Бүгінгі таңда қоғамда бой көрсетіп жүрген дінді біржақты түсінетін азаматтар туралы айтқанда жұртшылық арасында ел азаматтарының шетелдерде еркін діни білім алуы діни радикализмнің туындауына себеп болып отырғаны туралы және осы мәселені ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан шешудің жөн екені туралы пікірлердің бар екенін білеміз.

Жалпы, осы тақырып таяудан бері «Казислам» порталында көтеріліп отырғандықтан осы мәселеге қатысты өз ойымды білдіре кеткім келіп отыр.

Жалпы, шетелдерде діни білім алудың жүйесіздігі дінді біржақты түсінетін радикализмнің туындауына себеп болып отыр деген қоғамдағы пікір негізсіз емес, өйткені діни экстремизм мәселесі әлемдік деңгейде бас ауыртар мәселеге айналып үлгерді.

Әрине, діни радикализм мен оның шым шеткері көрінісі болып саналатын экстремизмнің таралу қаупі, оның ішінде теріс идеялардың жастар арасында бой көрсетуі көпқатпарлы мәселе екені анық. Бұл, өз кезегінде, қазіргі таңдағы ақпараттық ағын жағдайында еліміздің тұрғындарының бойында діни ақпараттарды ой елегінен дұрыс өткізе білуді және теріс пиғылды идеологияларға қарсы тұра алатын иммунитет қалыптастыруды қажет етеді. Өйткені жат пиғылды ағымдардың ықпалына түсу себептері қатарында азаматтарымыздың дін саласындағы мәселелер бойынша сауатының төмендігі, тіпті көп жағдайда бейхабарлығы түрткі болып отырғаны жасырын емес.

Дінді теріс түсіндіретін және оған біржақты саяси, әлеуметтік сипат беретін ойлардың қоғамымызда біршама кең таралуы бұл мәселенің жаһандық деңгейдегі мүдделілік астарынан да, қарқынды қарым-қатынас пен интернеттің қолжетімділігі жағдайында жат пиғылды діни идеялардың еркін таралу мүмкіндігінен де хабар беретіні анық.

Еліміз соңғы онжылдықта діни радикализм себебінен орын алған оқиғалармен бірнеше рет бетпе-бет кездесті. Сәйкесінше, мемлекет тарапынан діни радикализмге, экстремизм мен  терроризмге қарсы күресуге ерекше көңіл бөлініп, бұл бағытта жүйелі жұмыстар қолға алынды.

Осы ретте барлық деңгейдегі мүдделі мемлекеттік органдардың, діни бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың күш-жігерін бір арнаға тоғыстыра отырып, іске асырылып отырған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның маңызы ерекше екені сөзсіз.

Тақырып желісіне оралар болсам, еліміз азаматтарының шетелдердегі діни оқу орындарында білім алуы заңнамалық реттеуді қажет дер едім. Өйткені шетелдердегі діни оқу орындарында білім алуға кеткен жастарымыздың теріс діни идеяларды жұқтыру мүмкіндігі тым жоғары екені жасырын емес.

Соңғы 4-5 жылдан бері бұл мәселені дін саласындағы уәкілетті орган мен ел мұсылмандарының ресми ұйымы болып табылатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып діни білім алу үшін ұсынылатын шетелдік теологиялық жоғары оқу орындарының тізімін қалыптастырып, бекітумен шешуге талпыныс жасап отыр. Бұл қисын бойынша шетелдерде діни білім алғысы келетін азаматтар ҚМДБ жолдамасы арқылы аталған оқу орындарында білім ала алады, ал жолдамасыз шетелдерде діни білім алатын азаматтар еліміздегі мешіттерде сұраныссыз қалатын болады.

Мұндай шараның жеткіліксіз екені көзге көрініп тұр десек те мұны «жоқтан бар» деп туындап отырған мәселені шешудің бір жолы деуге болады.

Әрине, еліміздегі исламдық білім беру жүйесі халықаралық озық тәжірибеге интеграциялануы және қажет мамандардың шетелдердегі танымал оқу орындарында білімдерін жетілдіруі тиіс екені күмән тудырмайды. Осы орайда шетелдерде діни білім алу мәселесін мақсатты сипатқа көшіре отырып шешуге болатын жолдарды да қарастырған абзал.

Соның бір жолы ретінде мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасының қисынымен шетелдерде білім алғысы келетін азаматтарға бастапқы діни білімді отандық дін  оқу орындарынан алуды, одан соң дипломы бойынша мешіттерде біршама уақыт жұмыс істеген не сабақ берген өтілінің болуын міндеттейтін талаптарды енгізуді қарастыруға болады деп пайымдаймын.

Жалпы, қазіргі күнде біздің елімізде діни білім алу үшін барлық жағдайлар бар екенін айта кету керек. Елімізде жоғары исламдық діни білім беретін «Нұр-Мүбарак» ислам мәдениеті университі жұмыс істеп отыр. Бұл оқу орнына жыл сайын мемлекет тарапынан исламтанушы мамандар даярлау үшін көптеген гранттар бөлініп келеді, университет базасы үнемі жетілдірілуде, оқу орнында отандық білікті мамандармен қатар ислам әлеміне танымал «Әл-Азхар» университетінің білікті оқытушылары ұстаздық етеді.

Осы орайда, біздің қоғамымызда ислам діні бойынша сапалы білімді тек шетелдерден алуға болады деген жаңсақ ой қалыптасқан. Мен мұны өткен шақтағы көрініс дер едім. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары шетелдердегі іргелі діни ордаларда білім алған білімді де білікті көптеген замандастарымыз бүгінгі таңда «Нұр-Мүбарак» университетінде ұстаздық етуде.

Осы орайда, шамамен екі-үш жыл бұрын Өзбекстанның діни мамандарын дайындайтын оқу орындары өкілдерінің біздің елімізге сапары барысында олардың «Нұр-Мүбарак» университетінің исламдық білім беруде көш ілгері озып кеткендігі туралы бағасы көп нәрсені аңғартады деп есептеймін.

Елімізде одан бөлек арнайы діни орта білім беретін онға жуық медреселер жұмыс істеп отыр. Бүгінгі күнде бірнеше медреселер медресе-колледж деңгейіне жеткізілді. Бұл орта діни оқу орындарының түлектері діни және зайырлы мамандықтар бойынша мемлекеттік мекемелерге жұмысқа орналаса алатындығы айтылып жүр.

Бұл ел азаматтарының сапалы діни білімді Қазақстанда алуына толық мүмкіндіктер бар екенін білдіреді. Сондықтан дін саласында қызмет атқарып отырған тиісті құрылымдар жастарымызға діни білімді елімізде  алуға кеңес бере отырып, осы мәселені заңнамалық реттеуді де қолға алғаны жөн болар еді деп санаймын.

Мейрам ИМАНБАЕВ,
сарапшы

Пікір жазу