Шыңғысханның Орталық Азия мен Дешті-Қыпшаққа жорық жасауына геосаяси жағдай әсер етті. Ал, Шыңғысхан ұрпақтарының Кавказ, Еділ Бұлғарлары, Батыс Сібір, Орыс кньяздықтары және Шығыс Еуропаны жаулап алуының түп-мақсаты турасында зерттеушілер кесіп-пішіп, нақты бір тоқтамға келген емес. Алтын Орда тарихының білгірі Сафаргалиев қана көшпелі өндірістің аясын ұлғайту үшін Бату хан Шығыс Еуропаны жаулап алған деп батыл пікір білдірді. Тарихи үдерістердің түп-негізін материялдық құндылықтардан іздейтін маркстік-лениндік методологияға салсақ, тарихшы Сафаргалиевтің тұжырымымен әбден келісуге болады. Бірақ, біздіңше түркілердің Батысқа жойқын жорық жасауының себебі мүлде басқада секілді.
Біздің арғы бабамыз Оғыз қаған адамзат баласын ханиф (монетеизм) сеніміне мойынсұндыру үшін (кейбір зерттеушілер Оғыз қағанды Мөде тәңірқұты деп болжайды) Шығыстағы Тынық мұхиттан Каспий теңізіне дейінгі аралықтағы 36 мемлекетті жаулап алған. Біздің бұл пікірімізді Әбілғазы өзінің «Түрік шежіресінде» Оғыз қағанның бір тәңірге сенуді дәріптеп, Моңғол, Татар, Шүршіт, Қытай, Тұран, Үндістан, Иран, Шам, Мысырға жорық жасап, жаулап алғандығын жеткізеді. Мөде тәңірқұтыдан кейін V ғасырдың басында хұн қағанатының билеушісі Еділ (Атилла) патша ұзақ жылдар бойы кәрі құрлықты билеп-төстеген Рим империясын талқандап, Еуропаны бауырына басты. Сонымен бірге, VI ғасырдың екінші жартысында Түрік қағандары Мұхан қаған мен Естеми қағандар Батысқа жорық жасап Дунайға дейінгі аралықтағы кең байтақ атырапты жаулап алды. Алайда, Еділ патша және Мұхан мен Естеми қағандардың Батысқа жасаған жорығының діни (тәңіршілдік) сипаты болды деп нақты айта алмаймыз. Дегенмен, Оғыз қаған салған сара жол кейінгі түркілердің пассионерлік парадигмасы болып қалыптасты. Шыңғысхан және оның ұрпақтарының да Батысқа жасаған жорықтарының мәйегі қасиетті күрестен (діни) тұрмағанмен, жорық жоралғысы ретінде Мөде тәңірқұтыдан қалған узурпациялық үрдісті қайталады. Яғни, түркілердің пассионерлік ұлтқа айналу үрдісін қайта жаңғыртты. Әрине, біздің бұл пікіріміз ғылыми кесімді тұжырым емес. Әзірге бұл ой-пікірді болжам ретінде ғана айтамыз.