Баспанасыздардың басын қатырған сауалдардың бірі – жалақымыз төмен болса, ипотекалық бағдарламалардан қалай өтеміз? Дегенмен «Отбасы банк» арқылы қаншама қазақстандық үйлі болып жатқандары белгілі. Бірақ оларды кімдер және қалай алып жатыр деген сауалдар туындайды.

Ұлттық сатистика агенттігінің мәліметі бойынша, елордада 2021 жылғы қаңтар-шілде айларында тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестициялар көлемі 290680,0 млн теңгені құрады, бұл 2020 жылғы қаңтар-шілдедегі көрсеткіштен 41,5%-ға жоғары. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлеміндегі тұрғын үй құрылысында игерілген қаражаттар үлесі 57,7%-ды құрады. 

Ипотекалық бағдарламаның талаптары бойынша тұрақты табысы бар, басында ешқандай баспанасы және ипотекалық несиелері жоқ азаматтардың ғана үй алуға мүмкіндігі бар.

«Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты әкімдік кезегінде тұрған азаматтар ғана ала алатынын хабарлайды.

Жылжымайтын мүлік бойынша сарапшы Тимур Сабыржанұлының айтуынша, соңғы алты ай ішіндегі отбасының әрбір мүшесіне келетін табыстың бір айлық көлемі 3,7 күнкөріс минимумынан (КМ, 2021 жылдың көрсеткіші – 34 302 теңге) артық болмауы керек. Яғни 2021 жылы отбасының бір мүшесінің табысы 126 917 теңгеден аспауы тиіс.

– Баспананы кез келген жаңа тұрғын үй кешенінен сатып алуға болады. «Шаңырақ» жобасының аясында салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс салушылардан да пәтер сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігі бар құрылыс компанияларынан үлестік қатысу арқылы (пайдалануға берілмеген үйлерден) тұрғын үй сатып ала аласыз, – дейді сарапшы.

Бағдарлама бойынша үйді қалай алуға болады?

  1. Әкімдікте кезекте тұру.

Тұрғын үйді өзіңіз кезекте тұрған аймақтан сатып ала аласыз. Жаңа пәтерді «Шаңырақ» бағдарламасының аясында салынған тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс салушылардан да сатып алуға болады.

  1. Бағдарламаға қатысу үшін электронды түрде өтінім беру.

Электронды түрде өтінім беру үшін hcsbk.kz сайтында «Тексеру және өтінім беру» түймесін басу қажет. Өтінім берілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде сізге банкте кездесуді тағайындау үшін Байланыс орталығының қызметкері қоңырау шалады. Банкте төлем қабілеттілігіңізді белгіленген уақытта ғана растай аласыз.

  1. Тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келісім-шарт бекіту.

Мұны Сізге Отбасы банкінің кез келген бөлімшесінде, несиелік өтінім беруге тағайындалған уақытта Банкке келу арқылы бекітуге болады. Келісімшартты бекіту үшін жеке куәлігіңіздің болғаны жеткілікті.

  1. Төлем қабілеттілігін бағалаудан өту.

Атыңызда несие бар болса, ол төлем қабілеттілігіңізге әсер етуі мүмкін.

  1. Тұрғын үй таңдау.

Бұл кезеңде Сізге тұрғын үй іздеп, таңдап, кез келген бағалау ұйымы арқылы таңдалған баспананы бағалап, сатушыдан тұрғын үйдің құқық белгілеуші құжаттарының көшірмелерін алу қажет.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  «Террорист болғым келеді»: компьютерлік ойындар балаларымызға қандай тәрбие беруде?

Осы бағдарлама арқылы Азамат (есімі өзгертілген) қалай үй алғаны жайлы баяндап берді.

– Мен «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы 1 бөлмелі үйді әрең дегенде алдым. Оған дейін басқа мемлекеттік бағдарлама арқылы өте алмай, бәленбай жыл пәтер жалдап тұрдық. Жағдайды толық айтып өтсем. Құжаттарды жинау барысында басымнан біраз қиыншылық өтті. Себебі үй алу кезінде табыс көзін растау қажет. Отбасымда үш бала болғандықтан, табыс көзін растай алмадым. Бірақ келісімшарт негізінде жұмыс істеп жүрген екінші жұмысым болғанмен оны есептемейді екен. Шындығында, жалдамалы пәтерге кеткен қаражатты ипотека арқылы өз үйіме төлеуіме болатын еді.

«Жастар» бағдарламасы арқылы да өте алмадым. Себебі мен үйленген жылы жасым 29-ға жақындап қалған еді. Бір түсінбейтінім, жас мөлшерін неге ұзартпайды? Саналы түрде жастардың көбі 25-29 жас аралығында отбасын құрмай ма?

Кейін осы «Шаңырақ» бағдарламасы шыққан соң тіркелген екі жұмысымның арқасында бағдарламадан өттім. Ал басқа талай бауырларым бір жұмыс істеп жүріп үй ала алмай қалды. Табыс көзін растай алмасаң, қосымша сен үшін кепіл бола алатын адаммен алуға да болады. Бірақ қазір біреуге біреу көмектесетін заман емес, – дейді Азамат.

Еске салсақ, «Отбасы банкі» – еліміздегі ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен несие беретін жалғыз банк. Ол қазақстандықтарға жылдық мөлшерлемесі 3,5-5 пайыз аралығында қарыз алуға мүмкіндік береді.

Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ

Пікір жазу