Сұрақ: Сабырлық қанша түрге бөлінеді?

Жауап: Мұсылман ғалымдарының айтуынша сабырлық негізінен үш түрлі. Оларды төмендегі реттілікпен көрсетуге болады:

1. Ғибадатқа, яғни құлшылыққа байланысты сабырлық. Мысалы, намазды, оразаны, зекет, қажылықты лайықты түрде орындауға сабыр көрсету. Әрбір мұсылманның мойнына жүктелінген міндетті парыздарды уақытымен орындау оңай шаруа емес. Сондықтан да, құлшылық ету – адамнан үлкен сабырлық пен ұстамдылықты қажет етеді.
2. Адамның күнә істерден бас тартып сабырлық етуі. Нәпсі, адамға дініміз тыйым салған түрлі бұзық әрі денсаулыққа зиянды нәрселерді әдемі етіп көрсетеді. Бірақ, адам өзін тежеп, соған сабырлық қылуы керек. Нәпсіні ауыздықтап, ұстамдылық таныту – нағыз мұсылманға тән қасиет.
3. Бәле-қазаға байланысты сабыр ету. Басқа түскен қазаға, ауруға, өмір қиындығы мен машақатына және сол сияқты т.б. Алланың жіберген сынағы деп, сабыр ету. Мысалы, жақын адамы қайтыс болса, сезімдерді билеп, «Алланың тағдыры» деп шынайы түрде мойынсұну иманы берік мұсылманның ғана қолынан келетін іс. Өзі немесе бала-шағасы ауырып қалса, сабыр етіп, оның сыйын Жаратушыдан күту нағыз мүміндік сипат.

Жалғас Садуахасұлы

Пікір жазу