Нұр-Сұлтан. 22 сәуір. KAZISLAM – Шри-Ланкадағы қонақүйлер мен шіркеулерде қаза тапқандар саны 160 адамға жетті, 360-тан астамы зардап шеккен, – деп хабарлайды РИА Новостиге сілтеме жасаған Sputnik.

Жергілікті Ada Derana басылымы жазғандай, католиктік Пасха мейрамын тойлау кезінде барлығы алты рет жарылыс болған: Коломбодағы Shangri-La, Cinnamon Grand және Kingsbury  бес жұлдызды қонақүйлерінде және Котахена, Негомбо мен Баттикалоа қалаларындағы үш шіркеуде.

«Құрбандар көп, олардың арасында шетелдіктер де бар», – деп мәлімдеді экономикалық реформалар мен мемлекеттік бөліс министрі Харша де Силва.

Оқиға орнында полиция жұмыс істеп жатыр, жарылыс болған шіркеулер мен қонақүйлердің аумағы қоршалған. Коломбо халықаралық әуежайында қауіпсіздік шаралары күшейтілген.