Сұрақ: Сахабалардың сөздері Құран және хадистер секілді дәлелге санала ма?

Жауап: Жалпы, фиқһ ғалымдары сахабалардан келіп жеткен пәтуалардың Құран, сүннет, ижма мен қияс секілді діни үкімнің негізі саналып-саналмайтындығына қатысты түрлі пікірлер білдірген.

Негізінен, рай және ижтихад жасау арқылы анықтауға келмейтін мәселелерде оның дәлелге саналып, оны негізге алу қажеттігіне барлық ғалымдар келіскен (З. Шағбан. Усуслул-фиқһ. –  184-185 б.).

Ал, ғалымдардың пікірлерінің түрлі болуына негіз болған мәселе – сахабалардың жеке көзқарасы мен ижтихадына сүйенген тұжырымдарының олардан кейінгі ұрпақтардың бағынуы қажет қайнаркөз саналып-саналмайтындығы. Бұған қатысты көптеген мәселелер фиқһ кітарында кеңінен талқыланғандықтан біз қысқаша ғана баяндай кетейік.

Олардың берген пәтуаларының мына алты ықтималдылықтан бесеуінде негізге алынатын жәйттар:

  1. Пәтуасын Пайғамбарымыздан өз құлағымен естігенін айтса;
  2. Пайғамбарымыздан естіген басқа бір сахабаның сөзі болса;
  3. Бізге белгісіз бір мәселені Құран кәрімнің бір аятынан түсінгендігінің нәтижесі болса;
  4. Сахабалардың барлығы бірауыздан келіскен пәтуа, бірақ бізге тек пәтуа берушінің сөзі келіп жетсе;
  5. Сахабалардың араб тілін жақсы білуі, уахидің түскен жайттарын көздерімен көрулері, сол мәселелердің астарындағы мәнді көздерімен көрулерінің нәтижесінде берген пәтуасы біздің терең түсіне алмай, оның жақсы түсінген бір мәселенден келіп туындаса, олардың пәтуасына бағыну қажет.
  6. Алайда, сахабаның пәтуасы Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) риуаят етілмеген, өз көзқарасының нәтижесінен туындап, көзқарасының қате екендігі айқындалса, онда олардың сөздері дәлелге саналмайды.

Міне, осылардан байқағанымыздай алты ықтималдылықтан бесеуі негізге алынып, біреуі алынбайды. Бұл да жалпы алғанда сахабалардың сөздерінің дәлел екендігін көрсетеді. Кесімді болмағанымен соған жақын бір ой салады. Сондықтан олардың көзқарасы дәлелге саналуға лайық.

Осы мәселеге қатысты төрт мәзһаб имамынан мынадай сөздер келіп жеткен:

Имам Мәлік: «Алла елшісі мен одан кейін келген халифалар діни пәтуалар шығарған. Оларды негізге алу Алланың кітабын растау әрі Оған толықтай мойынсұну деген сөз. Ешкімнің бұл үкімдерді өзгертуге, оларға қайшы келгендердің көзқарастарына сенім артуға ақысы жоқ», – деген.

Имам әш-Шафиғи: «Сахабалардың бірі бір мәселеге қатысты пікір білдіріп, өзге сахабалардың оған қосылғандығы немесе қарсылық танытқандықтары анықталмаған жағдайда, ол мәселеге қатысты Алланың кітабынан, Пайғамбарымыздың сүннеті мен ижмадан қандай да бір үкім таба алмасам, сол сахабаның сөзіне бағынамын», – деген.

Ахмад ибн Ханбал: «Еру дегеніміз – Алла елшісінен және сахабалардан келіп жеткен пәтуаларға мойынсұну», – деген.

Имам Ағзам Әбу Ханифа діни үкім шығаруға қатысты өз сөзінде: «Мен ең әуелі Алланың кітабын, сосын Пайғамбарымыздың сүннетін негізге аламын. Одан кейін әуелі сахабалардың келіспеген тоқтамдарынан бұрын, бірауыздан келісімін берген байламдарына үңілемін. Солардың ішінен өзімнің көңіліме жақын келгенін аламын. Содан кейін барып қана қияс жасаймын» (Бағдади. Тарих. – 368 б. 1- т.) – деп, осы дәстүрден ауытқымаған, дәлелдерге ерекше мән берген, діни мәселелерге үлкен жауапкершілікпен қараған мүжтәхид болатын.

Имам Әбу Ханифаның сахабалар көзқарастарын алып, солардың айтқан өлшемдерінің шеңберінен шықпай жүруі, оларға сеніп, құрмет етуі үкімдерінің тек қана өз ойынан шықпағандығын көрсетеді.

Осылайша, Әбу Ханифа сахабалардың (бірауыздан келіскен) сөздерін дәлел деп тапқан. Әрине, сахабалардың бәрінің дәрежесі бірдей емес еді. Олардың арасында дінді терең меңгеріп, үкім шығаруда ерекше қабілеттерімен танылғандары да бар еді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Қызбен жүру күнә ма?

