Шежіре – біздің ұлттық тарихтануымыздың, көшпенділердің тарихи танымының төлтума ерекшеліктерінің бірі. Қазақ дереккөздерінің үлкен бөлігін шежірелер құрайды. Оларды генеологиялық және рухани шежірелер деп бөлуге болады. Ұлт шежіресі, ру шежіресі, тарихи тұлғалар шежіресі генеологиялық сипатқа көбірек ие. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба орталығында сақталған тарихи шежірелердің өзі 6000 бетке жуық мол материалды құрайды. Бұл бағытта мәтінтанулық тұрғыдан аталған институт «Бабалар сөзі» сериясы аясында бірнеше томдық шежірелік дастандар жариялады, ал деректанулық тұрғыдан Алаштану институты шығарған шежірелердің маңызын ерекше атап өтуге болады.
Рухани шежірелер – силсилалар негізінен рухани ілімді жеткізуші тұлғалар тізбегінен, яғни дін дүниесіндегі ұстаздар мен шәкірттер тізімінен, олардың дін жолындағы қайраткерлігі жөніндегі аңыз-әңгімелерден тұрады. Рухани шежірелердің генеологиялық және тарихи шежірелермен астасып кететін тұстары да бар. Мысалы, Қожа Ахмет Яссауидың ата-тегі таратылып айтылатын генеологиялық шежіре – «Насабнамада» оның ілім алған ұстаздары мен шәкірттерінің рухани шежіресі де, сол дәуірдің тарихи тұлғаларын атап көрсеткен, орын алған оқиғаларды жүйелі түрде сипаттаған тарихи шежіреге тән ерекшеліктер де, ауыз әдебиеті дәстүрімен аңыздау сарыны да бар. «Садр ад-дин шайх рисаласы», «Тәзкире-и Бұғрахан», «Манақиб-и Қожа Ахмет Яссауи» секілді рухани шежірелерден де сол дәуір тарихына, танымына, дәстүріне қатысты мол мәліметтер алуға болады.
«Шежіре тарихи дерек көзі бола ала ма?» деген сауалға келгенде, мынаны ескеру керек. Біздің тарихымыздың ортағасырлық мәліметтері толығымен дерлік шежірелік сипатқа ие. Солардың негізінде тарих жазылуда. Ал ғасырлар бойы ауызша да, жазбаша да таралып келген рухани шежірелерде субъективтілік пен көп нұсқалылық басым екені де анық. Бұл оларға сынмен қарауға негіз болғанымен, сыртқа тебуге негіз бола алмайды. Оларды бізге белгілі тарихи шындықпен салыстыра талдай отырып, ұрпақтың игілігіне жарату қажет. Қазба қалдықтарын жаңғыртып, материалдық тарихымызды құрайтынымыз секілді, рухани шежірелерді саралап, рухани тарихымызды құрауға тиіспіз.
Аңыздар мен шежірелер – ұрпақтар сабақтастығының баяны, өшпейтін рухтың кепілі, көшпенділер өркениетіне тән тарихнама әдісі. Далалық ауызша тарихнама туралы зерделі зерттеулер қалдырған этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбектің салааралық ізденістеріне тарихшылардың осы тұста жіті назар аударғаны жөн болар еді. Аңыздар тарихтың жаңғырығы ретінде сақталуға тиіс, себебі ол – көркем тарих, елдің көңілінде жатталып, көкейіне қонған тарих. Сондықтан да аңыздардың шындыққа қарағанда ғұмыры ұзақ. Жалқы жол тарихи мәлімет сақталмаған дәуірлерден бізге телегей-теңіз аңыздар жетті. Сол аңыздардың түбі ақиқат екенін кейін жат жұрттарда сақталған талай тарихи деректер дәлелдеді. «Жазылмаған тарихыңның жолдарын Ауызекі аңызыңнан іздедім» деп кешегі Мұқағали ақын бекер жырлаған жоқ. Қорыта айтқанда, тарихи-этнографиялық, филологиялық мәліметтерге өте бай, азаматтық тарих пен рухани тарих ажырағысыз бірлікте егіз өріліп, қатар көрініс тапқан рухани шежірелер қазақ тарихы мен мәдениеттануындағы лайықты орнын алуға тиіс.