Садақа қайда кетіп жатыр?

    413

    Алғашқы халифалар дәуірінің өзінде-ақ мешіт жәшіктері болған көрінеді. Жәшіктің қол сиятындай саңлауы болып, оған кісі садақа салып жатқаны, не мұқтаж болса қажетін алып жатқаны байқалмайды екен. Оның себебі де мәлім. Исламның алтын ғасыр дәуірінде қоғамда алаяқтық атымен жоқ десе де болады. Сондықтан, мұқтаждың өзі де ынсаппен алатын шығар. Мұны «жәшік болған ба, жоқ па» дегенге жауап ретінде қабыл алыңыз.

     Ал енді, ол қаражат қайда жұмсалады деген бәзбіреулердің көкейін тесіп бара жатқан сауалға келсек. Мешіт жылуы, жарығы мен суы һәм тазалығы қыруар қаражатты талап ететіндігі белгілі. Мұны бір бөлмелі пәтердің коммуналды қызмет шығынымен есептеп көріңіз. Ары барса 4 адам тұратын пәтер мен тәулігіне мыңдаған жамағат кіріп шығатын мешіт шығынын салыстыруға келмейтініне барлығыңыз келісесіз деп ойлаймын. Сонымен бірге, жүздеген мұқтажға ай сайын азын-аулақ көмек те қарастырылған. Бұл ауқымды қайырымдылық шараның ұшы ғана екенін ескерейік.

    Енді, мешітке селше ағылып жатқан қыруар қаражатты кім беріп жатыр? Әлде, ағылып жатыр деген біздің пенделік ойымыз ғана ма? Негізі, мешіт қаражаты қалай жұмсалып жатыр деген сауалдың орнына басқа сұрақты ұсынамын. «Мен діни кітапты сатып аламын ба? Жұма сайын дәрет аламын тым болмаса айына бір рет судың ақысы деп садақа беріп тұрсам қайтеді? Мешіттегі сауат ашу курсы ақылы ма?» деген сияқты. Ал, жоғары білімді дін мамандарының әлеуметтік жағдайын сұрамай-ақ қойыңыз. Олардың мықты демеушісі бар. Ол – барлық тіршілікке ризық беруші Алла.

    Бұл мәселеде ең маңызды жайт – садақа беру әдебін білу. Садақа әдебін екі ауыз сөзбен айтқанда: Құдай разылығы үшін беру, өзіңізге қажеті жоғын емес ең жақсысын беру, жұртқа көрсетпей мейлінше байқатпай беру, садақаны ағайын-туыстан бастаған жөн және ең соңғысы садақаның сауабы еселенетін жұма, рамазан сияқты уақыттарда беру.

    Айша (р.а.) анамыз күміс теңгесін садақа етіп бермес бұрын, дирһамды иіс сумен сүртеді екен. Мұның сырын сұрағанда «Садақа мұқтаждың қолына тимей тұрып-ақ Құдайдың құзырында қабыл болады» деп құдайы садақа адамның жақсы дүниесінен болуы керектігін айтып жеткізген деседі.

    Kazislam.kz

    Пікір жазу