Белгілі балалар ақыны, «Мұнара» газетінің бас редакторы Серікбол Хасан жарық көре бастағанына 1 жыл толғалы отырған басылымның атқарған жұмыстары, қазіргі таңдағы балалар шығармашылығы, сондай-ақ діни ахуал мәселелері жайлы KAZISLAM порталына баяндап берді.

– Серікбол мырза, жуырда өзіңіз басқарып отырған «Мұнара» газетінің жарық көре бастағанына 1 жыл толады. Бір жыл ішінде газет еліміздің медиа кеңістігінен қаншалықты өз орнын тапты? Қандай жетістіктерін айта аласыз?

– «Мұнара» газетінің алғашқы саны өткен жылдың қазан айында республикалық ІІІ имамдар форумы қарсаңында жарық көрді. Алғаш болып KAZISLAM сайты оқырмандардан сүйінші сұрады. Осы уақыт ішінде «Мұнара» іргетасын қалап, ақпарат кеңістігінде салалық басылым ретінде орныға бастады. Осы уақытқа шейін газеттің 23 саны жарық көрді. Газет айына екі рет жарық көреді. 30 мыңға жуық оқырманы қалыптасты.

 

«Мұнара» газеті негізінен колумнистермен, яғни авторлармен жұмыс істейді. Газетке дінтанушылар, ғалымдар, журналистер мақала жазып, жәрдемдесіп келеді. Әлбетте, авторлардың қаламақысы төленеді. ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері Бауыржан Әлиұлы, Мұхан Исахан, Шәмшадин Керім ағаларымыздың мазмұнды мақалалары жарыққа шықты.

 

Белгілі ғалым Бейбіт Қойшыбаев ағамыздың Шәймерден Қосшығұлов, Тілеулі Аллабергенов секілді діни тұлғаларымызды түгендеген тамаша мақалаларын жарияладық. Одан бөлек ардагер журналист ағамыз Жанболат Аупбаевтың «Табиғат терезесі», Ырысбек Дәбей ағамыздың «Әкелеріміз айтатын әңгіме» айдарлары бойынша әсерлі мақалалары шығып жатыр. «Жүрек сөзі» айдары бойынша газеттің шеф редакторы Ағабек Қонарбайұлының салмақты да сүйекті тұлғалардан алған сырлы сұхбаттарын оқуға болады.

– «Мұнара» газетінің ұстанған негізі бағыты қандай? Газетте қандай тақырыптар жиі көтеріледі?

– Өзіңіз білетіндей, «Мұнара» – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл басылымы. Газетте ҚМДБ-ның негізгі жаңалықтары мен мәлімдемелері, сонымен қатар Діни басқарманың тыныс-тіршілігі, бөлімдері мен өкілдіктерінің жұмыстары, Бас мүфтидің бастамалары мен мәлімдемелері, сүбелі сөздері, өзекті ойлары жиі жарияланады. «Насихат» айдарында шариғат аясындағы барлық өзекті тақырыптар, құлшылықтар, жасап жүрген амалдарымыздың дұрыс-бұрыстығына қатысты имамдар мен дінтанушылардың түрлі мақалалары жарық көреді. Одан бөлек газеттің шариғи редакторы Хасан Аманқұл ағамыз жүргізетін «Ел ішіндегі сұрақ» деген сұрақ-жауап айдары бар.

 

«Мұнарада» сондай-ақ тарихи-танымдық, сараптамалық материалдар жиі жарияланып жүр. «Тарих пен тағылым» деген тұрақты айдарымыз бар. Бұл айдарда ел біле бермейтін ұлт және дін қайраткерлері, қазақтың басынан өткен небір зұлмат оқиғалары жайлы жазылып жүр.

