Иә, қазақ халқы, яғни ата-бабаларымыз өз сөздерінде: «Әлһамдулилла әлімсақтан («әл-Мисақ» ауд.: ант, уәде уақытынан бері) мұсылманбыз», – деу арқылы қасиетті Құранда айтылған ақиқатты паш еткен. Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресінің 172-ші аятында: وَإِذْ أَخَذَ رَبُّكَ مِنْ بَنِي آدَمَ مِنْ ظُهُورِهِمْ ذُرِّيَّتَهُمْ وَأَشْهَدَهُمْ عَلَى أَنفُسِهِمْ أَلَسْتُ بِرَبِّكُمْ قَالُوا بَلَى شَهِدْنَا أَنْ تَقُولُوا يَوْمَ الْقِيَامَةِ إِنَّا كُنَّا عَنْ هَذَا غَافِلِينَ «(Мұхаммед Ғ.С.) сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да өздеріне куә етіп: «Мен, сендердің Раббыларың емеспін бе?» – (дегенде), олар: «Әрине куәміз» деген. Қиямет күні: «Бұдан хабарымыз жоқ» демеңдер», – деп ескертеді Алла тағала. Міне, жоғарыдағы даналық ой осы Құран сөзінен алынған. Ақиқат асыл дініміз Исламның жер бетіне жіберілгелі 14 ғасыр болды. Ал, қазақ даласына келгеніне 12 ғасыр. Осыншама уақыт ішінде қазақы діліміз Ислам нұрынан қуаттанып, біте қайнасып кетті. Кешегі өткен барша хандарымыз еліміздегі бүкіл істі ата дінімізбен, яғни Исламмен жүйелеп отырған. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы сияқты дала заңдарының барлығы дерлік Құран мен сүннеттен бастау алып, үкім шығарған. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан зайырлы мемлекет болғанмен де ана сүтімен қанымызға сіңіп, жүрегіміздің төрінен орын алған Ислам дініміздің құдіреті баршамызды «Шүкір Аллаға, мұсылманмын!» – деп айтқызуда. Қазақтың мұсылман ел екендігіне ешкімнің дауы жоқ. Ал, саясаттың дінді мемлекеттік істен бөліп ажыратуы бұл еліміздің ұстанған зайырлылық, көпұлттылық, біртұтастық қағидаларымен байланысты. Ата заңымызда әр адамның қалаған дінін ұстануында кедергі жоқ, яғни діни еркіндік берілген. Дей тұрғанмен, еліміздің 70 пайыздан астамы мұсылмандар. Сондай-ақ, біз демократиялы мемлекетпіз. 130-дан астам ұлт пен ұлысты бір көк Тудың астына біріктірген. Өзге діндер мен конфессия өкілдері де бір шаңырақтың астында өмір сүруде. Бірақ, Елбасымыз өзінің сөзінде қазақ халқының ежелден Ислам дінін ұстанып, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын негізгі ұстын еткенін тілге тиек еткен болатын. Аллаға шүкір, барлық қалаларымыз бен ауылдарымызда мешіттер бой көтеріп, әлемдердің Раббысын ұлықтаған Азан даусы шарықтауда. Бұл да біздің ұстанымымызды айқын дәлелдеп тұр емес пе?! Ендігі кезекте бірлігі жарасқан еліміздің көк аспанында Азан даусының естілуіне, тұтастығымыз бен ауызбіршілігімізді, бауырмашылдығымызды арттыруға жұмыс жасауымыз қажет. Алла баршамыздың жәрдемшіміз болсын!