіл­ді мақсатына жетпей тынбайтын адам болсын деген оймен менің есімімді де өзі қойған. Есімім өзіме ұнайды, есте тез сақ­та­ла­ды. Еуропалықтарға біздің есімімізді атау қиын, сондықтан Шыңғысхан Қазақ­стан десе барлығы елең етіп, таңғалысын жа­сырмайды. Жалпы, аты-жөнім үлкен жауап­кершілік жүктейді. Сол себепті сол атқа лайық болу керек екенін жадымнан шы­ғармаймын.

– Жеке кәсіпті дәл Нидерландтан ашу­ға не түрткі болды?
– Негізі, бұл жобаны іске асыруда ата-анамның көрсеткен үлгі-өнегесінің рөлі орасан. Ата-анам Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы аймақта егін шаруашылығымен айналысады. Бос уақытымда әкеме кө­мек­тесіп, ол кісінің үлкен кәсіпті дөңгелетіп, табысқа кенеліп отырғанын көріп, алдағы уақытта әкемдей болуға ынталандым.

Негізі, ата-анам үнемі жұмыста болған­дық­тан, ата-әжемнің қолында өстім. Ата-әжем айт­қанымды орындап, ыңғайыма жы­ғы­лып, еркелетіп өсірсе де, тынбай еңбектеніп жүрген ата-анама әрдайым көмектескім ке­летін. Оған қоса кәсіпкерлік туралы жа­зыл­ған көптеген кітаптан атағы жер жар­ған кәсіпкерлердің жалғыз өзі жетістікке жет­кенін оқып, қызығушылығым одан сайын арта түсетін. Сол мақсатпен Нидер­ландтың шығыс бөлігінде орналасқан Ар­нем қаласындағы Қолданбалы ғылымдар университетінің (HAN) халықаралық бизнес факультетіне оқуға түстім.

Оқуда жүргенде Макс есімді британдық азаматпен кез­десіп, жақын араласып кеттік. Сөйтіп жүріп екеуіміз студенттік қауымдастық құр­дық, көптеген іс-шара өткізіп, қайырым­дылық кештерін ұйымдастырдық. Сосын оқумен ғана шектелмей, көп іс тындырғы­мыз келетінін түсініп, Bondi жобасын ой­лап таптық.

black and red kyobi arts cool presentation 53
Шыңғысхан серіктесі Макспен бірге

– Велосипед Нидерландтағы ең та­ны­мал транспорт түрі екені белгілі. Электро­ве­лосипедпен байланысты бұл жо­ба­ларыңыз жергілікті тұрғындардан қолдау таппай, сұра­ныс болмай қала­ды деген уайым болды ма бастапқыда?
– Нидерландта велосипед көп бол­ған­мен, адамдардың көбі көлікпен жүреді. Ал көліктің ауаны ластайтыны, адам өміріне қауіп төндіруі ықтимал екені айтпаса да тү­сінікті. Оның үстіне, ол біршама орын алады. Оған қоса Нидерландта көлік тұра­ғының қызметі қымбат әрі қала көшелері тар, сонымен қатар, көлік шығынын өтеу үшін қыруар қаржы жұмсалады. Осының барлығын ескеріп, жағдайды өзгерту үшін кә­сіп ашу керек екенін түсіндік. Сөйтіп, әр­түрлі факультетте оқитын, тегін жұмыс іс­теуге келіскен студенттердің басын бірік­тіріп команда құрдық. Өнімді құрастырып, сынақтан өткіздік.

Бірақ жобаның басталуы әлемді әбігерге салған пандемиямен тұспа-тұс келді, ақырында командамыз тарап, кең­седе серіктесім Макс екеуіміз ғана қа­лып, жұмыс істедік. Бұдан бірдеңе шы­ға­тынына кәміл сенген екеуіміз инвестор іздедік. Электровелосипедтің машақаты мен шығынды көп қажет ететін іс екені құпия емес. Біз жолыққан инвесторлардың басым көпшілігі мұның үлкен инвестиция талап ететінін айтып, күмәндана қарады. Дегенмен олардың арасында бізге үміт артқандар да аз болмады.

Сөйтіп, ықтимал инвесторлар тізімін құрастырып, арасынан бастамамызды қос қолдап қолдайтын, бізге көп еркіндік беретін, жұмысымызға кедергі кел­тірмейтін бір инвестормен ынтымақ­тас­тық орнаттық. Сосын жобамызды министр­лік арқылы тіркеуге қойып, лицензия алдық. Сөйттік те жаңа команда жасақтап, жұ­мысымызды бастап кеттік.