 

«Жүрек сөзі» деген айдарында айтары бар ел азаматтардың сырлы сұхбаттары жарияланса, «Оқырман хаттары» айдарында оқырмандарымызбен байланыс орнату мақсатында еліміздің әр түпкірінен жолданған хаттар, жұртшылықтың талап-тілегі мен ұсыныс-пікірлерін жариялап жүрміз. Сондай-ақ білім-ғылымға арналған «Көкжиек», жас отбасыларға бағыт-бағдар беретін «Шаңырақ», аптаның айшықты тақырыптарын талқылайтын «Өзекті» секілді тұрақты айдарларымыз да бар.

 – «Қазір газеттердің заманы кетті, оларды ешкім оқымайды» деген пікірмен келісесіз бе?

– Қазіргі таңда жаңа медиа қарқынды дамып келеді. Соған қарай БАҚ-тың форматы да қатты өзгеруде. Газет қана емес, қазір телеарналардың өзі әлеуметтік желілермен жарыса алмай қалды. Телеарнадағы бағдарламаға қарағанда youtube каналындағы жобаның қаралымы артып тұр. Сондай кезде, әрине, газеттің болашағы ойландырады. Алайда қорқатын дәнеңе жоқ. Кезінде телеарна енді шыққанда радио тілшілері «радионың уақыты бітті, телеарна бізді басып озды» деп үрейленген. Бірақ радиолар әлі жасап келеді. Олар да жаңа, соны соқпаққа түсті.

 

Газет-журналдар да сол секілді түрлі ізденістерге барып жатыр. Заман өзгерсе де газет-журналдың өзі бағыты, оқырмандары бар. Ойлы адам, өзін зиялы қатарына қосатын жан ақпаратты газеттен алғысы келеді. Сондықтан газетті неғұрлым қызықты етіп шығарсақ, оқырман одан айырылмайды. Бұл жағынан салалық басылымдардың мүмкіндігі мол.

– Серікбол мырза, сіз балалар ақыны ретінде көпке танымалсыз. «Balapan» арнасында күнде көрсететін сіздің сөзіңізге жазылған «Қолыңды жу» атты әнді қазір кішкентай бүлдіршіндеріміз жатқа айтатын болды. Одан басқа да балаларға арналған қандай шығармаларыңыз бар?

– Балалар әдебиеті – маған үнемі мотивация беретін, өмірімнің бір бөлшегі. Басқа дүние жазылмаса да, балаларға арнап өлең жазуды тоқтатпауға тырысамын. Себебі ең өміршең шығармашылық – әдебиет. Соның ішінде балалар әдебиеті. Бір ғана Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары бірнеше буынды тәрбиеледі.

 

Бұрын «Ұлан», «Ақ желкен» секілді балалар басылымдарында жауапты қызмет істедім. Балалар қаламгерлерімен жақын араластым, ағалардың ақыл-кеңесін алдым, тәжірибесінен сусындадым. Студент кезде поэзия да, әңгіме де жазып көрдім, сын да жазған кезім болды. Алайда маған лайықтысы осы балалар әдебиеті шығар деп ойлаймын. Ендігі міндетім – балаларға рухани азық болатын шығармаларды көбейте түсу.

 

Өзіңіз айтып отырған «Қолыңды жу» өлеңі наурызда, жұқпалы індет тарап, бәріміз карантинге қамалған кезде шыққан болатын. Мақпал Жұмабай әріптесіміз «Balapan» арнасынан әнге, роликке айналдырып көрсетті. Балалар жақсы қабылдаған секілді. Мұндай қолдаулар қатты қуантады әрі ақынды шабыттандырады.

 

Карантин кезінде бас-аяғын түгендеп көрсем, бірнеше жинаққа жүк болар балаларға арнаған өлеңдерім жиналып қалған екен. Енді оның кітап болып жарыққа шығуы – уақыттың еншісіндегі нәрсе. Балалар кітаптары заманауи талаптарға сай, сапалы шығуы керек. Ол үлкен қаражатты талап етеді. Балалар кітаптарының мазмұны мен иллюстрациялары бір-бірімен қабысып тұрғаны жақсы. Сонда ғана ол кітап біраз баланың қолына жетеді.

