Селжұқ мемлекеті ХІІ ғасырдың басында Фарс аймағына Салғұр тайпасын көшіріп әкелді. Салғұрлардың атабегі Бозаба Қарасүңгір 1138 жылы Фарс өлкесіне Әмір Мәулітті найб-әмірші (орынбасар әмірші) етіп тағайындады. Бозаба атабек пен Әмір Мәуліт 1139 жылы қайтыс болып, Фарс билігін Әмір Мәуліттің ұлы Сүңгір қолына алды. Бірақ, осы кезде күшейіп алған Ирак селжұқтары Фарс өлкесін өздеріне бағындырды.
Ирак билеушісі Мәлік шах бұқара халыққа шектен тыс қысым жасады. Озбырлыққа төзе алмаған Сүңгір атабек Ирак билеушісіне қарсы көтеріліске шықты. Қасарысқан Мәлік шах Сүңгірдің бауырын қастандықпен өлтірткізді. Екі арада қанды шайқас болып, Сүңгір атабектің қолы Ирак әскерін жермен-жексен етті. Осылайша, 1148 жылы Салғұр атабегі Сүңгір Ширазды астана етіп, өздерін тәуелсіз мемлекет деп жариялады.
Салғұр мемлекеті құрылған шақта, атабекке іштен Шабанкари (Фарстың байырғы халқы) әмірлері, сырттан Ирак селжұқтары көп қауіп төндірді. Фарс аймағынан айырылғысы келмеген Ирак билеушісі Мәлік шах салғұрларға дүркін-дүркін жорық жасады. Сүңгір атабек Ирак селжұқтарымен болған барлық шайқастарда жеңіске жетіп отырды. Ол Мәлік шахқа қарсы тұру үшін Кирман билеушісі І-шы Мұхаммедпен достық қарым-қатынаста болды. Сүңгір атабек 13 жыл билік құрып, 1161 жылы қайтыс болды.
Атабектің баласы Тұғырыл әлі балиғат жасына толмауына байланысты, таққа Сүңгірдің бауыры Зеңгі отырды. Зеңгі атабектің тұсында Ирак селжұқтары күшейіп, төңірегіндегі елдердің бәрін өздеріне вассал етті. Зеңгі атабек те өзге селжұқ бектерінің қолқалауымен 1165 жылы Исафаханда Ирак билеушісі Сұлтан Арсланшахқа мойынсұнды.
Зеңгі атабек ел басқаруда көп қателіктер жасады. Фарс халқы көрші Қузистан әмірі Шумлаға бағынғанды жөн көрді. Қузистан Басшысы Шумла әскермен келіп Фарсты жаулап алды. Зеңгі атабек Фарсты тастап, қашып шықты. Бірақ, Шумланың озбыр әрекеттеріне бас көтерген Фарс халқы Зеңгі атабекті билікке қайта шақырды. Зеңгі атабек Салғұр әскерімен Фарстан Шумла әмірді қуып шықты.
Зеңгі атабек Фарстың ішкі мәселелерін ретке келтіріп болған соң, көрші Кирман елінде орын алған саяси мәселелерге де араласты. Ол Кирман билеушісі Мәлік-Тұғырыл шах өлгеннен кейін ІІ-ші Тұран шахтың таққа отыруына жәрдемдесті. Оның тұсында, Салғұр мемлекеті аймақта үлкен саяси күшке айналды. Дегенмен, Зеңгі атабектің Ирандағы ықпалы көпке ұзаған жоқ. Ол 1178 жылы қайтыс болды.
Зеңгінің ұлы Текле атабек билік құрған алғашқы жылдары Елдеғұз атабегі Жихан Пехливан Фарсты өзіне вассал еткісі келді. Елдеғұз әскері 1180 жылы Ширазды басып алып, Сүңгір атабектің ұлы Тұғырылды Салғұр тағына отырғызды. Бірақ,Тұғырыл тақта ұзақ отыра алмады. Текле атабекпен болған үш дүркін соғыста да жеңіліс тауып, ақыр соңында 1181 жылы ажал құшты.
Текле атабек Салғұр мемлекетінің аймақтағы көшбасшы болуына үлкен еңбек сіңірді. Оның кезінде Хорезм шахтан қуғын көрген оғыз тайпалары Иранға үдере көшіп келіп, аймақтың бейбіт өміріне сызат түсірді. Әсіресе, оғыздар Кирманның шаңырағын шайқалтты. Текле атабек оғыздардың Кирмандағы басқыншылығына бірнеше дүркін тойтарыс жасады. Ол жиырма жылдан астам билік құрып, 1197 жылы өмірден озды.
Текле атабектің тағына бауыры Саад отырды. Ол билікті қолға алған жылдары Фарста қуаңшылық болып, халыққа оба ауруы тарады. Саад халықты қауіпсіз жерлерге көшіру үшін Кирманды бағындыруды ойлады. Бірақ, осы тұста Кирманға оғыздар иелік ететін. Фарс өлкесін жайлаған Шабанкари әмірлері де реті келсе Салғұрлардың аяғынан шалуға дайын тұрды. Одан өзге Елдеғұз атабегі мен Хорезм шах Иран мен Ирак жерлеріне көзін тікті. Дегенмен, Саад осыншама қиындыққа қарамастан, 1204 жылы Кирманның орталығы Бердесирді басып алды. Саад Бердесирмен шектелмей Исфахан мен Хамаданды бағындыру үшін жорыққа шықты. Ол Исфаханды алғанымен, Елдеғұз және Шабанкари әскерлері Кирман мен Ширазға қауіп төндіруіне байланысты, Саад амалсыздан кейін шегінді.
