Бірер күн бұрын Ресейдің Ростов-на-Дону қаласындағы көне мешіт ғимаратының (суретте) клубқа айналдырылғанын жазған болатынбыз. Енді Ресей мұсылмандарының рухани жиналысы (РМРЖ) Ростов қалалық мэриясының бұл қадамын сынға алып, оны мұсылмандарға қайтаруға шақырды.
“Ростов мэриясының тарихи собор мешітінің ғимаратын балалар джаз мектебіне беру туралы жақында қабылдаған шешімі көпшіліктің наразылығын тудырды. Ростов мұсылмандары 80-ші жылдардан бастап 1905 жылы дәл осы жерде салынған мешіт ғимаратын мұсылмандардың садақаларымен өз қауымына қайтаруға белсенді түрде тырысты. Ростов облысының ғана емес, Ресейдің көптеген аймақтарының мұсылмандары жергілікті биліктің мұндай ақылға сыймайтын шешіміне келіспейтіндіктерін білдіреді”, – делінген ұйымның сайтында.
РМРЖ қазір Ростов-на-Дону қаласында СКА стадионында бір ғана мешіт жұмыс істейтінін еске салды. Оған тек 500 адам кіріп намаз оқи алады. Бұл жергілікті мұсылмандар үшін жеткіліксіз.
Ресей мұсылмандары рухани жиналысының басшысы, Ресей қоғамдық палатасының мүшесі Альбир-хазрат Крганов Ростов мұсылмандарының ұстанымына қолдау білдіріп, мұсылман ұйымының әр басшысы үшін тарихи мешіт ғимараттарын қалпына келтіру және қайтару үшін күресу міндет екенін атап өтті.