Шынтуайтында, Шыңғысханның Батысқа жасаған жорықтарынан бұрын Найман тайпасының билеушісі Күшліктің Шыңғысханнан жеңіліп, Жетісу жеріне үдере көшіп келуімен Орталық Азиядағы саяси һәм діни ахуал күрделене түскен болатын. Шыңғысхан әскері 1208 жылы Ертіс өзенің бойында Меркіт Тоқтабек пен Найман билеушісі Таян ханның баласы Күшліктің біріккен қосынын талқандап, Тоқтабек қаза тауып, Күшлік хан әуелі Бесбалық, сосын Құлжаға беттеп, Қидан патшасынан саяси баспана сұрады. Ал, Қидан билеушісі Жилугу горхан жер-жерден шыққан бүліктерді басу үшін қашып келген наймандардың күшін пайдаланғысы келді. Осыны көздеген Жилугу горхан Күшлікке қызын беріп, оны қару-жарақпен, қаражатпен қамтамасыз етеді. Күшлік болса, Шыңғысханнан қашып Бесбалық, Еміл, Қойлық өңіріне қоныс аударған Найман, Керей, Меркіттерден әскер, ат-көлік жинап күшейе түседі.
Күшлік хан Қидан патшалығының ішінде туындаған 1212 жылғы бұлғақты ұтымды пайдаланып, қарлұқтардың билеушісі Махмұд ханмен бірігіп Жилугу горханды биліктен тайдырады. Қайын атасы мен енесін ордада сый-құрметке бөлеп, негізгі билікті өз қолына алады. Көп ұзамай екі жылдан кейін Жилугу патша қайтыс болып, Күшлік хан Қидан патшалығының жеке-дара билеушісіне айналады. Толық билікке қол жеткізген Күшлік қарлұқтарды, қаңлылар мен ұйғырларды бағындыруға ниеттеніп, оларға қарсы ойран сала шабуылдады. Қаңлы ұлысының орталығы болып келген Алмалық қаласына шабуыл жасап, оның билеушісі Озарды өлтірді. Қашқар мен Қотанға бірнеше дүркін жорық жасап, оларды бағындырды.
Тегінде, наймандар несториан дініне сенетін ел еді. Күшлік хан Жилугудің қызы Хұнхуға үйленгеннен кейін несториан дінінен шығып, бұдда дініне кіреді. Күшлік хан өзі үстемдік еткен жерде мейлінше сорақы діни саясат жүргізіп, халықтың қарсылығына ұшырады. Қидан патшалығының негізгі дені Ислам дініне сенушілер болатын. Ал, Күшлік хан мұсылмандарды «не бұдда, не несториан дініне сенулерің керек» деп мәжбүрлей бастады. Оған мұсылмандар қарсылық көрсетеді.
Даңқты жылнамашы Рашид ад-дин өз еңбегінде осы жағдайдың растығын дәлелдейтін мына бір оқиғаны тілге тиек етеді: Күшлік хан Қотан қаласында барлық діни оқымыстыларды жинап, діни пікірсайыс өткізеді. Пікірталас барысында Күшлік хан сөзден жеңіледі. Бұған қатты шамданған Күшлік хан мұсылмандардың имамы Ала ад-динді өлтіріп, оның басын медресе қақпасына іліп қояды.
Қидан патшалығындағы діни ахуал қатты ушығып тұрғанда, осы жағдайды өз пайдасына жаратуды ойлаған Шыңғысхан 1218 жылы Жебе ноянды қолбасшы етіп әскерін Күшлік ханды талқандауға аттандырады. Жетісу жеріне аяқ басқан Жебе ноян бейбіт тұрғындардың бас-амандығына кепіл болатанын, сондай-ақ, мұсылмандарға діни-сенім бостандығын қайтарып беретіндігін жария етеді. Діни теңдікті паш еткен Жебе ноян халықтың негізгі бөлігін өз жағына шығарып, Күшлік ханның әскерін тас-талқан етеді. Қашып құтылмақ болған Күшлік ханды Бадахшанның Гиндукуш тауында қуып жетіп, басын алады.
Нағында, Күшлік хан Жетісу мен Қашқар мұсылмандарының діни бостандығына шек қойғанда, қарлұқтардың Арслан ханы, Іле өзенінің аңғарындағы Алмалықтың билеушісі Озар (Бұзар), ұйғыр идиқұты Баршық арт-тегін наймандардың зорлық-зомбылығына қарсы Шыңғысханнан көмек сұраған. Тарихи оқулықтарда осы жағдайдан кейін Шыңғысхан Жебе ноянды горханға қарсы аттандырды деген көзқарас айтылады.
Шығыстанушы В.Бартольд те өз зерттеуінде осы көзқарасты нығаята түсетін мына бір деректі алға тартады: Құлжа өлкесінде Күшлік ханның озбырлығын мойындағысы келмеген Бұзар атты билеуші болады. Ол Күшлік ханның діни саясатына қарсы мұсылмандардың басын қосып, Алмалықта дербес мұсылман иелігін құрады. Ол өзін Тоғұрыл хан деп жариялап, Күшлікке қарсы тұруы үшін Шыңғысханға елшілер аттандырып, оған бағынатынын жеткізеді.
Күшлік хан Ислам дінін ұстанушы қауымға шектен тыс тізесін батырғаннан кейін Бұзар ханның мұсылмандардың тәуелсіз иелігін құрып, оған қарсы бас көтеруі, әсілі аса таңқалатын жайт емес. Дегенмен, белгілі ғалым Құлмат Омірәлиевтің Темучинді қаған сайлаған ұлы құрылтайға Тоғұрыл хан Майқы би бастаған түркінің он биін аттандырды деген дерегі, Шыңғысханның мұсылмандық һәм түркілік мүдденің жауы емес, керісінше, Жетісу халқын Күшлік ханның қатаң езгісінен құтқарушы болғанын әйгілейді. Әйткенмен, Жебе ноянның Жетісу жеріне аяқ басқанда, мұсылмандарға діни-сенім бостандығын қайтарып беретінін жариялауы, Шыңғысханның Орталық Азиядағы алғашқы жортуылы Хақ дін – Исламды тұқырту емес, Күшлік ханнан кек алумен бірге теперіш көріп отырған мұсылмандық мүддені арашалау мақсатында жүзеге асқанын аңғартады.
Мұхан ИСАХАН,
Дін мәселелері жөніндегі
ғылыми-зерттеу және талдау орталығы
Исламды зерттеу бөлімінің басшысы