Ілім алу, білімді болу, іздену адамдардың бұл өмірдегі басты міндеттерінің бірі әрі бірегейі. Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) алғашқы сөзі «Оқы» деп бастауы, біліммен шұғылданудың маңыздылығын білдірсе керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Ілім алу – бесіктен қабірге дейін әрбір мұсылманға парыз» деген. Адам қоғамдық өмірде мәдениет, өнер, кәсіп секілді салаларда ғылыми жетістіктің және сананың жетілуімен дамиды. Осы арқылы қоғамда, өздерінің тұлғалық қасиеттерін орнықтырады. Қоғамда ортақ сананың қалыптасуында діни және ұлттық рәсімдердің орны ерекше. Өйткені адамдарды бір жерде ұстайтын нәрсе – діни әрі ұлттық құндылықтар. Ұлттық құндылықтарға қанық болмаған немесе еліміздегі діни оқу орындарынан алғашқы тәлімін алмаған шәкірттердің, шетелде діни білім алуы қоғамдағы қақтығысқа себеп болу мүмкін. Өйткені, шетел ұстаздарынан қазақ дәстүріне байланысты сұрақтарға жауап алғаннан кейін, өзінің ұлттық рухы өшіп, салт-дәстүріне деген құрметі азаяды. Қазақтың салт-дәстүрін білмейтін бір араб ұстазынан «Жаңа түскен келіннің иіліп сәлем беруіне бола ма?», «Жылқы етін желінуі», «Некеге рұқсат етілген адамдар» және «Жаназа шығарылған үй» туралы қоғамдық пікірге қарсы діни пікірлердің пайда болуына негіз болады. Сол себептен де, Ислам елдеріне барып діни білім алу үшін алдымен еліміздегі медреселер мен жоғарғы діни оқу орындарынан тәлім алғаннан кейін барып жалғастырса, ешқандай әбестігі жоқ.
Елімізде соңғы он жылда дінге деген бетбұрыстың артуынан жоғарғы дәрежелі діни білімге деген сұраныс артып, қала имамдарынан (PhD) ғылыми дәрежесін талап етілуде. Осы тұста елімізде бұндай ғылыми дәреже алған адамдардың саны өте аз. Сол себептен де, магистратура және докторантура дәрежесін алу мақсатында Ислам елдерінің жоғарғы оқу орындарында діни білімдерін жетілдірсе Қазақстанда, әсіресе, қазақ қоғамының дін саласының дамуына орасан пайдасы болары сөзсіз.
Қорытындылай келе, елімізде діни білім алмастан шетелге кеткен азаматтар мен азаматшалардың басым көпшілігі, мемлекеттік емес радикалды ұстанымы бар діни оқу орындарында адасып, кетіп қалуы әбден мүмкін. Қазіргі таңда көптеген қазақстандық азаматтар, Ислам елдерінде худжрада (заңсыз Ислам оқулары) білім алып жатқаны жасырын емес. Бұл ортадан шыққан азаматтардың әсерінен қазақ қоғамында мәзһабсыз мұсылмандардың саны күрт өскені бұған дәлел болады. «Дінсіз ұлттың, білімсіз қоғамның болашағы бұлыңғыр» болады. Қандай жағдайда болмасын қоғам сұранысы барлығынан жоғары тұрады. Өйткені, адам өмірінде үзіліссіз жүретін бұл тәрбиелік үдеріспен халықтардың рухани-мәдени дамуы өз жалғасын табатын болады. Өркениеті дамыған зайырлы қоғамда білім алу, сауатсыздықты жою секілді мәселелер аса үлкен маңызға ие.
Исатай Бердалиев
Ислам Құқық ғылымдарының докторы