Қазақ сараң деп кімді айтады? Махаббат, ниеті тек қана дүниеге, байлық, мал жинап, сақтауға ауған, өзгені қойып, жиған-тергенін өзіне қимайтын дүниеқоңыз, ащыкөз, қызғаншақ, пайымсыз, тиын-тебен, мал-мүлкін күндіз-түні түгендеп, мәпелеп, сақтап, мастанатын, рахаттанатын, дүние үшін ар-намыс, абыройын айырбастаудан тайынбайтын, оны сақтап-өсіру үшін жан-тәнін аямайтын, басқаға мейірімсіз, қайырымсыз жандарды сараң дейтін шығар.

Қазақ сараңдарды Шықбермес Шығайбайға теңеп жатады. Шықтың  өзін шығын көріп, басқаға қимайтын адамнан не қайыр болсын?!

«Жаман адамға мал бітсе, сусын бермес ішуге» деген сөз осы сараңдарға байланысты айтылған. Сараңдықтан жаман ауру жоқ.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Пенделерді қиратушы үш  нәрсе бар. Оның біріншісі – қатты сараңдық, екіншісі – созылмалы әуейлік, үшіншісі – өзіне-өзі таңғалуы (мақтаншақтық, тәкаппарлық)», – деген.

Және бір хадисінде: «Алланың құлы күнде таңертең оянғанда міндетті түрде  үстіне екі періште келіп, бірі:  «Я, Аллам, садақа бергеннің мал-мүлкін, ырысын өсіре гөр», – десе, екіншісі: «Я, Аллам, сараңды зиянға ұшырата гөр», – деп Жаратушыға жалбарынады екен. Мұндайда Алла жақсылық беріп, жамандығынан сақтасын.

Халифа Әбу Бәкір Сыдық (р.а.) сараңдар туралы былай деген:

«Сараң адамның жағдайы жеті түрлі жағдайға душар болады. Өзі  қайтыс болғанда малына ие болған мирасқорлары малын Алла Тағаланың жолынан басқаға жұмсап, ту-талақай етеді. Не болмаса, Алла Тағала оған қатыгез билеуші жіберіп, сорлатып малын тартып алады. Әлде құмарлыққа салынып, мал-мүлкін соның жолына салып құртады. Немесе пайдасыз жерге ғимарат салып, малы босқа кетеді. Не болмаса, малын топан су, өрт, ұрлық сияқты кездейсоқ пәлекет себебінен құртады. Не созылмалы ауруға ұшырап, мал-мүлкі содан емделуге кетеді. Не қазына байлығын бір жерге жасырып, кейін қайда тыққанын білмей ұмытады».

Міне, бұл сөздер аса қатты сараңдық адам баласына опа бермейтінін ескертіп, ой салып тұрғандай.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында өмір сүрген Салаба атты сахабасы баюды армандайды екен. Кезінде «мешіттің қарлығашы» атанған осы сахаба намазға ең алғашқы боп келіп, ең алғашқы боп кетеді екен. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мешіттен асығып құстай ұшып жүгіріп шығып бара жатқан оны тоқтатып: «Салаба, сен үнемі асығып жүретінің неліктен?» – десе, ол: «Я, Алланың Расулы, мен сондай кедеймін, үстімдегі жалғыз көйлектен басқа ештеңем жоқ, мен киіп мешітке келем, ал үйде әйелімнің үстінде киім жоқ. Осы көйлекті киіп намазын өтейді. Маған кедейліктен құтылатын бата беріңіз», – деп өтініпті.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Шүкірін өтей алатын аз малың, шүкірін өтей алмайтын көп малдан да артық емес пе?» – деп қайтарып жібереді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  ЭКО жасатуда шapиғат талаптары ескеріле бepмeйдi

Салаба екінші рет келіп, жабысып бата ала алмайды. Ол үшінші рет келгенде, егер байыса кедей-кепшік, жетім-жесірлерге көмектесетінін айтып, Алланың атымен ант ішіп, бата тілейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Аллаға дұға жасап, кейін Салабаның малы көбейе бастады. «Мешіт қарлығашы» атанған Салаба малмен әуреленіп, мешітке келіп, намаз өтеуін азайтады.

Тез арада көбейіп бара жатқан малына жаңа жайылым іздеген ол тек жұма намазына келетінді шығарады. Тіпті, малы көбейгелі сонша, мешіттен алысқа мал өрістеткен ол айт намазына ғана әрең үлгеретін болды.

Алладан зекет, садақаның үкімдері, аяттары түсіп, байлардан зекет жинала бастады. Зекет жинауға келгендерге Салаба: «Бұларың қып-қызыл тонау емес пе?» – деп, малының зекетін бермеді. Бұдан хабардар болған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қап, байқұс Салабаға обал болған екен», – деп мұңайды.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл аяушылығын естіген Салаба Алланың алдындағы күнәсін жумақ болып, садақа беруге бекініпті. Сараңның садақасы қандай болушы еді?! Малының ішіндегі ақсақ, арық, соқыр, ауруын таңдап, айдап Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келеді. Бұл сараңның қимай, бұлданып әрең шығарған  садақасын Алланың тыйымымен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қабылдамайтынын айтады.

Расулалла (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін халифалар Хазіреті Әбу Бәкір мен Хазіреті  Омар да өз заманында оның зекет, садақаларын қабылдамады. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қабылдамаған садақаны олардың қабылдауы мүмкін емес еді.

Хазіреті халифа Османның тұсында иен далада жиған көп малының тұяғының астында бастырылып жан тапсырған Салабаның құлағына Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Шүкірін өтей алатын аз малың, шүкірін өтей алмайтын көп малдан да артық емес пе?» – деген сөздері жаңғырып тұрды.

«Адам неге құмар болса, соның құшағында жан тәсілім етеді» деген тәмсіл осыдан.

Қасиетті Құран Кәрімде: «Алланың кеңшілігімен өздеріңе берген нәрселеріне сараңдық істегендер, олардың сараңдық қылған нәрселері қиямет күні өздерінің мойнына оралады. Сондай-ақ, көктер мен жердің мирасы Алланікі, әрі Алла олардың не істегендерін толық біледі» («Әли Ғимран» сүресі, 180-аят) делінсе, «Мәариж» сүресінде «Шын мәнінде, ол тозақ, жалындаған от, теріні сояды, ол теріс айналып, бет бұрғандарды шақырады, дәулет жинап, сақтаған сараңды шақырады», – делінген (15-18-аяттар).

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Садақа беруге асығыңдар, оның жолын бақытсыздық кесіп кетпес бұрын», – деп өсиет айтуы мұмылмандарды осы бір ашыкөздік, дүниеқұмарлық, сараңдыққа апарып құрдымға кетіретін, адамдарға қадырсыз, жеккөрінішті әдеттен аулақ болуын ескертіп тұрғандай.

Малғаждар ЖЫЛҚЫШЫБАЙҰЛЫ,

Алматы облысы,

Көксу ауданы

Пікір жазу