Ырым туралы бірер сөз

Адам табиғаты қызық қой. Естіген, көрген нәрселерінен бір мағына шығарып, оны жорамалдауға дайын тұрады. Жақсы нәрсе естіп немесе көңіліне хош нәрсені көрген сәтте оны жақсылыққа жорамалдаса, ұнамсыз сөз естіп, жағымсыз нәрсе көрген кезде оларды жамандыққа ырымдай бастайды.

Міне, сондықтан пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ешбір адам үш нәрседен: жорамалдау мен күдікті ойдан және қызғаныштан құтыла алмайды» [1] деп, адам баласының осы табиғатын білдірген.

Бірақ, нағыз мұсылман мұндай сезімдерге жол бермей, барлық ісінде Жаратқанға тәуекел етеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жоғарыдағы хадистің жалғасында: «Көңіліңе келген ырымға иек артпай, жолыңды жалғастыр, қызғанышың сыр берсе, оны шектен шығарма, басыңа күдікті ой оралса, оны ақиқатқа айналдырып, жүзеге асырма!» деп көңілге түскен ырымды негізге алып, жолдан қайтуға, яки бастаған істі тастауға болмайтындығын ескерткен.

Кейбір жандар көңілдерінде сыр берген бұл сезімдерге қатты мән беріп, оған имандай сенеді, тіпті сол бойынша әрекет етеді. Ал, бұл өте қате нәрсе. Тіпті кей тұста мұндай соқыр сенім мен ырымға құлай берілу Жаратқанға серік қосқанға да жататын ауыр күнә болуы мүмкін.

Себебі, Абдулла ибн Масғудтан (р.а.) жеткен бір хадисте: «Пайғамбар (с.ғ.с.) үш рет: «Бір затты жамандықтың нышаны деп ойлап, соған орай амал жасау – Аллаға серік қосу» [2], – деген. Ал басқа бір хадисте: «Бір затты, не нәрсені жамандықтың нышаны деп сену еш нәрсені өзгертпейді» [3], – деп анық айтылған.

«Зат – сәтсіздік алып келеді» деген нанымға қарама-қарсы ұғым – «жақсы ойда болу», «жақсы ойлау». Иә, көңілге келген әлдебір нахош нәрсені жаманшылыққа жору, кесірді кесіп ырымдау Исламда жоқ. Өйткені, ешбір негізсіз жаманшылықты ырымдап, оған сенуде жүрекке үрей салып, болашаққа күмәнмен қарау жатыр. Нәтижесінде жүрекке Жаратқанға деген сенімсіздік пен жаман ой ұялайды.

Кісі еш негізі жоқ нәрсемен өз жігер-қайратын байлап, жалқаулыққа жол береді. Мұнымен қоса өз жүйкесін өзі жұқартып, айналасына жағымсыз жағдай қалыптастырады. Ақырында өзінің де, өзгенің де құтын қашырады.

Бірақ, кездескен әлдебір хош, көңілге жағымды нәрсені жақсылыққа жоруға, құлағың шалған қандай да бір жақсы сөзді игілікке ырымдауға Ислам рұқсат етеді. Бұл жерде басты назар аударатын нәрсе ұшырасқан көңілге ұнамды нәрсені жақсылыққа негізгі себеп деп емес, жақсылықтың белгісі деп қабылдауда, соны үміт етуде жатыр.

Бірақ, кесіп айтпастан «Алла қаласа, жақсылығы боп қалар» деп үміттену керек. Себебі, жақсылық күтіп, жақсы ойлау, қуанышты үміт ету – мұсылманның ісі. Аллаға деген жақсы ойдың нәтижесі болмақ. Жақсы ой, жақсылыққа үміттену кісіні алға ынталандырады, жігер-қайратын қамшылайды. Қазақтың: «Жақсы сөз – жарым ырыс» деуі де осыған саймай ма?

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Жаман ырым Исламда жоқ. Бірақ маған «әл-фәл» (яғни жақсы ырым, жақсы сөз) ұнайды» [4] делінген. Бұл жердегі жақсы ырым мен жақсы сөзден мақсат – өмірде кездескен қандай да бір жақсы жағдайды, естіген игі сөзді жақсылыққа жору, жақсылықты үміт ету.

Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Алла елшсі (с.ғ.с.) бір қажеттілікке байланысты сыртқа шықса: «Уа, турашыл, уа жетістікке жетуші», – деген сөздерді естігенді жақсы көретін еді». [5]

Енді, бір маңызды жағдайға назар аударыңыз. Шариғатымызда «сәтсіздік алып келеді» деп ырымдауға тек үш жағдайда ғана рұқсат екен. Олар: әйел алғанда, жаңа үйге қоныс аударғанда және көлікке мінгенде. Алайда, Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Ер адамның үш нәрсемен бағы жанады: салиқалы әйел, кең әрі жайлы үй және жақсы көлік» [6] дегені баршаға аян емес пе еді? Сонда «сәтсіздік» бұл үш жағдайда қалайша орын алуы мүмкін?

Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Сәтсіздік мына үш нәрседе болады: көлікте, әйелде, баспанада», – дейді [7]. Басқа риуаятта сахабалар Алла елшісінен (с.ғ.с.) сәтсіздік туралы сұрағанда: «Егер бір нәрседе сәтсіздік болса, ол баспанада, әйелде, көлікте болады» [8], – деген жауап алады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Бас мүфти 4 баспана кілтін табыстады

Бұл хадистерді қалай түсінеміз?

Әлбетте, сәттілік те, сәтсіздік те Алладан ғана болады. Сол себепті, әр нәрсені жақсылыққа ырымдау – шариғат бұйрығы, пайғамбар кеңесі. Алайда, аталмыш үш жағдай бұдан ерекше.

Әйел, көлік пен баспана таңдауда Алла Тағала бізге таңдау еркін берген. Сол таңдауымызға сай осы үш нәрсенің сәттілігін не сәтсіздігін бастан кешіреміз. Әйелді таңдауда пайғамбар кеңес еткен «истихара» намазын оқымай, ата-ана пікірін елемей, үлкендер кеңесіне құлақ аспай үйлену көп жағдайда «сәтсіздік» алып келіп жатады. Ал, көлік таңдауда тәжірибенің жоқтығы не аздығы да осы жағдайға апарып тірейді. Үйдің де жағдайы осы. Бұл айтылған нәрсеге жоғарыдағы хадистермен қоса, мына төмендегі хадис те анық дәлел болады.

Әнәс ибн Мәликтен (р.а.): «Бірде бір ер адам: «Уа, Алланың елшісі! Біз бір үйде тұрғанымызда санымыз да, малымыз да көп еді. Кейін басқа үйге көшіп бардық, ол жерде санымыз да, малымыз да кеміді», – дейді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Сәтсіздік орын алған ол үйден көшіңдер» [9], – деген екен.

Ислам ғалымдары: «Әйелдің сәтсіздігі – мінез-құлқының жаман болуы, қалың малының қымбат болуы, бедеу болуы, ал көлікке қатысты сәтсіздік – оның адамға бағынбай қиқарлық көрсетуі, жорыққа жарамсыз болуы, ал баспанаға қатысты сәтсіздік – үйдің тарлығы мен көршілердің жаман болуы», – деп түсіндірген.

Тағы бір ғалым: «Тек осы үшеуі ғана сәтсіздік алып келетін ұғымдарға кіреді. Бұл көзқарасты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Сәтсіздік орын алған ол үйден көшіңдер», – деген хадисі растай түседі. Бұл аталған үшеуінің сәтсіздік алып келуі тек Алланың қалауымен ғана жүзеге асады. Алланың бұл үшеуін болмысынан зиян тигізе алатын дерттер мен көз тию сияқты етіп жаратқандықтан ол осылай болады. Ал олар өздігінен зиян тигізе алмайды», – деп ұқтырады. [10]

Осы ақиқатты жырына арқау еткен Қанай шешен (1695-1775 жж.):

«Астыңдағы атың жүрдек болса,

Жалғанның пырағы,

Алғаның жақсы болса,

Үй мен қонақтың тұрағы.

Атың шабан болса,

Жалғанның азабы,

Алғаның жаман болса,

Дүниенің тозағы»,

– деген екен.

Ал Майлықожа Сұлтанқожаұлы бабамыз (1835-1898 жж.):

«Алғаның жаман жолықса:

Үйіңнің іші шаң болар,

Ісіңнің бәрі қам болар.

Сол әлімен тұрмайды,

Киім таңдап паң болар.

Әңгіме, жанжал қоздырар,

Өзгеден өзін оздырар.

Жиынға киер жібекті,

Тезек теріп тоздырар.

«Қай жеріңнен тойдым» деп,

«Не көрсетіп қойдың» деп,

Тағы өзіңді жазғырар»,

– деп әйел мәселесін тілге тиек етеді.

PS: «Қазақ ырым етеді, кейде қырын кетеді» дегендей, шариғатпен үндесетін, Исламның рухына теріс келмейтін ырымдарға сеніп, амал ету құба-құп. Ал, дінімізге «үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын» ырымдардан аулақ болайық.

Жоғарыда айтқанымыздай, тек үш жағдайда ғана жамандықтың алдын алып, жағдайды «сәтсіздікке» балап, ырым етуге болады екен. Алла баршамыздың жарларымыз салиқалы, үйіміз кең де жайлы, көлігіміз жүйрік болуын нәсіп етсін!

Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ,

Ақтөбе облысы,

Темір ауданы,

«Шұбарқұдық кәсіпшілігі» мешітінің имамы,

Халықаралық Журналистер Одағының мүшесі

Сілтемелер:

[1] Табарани «Кабир» 32228, Һайсами «Маджмуъ әз Зәуәид» 8/78, Тафсирул Қуртуби 16/332, Тафсир ибн Касир 4/214, Суютый, «Жамиғ әс Соғир» 3466, Ибн Хаджар «Фатхул Бари» 10/213

[2] Әбу Дауд 3910, Сахих Ибн Хиббан 6122, Хаким «Мустадрак» 43, ибн Маджа 3538, Байһақи «Сунан» 8/139, Муснад имам Ахмад 3687, Бухари «Әдәб әл муфрод» 909

[3] Бухари 5717, 5757,5771, Муслим 2220, 2222, 2223, Әбу Дауд 3911, Ибн Маджа 86

[4] Бухари 5776, Муслим 2224, Әбу Дауд 3916

[5] Тирмизи 1616, Табарани «Аусат»   4181

[6] Сахих ибн Хиббан 4032, Муснад Ахмад 1448

[7] Бухари 5753, 5772, Муслим 2225

[8] Бухари 5094, Муслим 2225, Тирмизи 2824

[9] Абу Дауд 3924, Байһақи «Сунан» 8/140, Ибн Абдул Барр «Тамһид» 24/69, Байһақи «Сунан» 8/140

[10] Мухаммад бин Бир Әли әл Биркауи, «Ториқатул Мухаммадия уә әс Сирату Мухаммадия», «Дәрул Қалам» баспасы, Дамаск, 273-бет. 2011 жыл.

Пікір жазу