Сұрақ: Құранды дұға ниетімен оқуға бола ма?

Жауап: Құранды дұға ниетімен оқыса болады. Әйгілі сахаба Абдулла ибн Мәсғуд (р.а.) қайтыс болар кезде төсек тартып жатып қалды. Халифа Осман (р.а.) оның көңілін сұрап, қандай шағымының бар екенін білгісі келгенде ибн Мәсғуд:

– Бір ғана шағымым бар, ол – күнәларым, – дейді. 

Хазіреті Осман:

– Ия, Ибн Мәсғуд не қалайсың? – деп сұрайды.

Ибн Мәсғуд:

– Алланың рақымын, – деп көптен күткен үмітін айтады.

Осман халиф:

– Жылдар бойы алмай тартынған, саған мемлекет тағайындаған айлығыңның берілуін әмір етейін бе? – деп өзінің қолынан келетін шаруаны айтады. Сонда Ибн Мәсғуд былай деп тіл қатады:

– Мұнан соң оның пайдасы бола қоймас. Балаларым кедей болып қалады деп қорқамысың? Мен оларға әр түні «Уақиға» сүресін оқыңдар деймін. Өйткені, Алла Елшісінің: «Кімде кім әр күні жатарда «Уақиға» сүресін оқитын болса, дүниеде таршылық көрмейді», – деп айтқанын естіген едім.

Жалғас Садуахасұлы