Сұрақ: «Мал – мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар, ауруларыңды садақамен емдеңдер және басқа келер бәлеге дұғамен қарсы тұруға дайын болыңдар!» деген хадисті қалай түсінуге болады? Себеп-салдар тұрғысынан қарағанда бұлардың бір-бірімен байланысы жоқ қой.
Жауап: Иә, Имам Табаранидің «Муғжаму әл-кәбир» атты хадис жинағында және өзге де кітаптарда «Мал – мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар, ауруларыңды садақамен емдеңдер және басқа келер бәлеге дұғамен жауап беруге дайын болыңдар!» деген хадис кездеседі.
Бұл хадис Алланың құдыретіне иман келтірудің қаншалықты маңызды екенін, барлық нәрсе тек қана материалдық себептерге ғана байланысты емес екенін соқырға таяқ ұстатқандай ұқтырады. Әрине бұл себептерді мүлдем ескермеу керек деген сөз емес. Әсілінде дүниедегі себептер – сүннәтулла, яғни Алла Тағаланың бекіткен заңдылықтары.
Негізі осы мағынаны қуаттай түсетін өзге де аяттар мен хадистер баршылық. Солардың негізінде осы жерде айтылған үш мәселені жеке-жеке тарқатуға тырысайық:
- «Мал – мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар».
Зекет –мұсылманның мал-дүниесінен қырық та бір, яғни 2,5 пайыз көлемінде Құранда көрсетілген арнайы орындарға берілетін дүние.
Негізі «зекет» сөзінің тілдік мағынасын алып қарар болсақ, ол «тазарту» деген мағынаны білдіреді. Яғни қазақ атамыз «дүние – қолдың кірі» демекші жиналған дүние мүлкіміздің белігі бір бөлігін беру арқылы біз мүлкімізді ластықтан арылтып, тазартамыз. Мұны адамның қан алдырып тұруының ағзаға берер пайдасымен салыстыра кетуге болады. Ол адамның бойына жаңа қанның келуін қамтамасыз етіп, ағзаның жақсы жұмыс істеуіне жол ашады.
Шындығында математикалық есеппен алсақ, жүз теңгеден екі жарым теңгені беру ақшамызды азайтады. Алайда оның орнын Алла Тағаланың өзі қайта толтырады. Пайғамбарымыз осыған қатысты бір хадисінде:
«Садақа еш уақытта мал-мүлікті кеміткен емес» (Муслим, бирр 69) десе, тағы бір хадисте: «Алла тағала: Ей, Адам баласы! Дүние-мүлкіңді игі жолда жұмсағын. Сонда саған да молынан берілетін болады» делінеді (Бұхари, тәфсиру сура 11-2; Муслим, зәкәт 36).
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте:
«Расулалла (с.ғ.с.): Күн сайын таңертең Алланың құлдары ұйқыларынан енді оянып жатқанда, көктен екі періште түседі. Бірі: Уа, Алла тағалам, дүние-мүлкін игі жолға жұмсағанның дүниесінің орнын толтыра гөр! – десе, екіншісі: Уа, Алла тағалам, жиған-тергенін жұмсамай, тығып отырған сараңды шығынға батыр! – деп, дұға жасайды – деп айтты» – делінген (Бұхари, зәкәт 27; Муслим, зәкәт 57).
Өз кезегінде Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла жолында не жұмсасаңдар да, Алла тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» («Сәбә» сүресі: 34/39) деу арқылы берілген малдың орын толтыратындығына кепілдік беруде. Тіпті мына аят берілген мал-мүліктің орнын толтырып қана қоймай еселей түсетіндігін:
«Егер, Аллаға көркем қарыз берсеңдер, (тиісті орынға мал сарып қылсаңдар) оны сендер үшін неше есе арттырады әрі сендерді жарылқайды. Алла шүкірлікті бағалаушы, өте жұмсақ» («Тағабун» 17-аят) деп баяндауда.
Сондықтан Аллаға иман келтірген мұсылман адамның жүрегінде бұл мәселеде ешқандай күдік, күмән болмақ емес.
2. «Ауруларыңды садақамен емдеңдер».
Себептер тұрғысынан алғанда аурудың емделуіңнің садақа беруге қатысы жоқ секілді көрінуі мүмкін. Негізінен ауырған адам емделу үшін дәрігерге қаралып, берген емін қабылдауы тиіс.
Әрине дәрігер мен дәрі-дәрмектер – себеп қана, ал шипаны беруші – Алла Тағала. Құранда:
«Ауырғанымда маған шипа беретін де – бір Өзі» («Шұғара» сүресі, 80) деу арқылы Хақ Тағала мұны нақты білдірген. Жаратқан иеміздің көркем есімдерінің бірі «әш-Шәфи», яғни шипа беруші есімі де бұл шындықты қуаттайды.
Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде: «Садақа беруде асығыңдар. Өйткені апат садақадан оза алмайды» (Табарани, Бәйхақи) десе, тағы бір сөзінде: «Садақа пәле-жаланы қайтарады және өмірді ұзартады» (Хайсами, Мәжмәу әз-зәуәид) деу арқылы садақа берудің түрлі пәле-жаладан құтқаратынын айтқан. Ауру-сырқауды да сондай қиындықтың қатарына қосуға әбден болады.
Негізінен емделуді материалдық және рухани тұрғыдан қарастыруға болады. Пайғамбарымыз «күллі дерттің дауасы бар» деп емделудің жолдарын іздеуді насихаттағаны және түрлі емделу жолдарын ұсынғаны белгілі.
Сондай-ақ Пайғамбарымыздың ауырған кезде оқуды өсиет еткен түрлі Құран аяттары мен дұғалары да бар. Міне, сондықтан да садақа беру арқылы бір мұқтаждың қажеттілігн өтеген кезде, Алла тағала разылығын танытып, сырқатымызға шипа беретіндігінде ешқандай күмән жоқ.
Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте:
«Алла елшісі (с.ғ.с.): Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды, оны сатпайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла тағала да оның қажетін өтейді…» (Бұхари, мазалим 3; Муслим, бирр 58) деген.
Бұған қатысты өмірде орын алған көптеген мысалдар жеткілікті.
- «Басқа келер бәлеге дұғамен қарсы тұруға дайын болыңдар»
Негізінен келейін деп тұрған қандайда бір қауіп-қатер, пәлекетке де соның себептерін жасау арқылы дайындалу қажет екені мәлім. Мәселен жау шабайын деп тұрса, қаруланып қорғану, су басатынын білсек, қорған салу, жұт боларын білсек, азық жинау т.б. секілді. Алайда бұл сақтық шараларын жасаумен қатар Құдайдан сұраудың, дұға тілеудің қаншалықты маңызды екендігін көрсететін көптеген аяттар мен хадистер бар. Алла Тағала:
«(Мұхаммед с.ғ.с) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: Мен оларға өте жақынмын, тілек тілеушінің дұғасына жауап беремін» («Бақара» сүресі,186), «Маған дұға етіңдер, сендерге жауап беремін» («Ғафир» сүресі, 60)
деу арқылы кез-келген жағдайда Алла тағалаға дұға жасап, қажеттілігімізді сұрау керектігіне баса назар аудартады. Әрине дұғаның іспен әрі сөзбен жасалатын түрлері бар екенін де айта кету керек. Жаратқан Иеміз сол екеуін де қатар алып жүру керектігін үйреткен. Ардақты Пайғамбарымыз да солай жасағандығы тарихтан мәлім.
Ал біздер көбіне барлығын себеп-салдармен өлшеп, дүниелік заңдылықтардан аса алмай, себептерге байланып, себептерді жаратқан «Мусаббибу әл-Әсбаб», Алла тағаланың құдыретін естен шығарып алып жатамыз. Сондықтан да Ардақты елші (с.а.с.) «Дұға – мұсылманның қаруы, діннің тірегі, жер мен көктердің нұры» (Хаким, Мустәдрәк, 1/492) деп кез-келген қиындыққа қарсы төтеп берер қарудың дұға екенін ескерткен.
Ибн Омар былай дейді:
«Алланың елшісі: «Кімге дұғаның қақпасы ашылса, оған рақымдылық қақпасы ашылғаны. Алладан (дүниелік нәрселердің ішінен) сұралатын нәрселердің ең ұнамдысы – амандық, саулық. Дұға басқа түскен және әлі келмеген барлық нәрселер (қиындықтар, пәле-жалалар) үшін пайда береді. Олай болса, сендер дұға етіңдер» деді» (Термези, Даауат 112).
Демек мұсылман баласы басына келген қиындықтан құтылу үшін Алладан жалынып, жалбарынып кешірім сұрап, басына келейін деп тұрған қатерлерден де аман сақтауы үшін Алладан пана тілеп, дұға жасау қажет.
Міне, көріп отырғанымыздай, ислам діні тек себептерге ғана тәуелді детерменистер секілді емес, құдыреті шексіз Алла тағалаға кіршіксіз иланып, әрдайым Оның рақым қақпасының есігін қағып, мұң-мұқтаждығымызды Өзінен сұрау керек екенін ұқтырады.
Алау Әділбаев
теология ғылымының докторы
Жауабыңызға рахмеет. Аллаға деген мейірім мен махаббаттым күшейе түсті.