– Бүгінде балалар әдебиеті кенже дамып келеді. Балаларға арналған өлең-жырлар жазатын ақын-жазушылар да, олардың шығармалары да аз секілді. Бұның себебі неде?

– Әдебиеттің кенже қалып бара жатқан салалары қатарында драматургия мен балалар әдебиетін атауға болады. Себебі бұл тақырыпқа жастар көп бара бермейді. Алайда біздің балалар әдебиетінде бұрынғылардан қалған мол мұра бар. Балалар сол шығармаларды оқыса, мол мағлұмат алуға болады.

 

Бірақ заман алға жылжып, технологиялар мен құрылғылар дамыған сайын, байырғы шығармалардың өзектілігі, құндылығы төмендейді. Себебі әр заманның баласы өз ортасын, өзі өмір сүріп жатқан қоғамды көргісі келеді. Сондықтан балалар әдебиеті де жаңаланып, балалар жазушылары да жасарып отыруы керек. Балалар әдебиеті дамымай, әдебиеттің басқа салалары да дамымайды. Себебі оқырман бала күнінен қалыптастады. Сол себепті билік тізгінін ұстаған азаматтар, мұғалімдер, ата-аналар балалар әдебиетінің қажеттілігін түсінуі қажет.

 

Нарықта мотивациялық, психологиялық кітаптармен қатар балаларға арналған кітаптар да өтімді. Балалар әдебиетіне сұраныс жоғары. Балалар қаламгерлерінің шығармаларын жариялап, қалың жұртшылыққа таратып, кітап етіп басып шығарса, оларға тиісінше қаламақы төленсе, бұл тақырыпта қалам тербейтін әдебиетшілер қатары көбейеді деп ойлаймын.

– Жуырда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өз әлеуметтік парақшасында мектепте қазақ әдебиетінің оқытылуы қайта қарастырылатынын, ол үшін арнайы комиссия құрылатынын жазған болатын. Балалар әдебиетінің өкілі ретінде қандай пікір білдіресіз?

– Бұған қатысты пікірімді фейсбук парақшамда бөлістім. Әдебиеттің ұлттық идеологияның бастауы екенін жоғарыдағылардың түсіне бастағаны қуантады. «Қазақ әдебиеті» оқулықтары қайта жазылып, оқулыққа енгізілетін қаламгерлер тізімі дайындалады екен. Тізім дайындауда Жазушылар одағының ой-пікіріне көбірек басымдық берілетін көрінеді. Сондықтан Жазушылар одағы бастауыштың оқушыларына арнап балалар әдебиетінің классиктері Жақан Смақов, Жарасқан Әбдіраш, Марат Қабанбай, Өтепберген Ақыпбеков, Әнуарбек Дүйсенбиев, Әділ Балта, Сұлтан Қалиұлы, Ескен Елубай ағалардың шығармашылығын ұмыт қалдырмаса деген ұсыныс-тілегімді айтқан болатынмын.

 

Мысалы, Әділ Балта ағамыз «Ұлан» газетінде қызмет етті. Біз оқушы кезімізде сол кісінің әңгімелерін «Ұланның» жаңа санынан үзбей оқып отыратын едік. Ол кісі қазір о дүниелік болып кетті. Балаларға арналған кітаптары оқырман қолына жеткен жоқ. Осындай ескерусіз қалған балалар авторларын Қазақ әдебиеті оқулығына енгізу керек деп ойлаймын.

– Сөз соңында «Мұнара» газетінің алға қойып отырған жоспарларымен бөліссеңіз.

– Жыл басында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абай сөзі  – ұлт темірқазығы» деген байқау жариялаған болатынбыз. Бұйырса жақында сол байқаудың қорытындысы шығады. Одан бөлек газетке жаңа айдарлар ашу, жас авторларды тарту, оқырмандар қатарын ұлғайту, газетті әлде де қызықты етіп шығарып, үгіт-насихат жұмыстарын күшейту секілді жұмыстар істеледі. Алла жәрдемші болсын деп тілейміз!

– Жазудан қолыңыз талмасын, әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан – Балжан  ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ

Пікір жазу