Жобаның іске қосылғанына аз уақыт болса да, Гаага қала­сында өткен, жағажайдағы волейболдан Жазғы олимпиада ойындарына іріктеу тур­нирінің ресми серіктесі атандық. Бір қарағанға барлығы мен сипаттағандай оңай болып көрінуі мүмкін, бірақ қыруар шаруа атқарылды. Велосипед шығаратын зауыттарды аралау, мобильді қосымша әзір­леу де оңай емес.

Негізгі кеңсеміз Ардем қа­ласында орналасқан, бірақ дәл қазір Гаагадағы кеңседе көп уақыт өткіземін. Ко­мандамызда бүгін жалпы саны он бір ма­ман бар, арамызда тек студенттер ғана емес, сондай-ақ білікті мамандар да қызмет етеді. Алдағы уақытта қатарымыз бірте-бірте толығып, көбейе түседі, себебі алдымен Нидерландтың көп қаласын қамтып, сосын Еуропа нарығына шығуды көздеп отырмыз.

Жалпы, бұл жобаның болашағы зор, себебі электровелосипедтің уақыт өте келе қолайлы қатынау құралына айналатынына көпшіліктің сенімі мол. Электровелосипедті қатынау құралы ретінде қолдансаңыз, жыл­дамдықты сағатына жиырма бес ша­қырым­ға дейін арттыруға болады. Мұны аулаңызға апарып жүрмей-ақ, кез келген көшеде мініп, кез келген жерге қойып кет­сеңіз болады. Ақысын мобильді қосымша арқылы төлейсіз.

Біз тек электровелосипед емес, сонымен қатар, шағын электрокөлік, электросамокат, электроскутер ұсынамыз. Осы ретте жобаны неліктен Bondi деп ата­ғанымызды айта кетсем, Бонди – Аустра­лия­дағы танымал жағажай атауы. Тұрғын­дар біздің көлікті қолданғанда өздерін жағажай маңындағы самал желді сезінсін деген мақсатпен осылай атауды жөн көрдік. Оның үстіне айналаның барлығы сұр түсті дүниеге толы болғандықтан, көңілі жабыр­қау­лы адамдарға жақсы көңіл күй сый­ласын деп электровелосипедті көк түске боядық.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Гауһар ОМАРХАНОВА: Парсы әлеміне қазақ руханиятын танытқым келеді
black and red kyobi arts cool presentation 55
Шыңғысхан командасымен бірге

– Сіз туралы әлеуметтік желіден ес­тіп-білген қолданушылардың біра­зының «Шенеуніктің баласы шығар, барлығы оңай болған болуы керек. Әйт­песе танысы жоқ адамға шетелде жал­ғыз өзі кәсіп ашу қайдан?» дегендей пікір жазғанын көзіміз шалды. Бірақ әлеуметтік желідегі бір жазбаңызды оқы­сақ, барлығы біз ойлағаннан да бас­қаша екен…
– Мен туралы жағымды пікірлер көптеп жазылғанымен, ара-тұра осылай «түртіп» ке­тетіндер де бар. Оларға оңай болып кө­рінуі мүмкін, бірақ көпшілік шын мәнінде қалай болғанын білмейді. Ата-анам бастап­қыда оқудың ақшасын төлеп бергені рас, бірақ қалғанын өзім төледім. Оқу ақысын төлеу үшін көзге көрінген мүмкіндіктің барлығын пайдаланып, жұмыс істедім. Оқудан қол босаған уақытта көптеген фер­мада жұмыс істедім. Таң атпастан вело­сипедпен шығып, қала сыртында орна­ласқан фермаларға барып, құлпынай теріп, қияр, қызанақ жинадым. Тіпті, сүт ферма­сында сиыр сауып, тезек тердім.

Сосын күндіз сабағыма барып, кешке тағы сол велосипедпен қала маңында орналасқан мейрамханадағы жұмысыма барамын. Түннің бір уағында тас қараңғы, қуыс-қуыс кө­шелермен жүріп, қалаға кері қайтатын­мын. Ешқандай жұмыстан қашпаймын. Ке­рісінше мұндай жұмыстар маған көп нәрсе үйретті. Қазір де клиенттер қол­дан­ған велосипед батпаққа тұрып қалса, өзіміз барып алып шығамыз. Кез келген жұмысты істей береміз.

