Біз қазіргі күнде осындай айтулы оқиғалар қатарымен кемелденген биылғы жылдың елімізді Мәңгілік Елге айналдыру мақсатында қолға алынып отырған батыл жобалар мен бағдарламалардың сәтті іске асқан жылына айналғанына куә болып отырмыз.
Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы елімізде жыл сайын 18 қазанда дәстүрлі түрде аталып өтетін Рухани келісім күнімен де тікелей байланыста көрініс табады. 1992 жылғы қазан айында Алматы қаласында Рухани келісімнің бірінші конгресін өткізуде Елбасының рөлі ерекше. Аталған конгреске қатысқан танымал діни және қоғам қайраткерлері осы күнді адамдар арасындағы өзара түсіністікке қол жеткізу және бітімгершілікті іздеу күні ретінде бекітуді ұсынған болатын.
Егер өткенімізге ой жүгіртер болсақ, онда алғашқы Бүкіләлемдік рухани келісім конгресі 1893 жылы АҚШ-тың Чикаго қаласында өткенін көрер едік. Тек араға ғасыр салып осынау ізгі бастама қазақ жерінде нақты іске аса алды.
Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Ресей, Австрия, Италия, Швейцария, Үндістан және басқа да елдерден келген Алматыдағы Рухани келісімнің бірінші конгресіне қатысушылар өз манифесінде 18 қазанды Рухани келісім күні ретінде атап өту бастамасын көтерді.
Рухани келісім күні елордамыз Астана қаласында 1997 жылы алғашқы рет кең көлемде аталып өтіп, ол өзімен бірге қайырымдылық істерге қолғанат болудың жаңа миссиясын алып келді. Ізгілік пен мейірімділікке жол салған осынау бастама бүкіл ел көлемінде жалғасын тапты. Осы орайда 2010 жылы Астана қаласында өткен Рухани келісім күнінде Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумының ашылу шарасы өткенін және оған әлемнің 70 елінен делегаттар қатысқанын айта кету керек.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев форумға қатысушылар мен меймандар алдында сөйлеген сөзінде өз ойын: «Бейбітшілікке, келісім мен әділдікке ұмтылу кез келген халықтың рухани мәдениетінің негізін құрайды. Осы тұрғыдан алғанда, көпұлтты қазақстандық мәдениеттің рухани бастауларын нығайта түсу біздің мемлекеттік саясатымыздың маңызды бөлігі болып табылады. Қазақстанда жыл сайын Рухани келісім күні аталып өтеді. Елордамыз Астана қаласы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі өтетін орынға айналды… Бүгінгі күнде түрлі этностық және діни ерекшеліктерге ие адамдарды біріктіруге қабілетті рухани құндылықтарды орнықтыру әлемнің әртүрлі елдерінің діни көшбасшылары, ғалымдары, мәдениет пен өнер қайраткерлері тарапынан үнемі назар аударуды және күш-жігерді қажет етеді», – деп түйіндеген болатын.
Сондықтан, алдағы Рухани келісім күні қарсаңында оның біздің қоғамдағы орны мен мәніне кезекті рет ой жүгіртіп қоюдың маңызы зор деп білемін.
Қазақстан Республикасы – бұл Еуразия құрлығы мен Ұлы Жібек жолының орталығы, әртүрлі өркениеттер мен рухани мәдениеттердің тоғысқан жері. Туған жердің тарихын тану осы жердегі археологиялық жәдігерлерді, жазбаша тарихи құжаттарды және сан ғасырлардан бері халықпен жасасып келе жатқан әпсаналар мен аңыздарды білуге ұмтылдырады.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1992 жылы өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 47-сессиясында: «Біз Азияда ерекше таңғалдырар жерде өмір сүреміз. Әлемнің барлық жетекші діндері – иудаизм, буддизм, христиандық, ислам – біздің құрлығымыздың қасиетті жерлерінде бастау алды… Мен біздің барлығымызға болашақ сын-тегеуріндерге бейімделудің оңтайлы жолдарын іздестіруде, адамзат алдында уақыт өткен сайын өзектілігі артып келе жатқан біртұтас ортада өмір сүрудің жаңа негіздерін қалыптастыруда ұжымдасуымыз қажет екендігіне сенімдімін», – деген болатын. Елбасымыздың осынау аталы пікірінің өзектілігі қазіргі күнде қайта жаңғырып отыр.
Өркениеттің рухани әлеуетіне немқұрайлы қарау бүгінгі әлемдегі жаһандық деңгейдегі рухани және адамгершілік дағдарыстарға алып келіп отырғаны барлығымызға аян. Осынау үдеріс адамның өзінің ұлттық тамырынан, тарихынан және адамзатты сан ғасырлар бойы ұйытып келген Бейбітшілік, Келісім, Мейірімділік, Қайырымдылық және Жанашырлық тәрізді құндылықтардан бой алыстатумен қатар көрініс табуда.
Жаһандық деңгейдегі осындай күрделі жағдайда Елбасымыз рухани келісім – біз өзіміздің жаңа тарихымызда экономика, интеграция, жаңғырту және осы тәрізді басқа да еліміз үшін аса маңызды басымдықтармен бір қатарда мән беруіміз тиіс болатын құндылықтардың бірі деген өте маңызды ойды ортаға салды.
Қазақстан халқының дәстүрлі мәдениетіне және қазақ халқының болмысындағы сан ғасырлардан бері жасасып келе жатқан этикалық кодекстен бастау алатын рухани мұраттарға тұғырланатын негіздер біздің елімізде қайта тыныс ала бастады. Сондықтан басқа идеялар мен көзқарастарға төзімділік танытудан, әртүрлі діндер мен этнос өкілдерінің дәстүрлі рухани-адамгершілік және мәдени құндылықтарды ұқыптылықпен қабылдауынан көрініс табатын халқымыздың ділі мен рухының ашықтығы бүгінгі Қазақстан қоғамындағы рухани келісімнің тұғыры болып табылатыны сөзсіз.