Саад аймақтағы саяси беделін сақтап қалу үшін Елдеғұз атабегімен текетіреске түсті. Ол 2009 жылы Кирманды Елдеғұздардан азат етті. Ондағы оғыздарды өзіне вассал етті. Бірақ, Хорезм шахтың 2013 жылғы Иран мен Иракқа жасаған жойқын жорығында Саад Кирманнан айырылып қалды. Ол Ирактағы селжұқ тағынан дәмелі болғанымен, оған да қол жеткізе алмады. Хорезм шах әскері 2017 жылы Салғұрларды тас-талқан етіп жеңді. Саад тұтқынға түсті. Фарстың ең бай қалалары Истахр мен Ишкенванның жылдық табысының үштен бірін Хорезм шахқа хараж салығы ретінде төлеу шартымен ол Шираздағы билігін сақтап қала алды. Өмірінің соңында өз ұлы Әбу Бәкір таққа таласып, онымен алысуына тура келді. Саад атабек 29 жыл билік құрып, 1226 жылы дүниеден озды.
Саадтан кейін Салғұр тағына отырған Әбу Бәкір атабектің тұсында да Фарстың байырғы халқы Шабанкарилер жиі-жиі бас көтерді. Әбу Бәкір атабек Шабанкари әмірлері жасаған бұлғақты толықтай жанши алмады. Осы сәтте Фарстың сыртқы саясаты өте күрделі жағдайға тап болған еді.
Шыңғысхан ұрпақтары өздерінен жеңілген Жалаладдин Хорезм шахты біржолата жою үшін 1228 жылы Иран жеріне басып кірді. Әбу Бәкір алғашқыда Жалаладдин Хорезм шах жағында болды. Моңғол-татарлардың жойқын шабуылына төтеп бере алмайтынына көз жеткізгеннен кейін Үгедей ханға елші жіберіп, оған мойынсұнатынын жеткізді. Үгедей хан 30 мың динар салық төлеу шартымен Фарс өлкесінің билігін Әбу Бәкірге қалдырды. Бірақ, Әбу Бәкір сырттай Үгедей ханға бағынышты болғанымен, Таяу Шығыста дербес әрекет етті. Ол Аббаси халифімен келісе отырып, 1229 жылы Басра шығанағындағы Кайс аралын жаулап алды. Тіпті, өзінің билігін Араб түбегіне дейінгі аймаққа жүргізді. Әбу Бәкір атабек 1260 жылы жетпіс жасында қайтыс болды.
Әбу Бәкір атабектен кейін Салғұр мемлекеті құлдырау кезеңін басынан кешірді. ІІ Саад, оның ұлы Мұхаммед (1260-1262) пен Теркен қатун, Мұхаммед шах (1262-1263), Селжұқ шах (1263), Абиш қатун (1263-1284) дәуірінде Салғұрлар Құлағу Елхандығына бағынды. Абиш қатуннан кейін Салғұрлардың вассалдық мәртебесі біржолата жойылып, Фарс өлкесі Құлағу Елхандығына тікелей бағынышты болды.
Салғұр мемлекетінің басқару жүйесі милитаристік сипатқа ие еді. Мемлекетті негізінен салғұрлардың әскери қолбасшылар мүшелікке кіретін диван басқарды. Одан өзге сарайда атабектен кейін хажиб, силахдар, ташдар, хансалар, хазинадар, надим, саки, фарраш, шомак және хадим атты мемлекеттік қызметкерлер жұмыс істеді. Дегенмен, Салғұр тәуелсіз иелігі атабектің басқаруындағы харизматикалық-монорхиялық билік жүйесіндегі мемлекет еді.
Салғұр атабектері ислам діні кең қанат жаюы үшін мешіт-медреселер тұрғызды. Халыққа арнап рабадтар, ауруханалар салдыртып, су каналдарын қаздырып, бау-бақшалар мен гүлзарлар өсірді. Сүңгір атабек негізін қалаған «Сүңгірийа» медресесі және Әбу Наср уәзір салдырған «Амидийа» медресесі өз дәуірінде Ирандағы атақты діни оқу орны болды. Саад атабек салдырған атақты «Жами Жадид-и Шираз» (бүгінгі күнге дейін жеткен) мешіті Салғұрлардан қалған ірі мәдени ескерткіш болып табылады.
Салғұр атабектері дін ғұламалары мен ақындарға және өнерпаздарға әрдайым қолдау көрсетті. Әсіресе, Моңғол-татар шапқыншылығынан Фарстың аман қалуына байланысты, мұнда көптеген ислам ғұламалары жан сауғалап келді. Сол кезеңде Шираз қаласы ислам мәдениеті мен ғылымының ірі орталығына айналды.
Мұхан ИСАХАН,
дінтанушы, PhD доктор