Ханафи ғалымдары қияс жасамастан бұрын сахабалардың пәтуаларына қарайтын. Сахабалардың бірауыздан келіскен шешімдерін алып, қиясты тәрк ететін. Осыған қатысты Кәрхи Әбу Юсуфтың мына сөздерін келтіреді: «Дәрет пен ғұсылдың екеуінде де ауыз бен мұрынға су алу қиясқа салсақ – сүннет. Бірақ, Ибн Аббастың сөзін негізге алып, қиясты тәрк еттік. Жараның аузынан ақпаған қан қияс бойынша дәретті бұзғанымен, Ибн Аббастың сөзін негізге алып, қиясты тәрк еттік. Бір күн, бір түн немесе одан да аз уақытқа талып қалғанда қияс бойынша оқылмаған намаздардың қазасын өтеу қажет болса, бұл қиясты Аммар ибн Ясирдің сөзіне сүйене отырып, тәрк еттік…» (Сарахси.  Усул. – 106 б. 2 –т.)

Жалпы, ханафилар сахабалардан келіп жеткен және ол жайлы дау тудырмаған қандай да бір хадисті дәлел ретінде қабылдаған. Олардың бір тоқтамға келмей, түрлі көзқарас білдірген хабарларын үкімге негіз етіп алмаған. Ондай жағдайда хабарды жеткізуші қаталескен немесе ол үкімнің күші жойылған деп бағалаған.

Мәселен, Амр ибн Шұғайыбтың әкесі және атасы арқылы Пайғамбарымыздан (с.а.с.) риуаят еткен «Зекет, оны жеп тауыспастан бұрын жетімдердің дүние-мүлкінен жақсылық жолында жұмсаңдар» (Осыған ұқсас риуаятқа қараңыз: Муатта, Зекет, 12) деген хадиске сүйене отырып, сахабалар балиғатқа толмаған баланың дүние-мүлкінен зекет беріп-берілмейтіндігі жайлы өзара бір ортақ тоқтамға келе алмаған.

Әзірет Әли мен Ибн Аббас секілді сахабалар осы хадисті дәлел ретінде қолданып, зекет берілу қажет деп тапса, Ибн Мәсғуд өсиет тасталған баланың зекет берілуі тиіс жылдарды есептеп, балиғатқа жеткен соң оған хабар беру керектігін, алайда, беріп-бермеуге келгенде ерікті екенін айтқан.

Ханафилар бойынша, егер бұл хадис нақты болса, сахабалар арасында кең тарап, пікір қайшылығы туындаған жағдайда дәлел ретінде қолданылар еді ғой деп ой түйген.

Кейінгі ғасырдағы кейбір ханафи, шафиғи және малики ғалымдарының кейбіреулері жоғарыда айтқанымыздай сахабаның жеке көзқарасы мен ижтихадына сүйенген сөздерінің дәлелге саналмайтындығына қатысты мынадай уәж айтқан:

Сахабалар дәл пайғамбар секілді масум (күнәдан сақталған, бейкүнә) емес. Өзге мужтахид ғалымдар секілді олардың да қателесуі әбден мүмкін. Олардың ілім, тақуалық әрі абыройлылық тұрғысынан жоғары тұрулары өзге мужтахид ғалымдардың оларға бағынуларын міндетті етпейді.

Сахабалардың өздері қателесулері мүмкін екендіктерін білетін және қателіктерін басқалар дәлел келтіру арқылы түзетсе қуанатын.

Кейбір табиғиндердің (сахабалардан кейін келген буын) базбір мәселеде сахабалардың сөздеріне қарсы шығып, көзқарастарын білдіргенде сахабалардың оларға қарсы шықпай, солардың көзқарастарын мойындаған кездері тарихтан белгілі. Егер сахабалардың сөздері басқа ғалымдар үшін мойындалуы тиісті құжат болса, табиғиндер оларға қарсы шықпас еді һәм сөз иесі сахаба оның қарсы шығуына жол бермес еді.

Осылардың бәрін қорыта келе, мынаны айтуға негіз бар: сахабалардың сөздері екі ижтихадтың бірін таңдау мәселесінде таңдауға лайығырақ, алайда Құран мен сүннет секілді оны жетекшілікке алу парыз саналатын діни дәлел емес. Өйткені дәлелге саналу ерекшелігін иелену үшін Құран мен сүннеттен айқын дәлел келтіру қажет. Ал, бұл екеуінде сахабалар сөзіне міндетті түрде бағыну қажет екенін көрсететін құжат жоқ (У. әз-Зухәйли. әл-Уәжиз фи усулил-фиқһ. – 107 б.).

Алау ӘДІЛБАЕВ

Пікір жазу