Шынында да, этносаралық және конфессияаралық келісім осындай қысқа мерзім аралығында саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларда ауқымды өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Осы ретте, біздің мемлекетіміздің жаңа тарихы түрлі мәдениеттер мен діндердің бейбіт қатар өмір сүре алатындығына ғана емес, сондай-ақ олардың қоғамның дамуына оң ықпал ете алғандығына шынайы дәлел болғандығын атап өткен жөн.
Қазақстанда жасақталған мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара қатынас моделі діндарлардың құқықтары мен бостандықтарын сыйлауға, өзара түсіністікке қол жеткізуге және әріптестік қатынастар орнатуға негізделген. Елімізде ар-ождан, діни сенім бостандығын және ой еркіндігін қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалған.
Мемлекеттің дін саласындағы үйлестірілген әрі пәрменді саясатының нәтижесінде, діни және этномәдени бірлестіктердің рухани келісімге қосқан үлестерінің арқасында біздің елімізде этностық және діни негіздегі шиеленістердің жолына берік тосқауыл қою қамтамасыз етілді. Еліміздің Конституциясында Қазақстан Республикасы дін мемлекеттен бөлінген зайырлы мемлекет екендігі нақты айқындалған. Дегенмен, мемлекеттің дінге қатынасы туралы айтқанда, дін саласындағы өзекті мәселелер мемлекет тарапынан тыс қалмайтындығын атап өткен жөн.
Қазақстан қоғамында берік орныққан рухани келісім халқымыздың мәдени және рухани өмірінің дамуындағы ханафи бағытындағы ислам мен православиелік христандықтың тарихи рөлін мойындауға, сондай-ақ, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін өзге де діндерді сыйлауға үндейді.
Қазіргі таңда еліміздегі діни бірлестіктер тарапынан қайырымдылық көмектер көрсету, отбасылық құндылықтарды нығайту, қылмыстың алдын алу секілді көптеген маңызды әлеуметтік жобалар іске асырылуда.
Бүгінгі таңда Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуда қол жеткізген бірегей тәжірибесі әлемдік қоғамдастықтың сұранысына күн өткен сайын ие бола түсуде. Бүгінгі таңда әлем картасында елордамыз Астана қаласы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру жөніндегі Елбасының маңызды бастамасы іске асырылып отырған мәдениетаралық және дінаралық үнқатысу орталығы ретінде танылуда. Әлем елдерінің дінбасылары мен саяси лидерлері Еуразия жүрегіндегі қазақ жерінде рухани келісім негізі қаланып, діндер үнқатысуы шын мәнінде жүзеге асқандығы жөнінде ортақ пікірді ұстанады.
Үстіміздегі жылғы 10 маусымда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезінде сөйлеген сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун әлем халықтары арасында бейбітшілік пен келісімге қол жеткізу мақсатында саяси және діни лидерлер арасындағы үнқатысуды дамытудағы Қазақстан Президентінің лидерлік қасиетін ерекше атап өтті.
2003 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықта біздің елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бес съезі өткендігі белгілі. Бұл съездер өркениеттер, мәдениеттер мен діндердің жаһандық үнқатысуы туралы идеяларды іске асыруға әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сұхбатқа түсу ниеті елеулі үлес қосатындығының айғағына айналды. Осы тұрғыдан алғанда, Астана съезі ғаламдық деңгейде рухани үнқатысуға тың серпін беріп, қазіргі күнде қарқынды жұмыс істеп отырған Өркениеттер альянсы, Әулие Эджидия қоғамы, Дохадағы дінаралық үнқатысу конференциясы, Мекке халықаралық мұсылман конференциясы, Мадрид халықаралық форумы және басқа да үнқатысу алаңдарының құрылуына себеп болды деп толық сеніммен айта аламыз.
Діни лидерлер съезін өткізу арқылы жаһандық деңгейде рухани келісімді қамтамасыз етудегі Қазақстанның және оның көшбасшысының рөлін Үндістанның аса көрнекті жазушысы және қоғам қайраткері Рабиндрант Тагордың әрбір ұлт өзінде бар жақсылықты жалпының игілігі етуі тиіс деген сөздерімен білдіруге болады. Асыл рух – ұлт байлығы, ал оның жетістігі – біржақты жеке мүдделерді жеңе отырып, әлем елдерін рухани келісімді асқақтатуға шақыру болып табылады.
Қазақстанда заманауи мемлекеттіліктің қалыптасу тарихы әуел бастан-ақ даму жолымыздың дұрыс таңдалғанын көрсетеді. Бұл біздің мемлекеттілігіміздің тұғыры ретінде анықталған саяси тұрақтылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді, әлеуеті күшті экономиканы қалыптастыру мақсатын ұстанған Елбасының саяси көрегендігінің арқасы екендігіне сенімдімін.
Мен жоғарыда айтып отырған ойлар желісінде Рухани келісім күнін рухани-адамгершілік құндылықтарды ой елегінен өткізе отырып, осы негізде жаңа этикалық басымдықтарды қалыптастыру күні деген болар едім. Өйткені, ұлттың рухани-мәдени дамуына қолғабыс ететін жаңа дәстүрлерге қолдау көрсету және орнықтыру арқылы біз жалпы адамгершілік құндылықтардың көкжиегін ұзарта түсеміз. Біз осы арқылы Қазақстанның жаңа ғасырда бейбітшілік пен қауіпсіздік аумағы ретінде даму болашағына шектеусіз кеңістік ашатынымызға кәміл сенімдімін.
Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі