19 мамыр. KAZISLAM – Дін саласындағы құқықбұзушылықтар үш есеге дейін азайған, деп жазады Шығыс Қазақстан  облыстық дін істері басқармасының ресми сайты.

Облыста дін саласындағы құқықбұзушылықтар өткен жылы үш есеге дейін азайған. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанында заңнаманы бұзудың екі фактісі ғана тіркелген. Мұны түсіндіру жұмыстарының нәтижелі жүргізілуімен түсіндіреді облыстық дін істері басқармасының басшысы Әнуар Абдулдин.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, басқарманың негізгі басымдықтарының бірі – аудандық жерлерде және ауылдық округтерде тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізетін ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері мен теологтарды іріктеуге және олардың біліктіліктерін арттыруға бағытталған.

Жыл басынан бері осы санаттағы мамандар үшін басқарма республикалық деңгейдегі лекторлардың қатысуымен екі семинар өткізген. Сонымен қатар жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы тоқсанында ғана деструктивті діни ағымдарды жақтаушылар саны жеті пайызға төмендеген.

«Аймақта дін мәселелері жөнінде 20 ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс істейді. Олардың құрамына 1 облыстық, 4 қалалық, 15 аудандық топтардан тұратын 165 адам кіреді. Ақпараттық топтармен 2019 жылдың 1 тоқсанында 676 іс-шара өткізіліп, оған 37611 адам қамтылды, оның 19887-сі жастар», – дейді Әнуар Абдулдин.

Сондай-ақ, дін саласындағы өзекті мәселелердің бірі ретінде мешіт имамдарының діни сауаттылық дейгейлерінің жеткіліксіздігі айтылды. Бұл жағдайдан шығу үшін 2017 және 2018 жылдары облыстық мешіттің базасында үш айлық діни білімді жетілдіру курстары ұйымдастырылған. 2017 жылы аталған курстан – 162, 2018 жылы – 69 адам өткен.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  «Алтын сақа» ұлттық турнирі өтті

2019 жылдың наурыз айында басқарма «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде оның басшылығымен, студенттерімен кездесу өткізіп, жеті түлекпен еңбек жолын Шығыс Қазақстанда бастау жөніндегі келісім жасалған. 2019 жылдың басынан «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде оқу үшін облыстық бюджеттен 6 грант бөлінген. Үміткерлер қазірдің өзінде сынамалық бірыңғай ұлттық тестілеуден өткен.

Қазіргі уақытта облыстағы дін мәселелерін зерттеу орталығының базасында блогерлердің, теологтардың және оператор-монтаждаушының қатысуымен бөлім құрылуда.

Сонымен қатар, басқарма арқылы орта білім беру ұйымдарындағы міндетті мектеп формасының сақталуына да баса мән беріледі. Ата-аналармен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аталған санаттағы оқушылар саны есепті кезеңде 85,2 % дейін төмендеген.

Бұдан бөлек діни отбасылардың балаларына екпе жасатудан бас тартуы да бүгінгі күннің өзекті де көп талқыланатын мәселелерінің бірі болып отыр. 2019 жылдың алғашқы тоқсанында діни негізге сүйеніп балаларына екпе жасатудан бас тартудың бес фактісі тіркелген екен. Бұл ретте басқарма басшысы шешім қабылдау ата-аналар құзырында болса да, ең бірінші кезекте баланың болашағын, денсаулығын бірінші орынға қою керектігін айтады.