Сұрақ: Өткенде намазға барсам алдынғы сапта бос орын жоқ екен. Сосын жалғыз өзім артқы сапқа тұрып намаз оқыдым. Намазды бітіргеннен соң бір кісі қасыма келіп «Жалғыз тұрып намаз оқуға болмайды. Намазыңызды қайтадан оқыңыз» деді. Сондай жағдайда не істеу керек?
Жауап: Ахмад ибн Ханбал және Ибн Мәжә Али Ибн Шәйбаннан мынадай хадис жеткізген «Пайғамбарымыз саптың артында тұрған бір адамды көрді. Намазын бітіргенше қасында кұтіп тұрып, оған: «Намазыңды қайта оқы! Өйткені саптың артында жалғыз тұрып оқу дұрыс емес».
Ахмад ибн Ханбал, Әбу Дәуіт, Термези және Ибн Мәжә Уәбиса ибн Мағбадтан риуаят еткен тағы бір хадисте Пайғамбарымыздың саптың артында тұрған жалғыз адамды көріп, намазын қайта оқуды бұйырғандығы айтылады (Тирмизи, Муақит 56; Ибн Мәжә, Иқама, 54; Дарими, Солат, 61; Ибн Ханбал IV, 228). Осы хадистерге сүйенген ханбали мәзһабы ғалымдары ондай адамның намазының дұрыс болмайтындығын айтса, өзге үш мәзһаб бойынша, намазы дұрыс, бірақ мәкруһ саналады. Бұған дәлел ретінде мына хадисті келтірген:
Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с.) жамағатқа намаз оқытып, рукуғ жасаған сәтте Әбу Бәкір (р.а.) келіп, ол да рукуғ жасап, намазға қосылады. Алайда Әбу Бәкра жамағатпен қатарға бармай, жеке тұрған болатын. Бұл жағдайды келіп баяндағанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Алла сенің жақсылыққа деген ынтаңды арттырсын. Бірақ ендігәрі бұлай істеме!» дейді (Бухари, Азан 114, Нәсәи, Имама 63, Ахмад ибн Ханбал, V, 39).
Егер намызды қайта оқу қажет болғанда әлгі кісіге намазын қайта оқытар еді.
Әрине ислам діні бірлікке, жамағатқа ерекше мән беріп, намаздардың жамағатпен оқылуын артық санаған. Сондықтан алдыңғы келтірілген хадистер себепсізден-себепсіз жамағатқа қосылмай, жалғыз өзі бөлектеніп тұрған адамға қатысты айтылған деп жорамалданған (Ю. Қардауи. Чагдаш меселелер фетуалар. Тахир баспасы, Стамбул, 1994, 1/342-344).
Ханафи мәзһабында «Фәтәуә әл-хиндия» атты кітапта жалғыз өзі тұрып намаз оқудың мәкрух саналатындығын айта келе былай дейді «Мұхаммед ибн Шужа және Хасан ибн Зиядтың Имам Әбу ханифадан риуаят етуі бойынша «Егер саптың арасында бос орын жоқ болса, кейін келіп имамға ұюшының намазы мәкруһ емес. Алайда, мұндай жағдайда алдынғы саптағы бір адамды қасына тартып, онымен бірге сап түзеуі әрине жақсырақ саналады» «әл-Мухит» кітабында осылай.
Намазға ұюшының бұл жағдайда алдынғы саптан тартатын адамының мәселені білетін кісі болғаны жөн. Әйтпесе намазын бұзып алуы кәдік. «Хизанатул фәтуәу» кітабында осылай келген» (Фәтәуә әл-хиндия. Мустафа Эфе. Акчаг баспасы)
Ибн Абидин осы мәселелерді тілге тиек ете келе былай дейді: «Дұрысырақ көзқарас Хишамның Имам Мұхаммедтен жеткізген мына риуаяты:
«Ол рүкұғ жасағанға дейін күтеді. Осы кезде қасына біреу келсе, құба-құп. Келмесе, қасына алдынғы саптан біреуді жәйлап қасына тартады немесе алдынғы сапқа сығылысып тұрады». Бұдан кейін «Киние» кітабының авторы былай дейді «Кәзіргі уақытта жалғыз өзі тұрған абзал. Неге десеңіз қарапайым халықтың басым көпшілігі дінді терең біле бермейді. Артқа тартқан жағдайда оның намазы бұзылып кетеді».
Ал «Хәзәин» еңбегінің авторы былай дейді: «Егер алдынғы сапта дініне беріктігіне байланысты ондайды жатсынбайтын адамды көрсе, қасына қысылысып тұрады яки білетін біреуді көрсе, қасына тартып тұрғызады. Әйтпесе, жалғыз өзі тұрып намазын оқи береді» (Ибн Абидин. Рәддул мухтар. Шамиль баспасы).
Осы көзқарастарға сүйене отырып, намаздың дүрыс саналып, қайта оқудың қажеті жоқ екенін ұғынамыз.
Алау Әділбаев
Пайдалы мәлімет. Оқып риза болдым)