Оқырмандар назарына ұсынылған басылымға «Діни лидерлер мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және даму жолындағы үнқатысуы» атауымен өткен съезге қатысқан әлемге танымал діни және саяси қайраткерлердің сөздері енгізілді. Естеріңізге сала кетсек, аталмыш форумға әлемдік конфессиялардың жетекші өкілдерімен қатар, БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания королі ІІ Абдалла, Финляндия Президенті Саули Нийнистё, ЕҚЫҰ, БҰҰ Өркениеттер альянсы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Ғылым, білім және мәдениет мәселелері бойынша ислам ұйымының (ИСЕСКО) жетекшілері, БАҚ, діни және қоғамдық ұйым өкілдері қатысқан болатын. Қорытынды декларациямен қоса съезд материалдарының толық жинағы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде беріліп отыр.

«Саясаткерлер мен діни лидерлердің жаңа үлгіде пікір алмасу қажеттілігінің бұрыннан туындағаны сөз сөйлеушілердің ой-толғамдарынан анық байқалды. Президент Н.Назарбаев дін және саясат үнқатысуын орнату бастамасын көтерді. Өйткені, қазіргі өркениетті қоғам конфессия­аралық және діни-зайырлы қарым-қатынастардың сын-қатерлеріне тиісті жауап қайтара алатын жағдайда емес», – деп атап өтті Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығының басшысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төраға­сы Қасым-Жомарт Тоқаев оқырмандарға арналған алғысөзінде. «Астанадағы діни саммит мемлекет қайраткерлері мен діни лидерлердің қазіргі заманның ең өткір мәселелері бойынша ортақ пікірлерін анықтауға мүм­кіндік берді. Осы жиында тоғысқан ұстанымдар форумның 12 жылдық тарихында ғана емес, қанды қақ­тығыстарды реттеуге арналған көптеген халықаралық іс-шаралардың теңдессіз құжатына айналған Қорытынды декларациядан көрініс тапты», – деді Қ.Тоқаев кітап оқырмандарына арналған сөзінде. Сенат Төрағасының айтуынша, «Съезге қатысушылар өз сөздерінде радикализммен тек күш қолдану арқылы күрес жүргізудің мүмкін еместігін, бірінші кезекте ағартушылық, жоғары діни сауаттылық, жастарды белсенді әлеуметтік, саяси және экономикалық өмірге тарту жұмыстары атқарылуы қажеттігін алға тартты».

Қ.Тоқаев форумның ашылуында Елбасы әлемдегі миллиардтаған адамның үрейі мен үмітін айқындаған «бес үндеуді» тұжырымдап, ұсынғанын еске салды. Қазақстан басшысының идеялары мен ұсыныстары съезге қатысушылар тарапынан толықтай қолдауға ие болып, форумның декларациясына енгізілді. Бұл тұжырымдарда әскери қақтығыстарды тоқтатып, бітімге келу, саяси текетірестерді күш қолдану арқылы шешу жолдарынан бас тарту, ірі мемлекеттер арасындағы сенім алшақтығын қалпына келтіру сияқты ауқымды мәселелер қамтылған. Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарын конфессияаралық алауыздық отын жағу мақсатына пайдалануды тоқтатуды талап етті. Сондай-ақ, діни және саяси қайраткерлердің күшін біріктіріп, кедейшілік, аштық, індет, жұмыссыздық мәселелерін шешуге, техногендік және табиғи апат­тарға қарсы күресуге шақырды.

«Діни лидерлердің съезі жаңа мазмұндық деңгейге көтерілді. Себебі, рухани қайраткерлер тек Құдайға қызмет етіп, уағыздар айтумен шектелмей, өздерінің беделі арқасында адамзаттың аса күрделі мәселелерін шешу жұмыстарына да қатыса алады. Діни лидерлер декларацияны қабылдай отырып, оны іске асырудың моральдық жауапкершілігін өз мойындарына алды. Астанадағы діни саммиттің саяси мәні де осында», – деді Қ.Тоқаев. Төрағаның пікірінше, Қазақстан өз тарапынан әлемге төзімділік пен этномәдени әралуандықтың үлгісін паш ете отырып, жаһандық бейбітшілік пен даму жолындағы үнқатысуды нығайтуға күш сала береді.

Басылымда пікірталастардың мазмұны мен съезд қорытындылары баяндалып қана қоймай, Астанадағы кездесудің айрықша көңіл-күйі әсерлі суреттермен берілген.

Кітап халықаралық саясат, дінаралық қатынас және мәдениеттердің өзара байланысы мәселелеріне қызығушылық білдіретін барша оқырман үшін пайдалы дүние болары даусыз.

Одан басқа, жүйеленген материалдар съездің бұдан былайғы жұмысының негізі болып табылады. 2016 жылғы маусымға Съезд Хатшылығының кезекті отырысы жоспарланды, оның қарсаңында Астанада халықаралық парламентшілер, беделді діни қайраткерлер мен дінтанушы сарапшылар қатысатын «Дін терроризмге қарсы» халықаралық конференциясы өтеді.

Пікір жазу