Бұл – жоғарыда айтып өткендей, ата-анамның көрсеткен тәлімі. Сөздің шыны керек, еш дамыл таппай, тыраштанып еңбек етіп жүрген ата-анам демалсын, бұлай жұмыс істеуін доғарсын деген мақсатпен кәсіпкерлікпен айналысып жүрмін, бірақ бір орында отыра алмайтын ата-анам үйде құрдан-құр отыруға келіспес, сірә.

black and red kyobi arts cool presentation 56
– «Мен – түптің түбінде Отанға мін­дет­ті түрде оралып, елге пайда тигізуді мақ­сат тұтатын азаматпын» деп жауап қал­дырыпсыз тағы сол әлеуметтік же­лідегі жазбалардың біріне. Қа­зақ­станмен байланысты қандай жоспар­ларыңыз бар?
– Алдағы уақытта Қазақстанмен бай­ла­нысты жобалар міндетті түрде жүргізілетін бо­лады. Ең алдымен осы кәсіпті дамытып, осы саланың білгірі болып алайын. Сосын елге оралып, ойыма түртіп жүрген идея­лар­ды іске асырғым келеді. Қазақстанда көлік құра­лынан басқа кәсіп көзін ашу ойымда бар. Сондай-ақ, стартап жобаларды жүргізу­ді неден бастарын білмей жүрген жастарға көмектескім келеді.

Қызық естілуі мүмкін, бірақ шетелде қазақ болу маған қатты кө­мектесті. Мұнда мені түрлі іс-шараларға жиі ша­қырады, пікір-ұсыныстарын ортаға са­латын кілең голландиялықтар мен еу­ро­па­лық­тардың арасында жалғыз азиатпын. Оған ерекше естілетін аты-жө­нім­ді қо­сыңыз. Қай жиынға барсам да, көптің іші­нен ерекшеленіп тұрамын. Тиісінше, көбісі қызығушылық танытып, сұрақтың астына алады. Ара-тұра нәсілдік дискриминацияға тап болатын кездер де болады, бірақ ондай жайттарға аса мән бермеуге тырысамын.

black and red kyobi arts cool presentation 58
– Сан алуан стартап жобаларды ары қа­рай дамыта алмай жүрген отандас­тарыңызға қандай ақыл айтар едіңіз?
– Кейінгі кезде елден менен ақыл-кеңес сұрайтындар көбейіп кетті. Күні кеше ғана он алты жастағы бір бала шетелде кәсіп ашу­дың жолдарын сұрап жазады. Көбісіне шетелде кәсіпті қалай ашқаным қызық. Мүм­кіндігінше барлығына жауап беруге ты­рысып жатырмын.

Шыны керек, отан­дастарым мұндай реакция танытады деп күт­педім. Әлеуметтік желідегі жағымды пі­кір­лер мен жеке өзіме жазған хаттарды оқи отырып, жанды жадыратар жылы­лық­ты сезіндім. Бірақ көпшілік ойлағандай шетелде кәсіп аштым деп атойлап тойлап жатқан мен жоқ, өйткені бұл жоба – тек бастамасы ғана. Әлі үйренеріміз көп.

YouTube платформасындағы жеке парақшамда шетелдік кәсіпкерлермен сұхбаттасамын. Жаңашыл бастама көтеріп жүрген олар же­тістікке жетудегі құпиясын айтып, ешкімге айтпаған сырларын бөліседі. Мұндай әңгімелесулер қиялыма қанат бітіреді.

Ал стартап жобаларын сәтті жүргізе алмай, сергелдеңге түсіп жүргендерге айтарым – ісіңіз қазір өрге баспай тұрса да, түбі жақсы жаққа өзгеретініне сеніңіздер. «Мұнымнан ештеңе шықпайды» деп қолды бір сілтемей, шиеленіскен түйінді шешкен дұрыс. Әрекет етіңіздер. Көпшіліктің іскерлік ортаға еніп кетуіне кедергі келтіретін «Қой, ұят болады» деген түсінікті тастап, қысылмай, қым­тырыл­май, өз жобаларыңыздың тиімділігін дәлелдеңіздер.

Сосын тағы бір айтарым, тіл білмеймін деп бас қатырмаңыздар, сондай-ақ адамдарды жақыннан тани біліңіздер. Мысалы, мен голланд тілін жетік білмесем де Нидерландта кәсіп жүргізіп отырмын. Инвесторлар сізді шыққан жеріңізге емес, қарым-қабілетіңізге қарап бағалайды.

Жо­ғарыда айтып өткенімдей, сенім артқан адам­дар бір-ақ күнде қатардан шығып, серіктесім екеуіміз жалғыз қалдық. Кәсіп жүр­гізуде еш тәжірибеміз болмағандықтан біз де басында сіздер секілді басымызды тау мен тасқа соғып, көп қателік жібердік. Әдеп­­кіде бұл істі ары қарай іліп әкете­ті­ні­мізге сенбегендер қазір бізге қолдау көр­се­тіп жүр. Сондықтан, сіздің де айыңыз оңы­нан туып, алдыңыздан барлық есік айқара ашылатынына сенімдімін.

Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Пікір жазу