@ quran-sunna.ru

Егер бір мүміннің жүрегін біреудің махаббаты толықтай жаулап алатын болса, онда ол үшін одан басқа сүйікті қалмайды. Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) сияқты ол да өзіне ешнәрсе алып қалмайды. Ол өз нәпсісі үшін мал да, бала-шаға да алып қалмады. Сүйікті қызын Алла елшісіне некелегені секілді бүкіл малын да соның жолына сарп етті.

Абдулла ибн Омар (р.а.) айтады: «Бірде ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хазіреті Әбу Бәкір (р.а.) бірге отырған болатын. Әбу Бәкірдің үстінде көкірек тұсына жіппен байлап қойған бір жамылғы бар еді. Сол сәтте Жәбірейіл періште келіп пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Алланың сәлемін жеткізіп:

– Уа, Алланың елшісі, неліктен Әбу Бәкір (р.а.) үстіне жамылғы байлап алған? – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– Меккенің жеңісінен бұрын барлық мал-мүлкін маған әкеліп берген, – деді. Жәбірейіл (а.с.):

– Оған Алланың сәлемін жеткіз және оған: «Раббың сенен: «Сен осы кедейлігіңде Маған разысың ба, әлде ашулысың ба?» деп сұрап жатыр» деп айт, – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Бәкірге бұрылып:

– Әй, Әбу Бәкір, мында Жәбірейіл (а.с.) келіп саған Раббыңның сәлемін айтуда және осы кедейлігің үшін разысың ба, әлде ашулысың ба деп сұрап жатыр, – деді. Әбу Бәкір (р.а.) жылап жіберді. Сосын:

– Раббыма ашуланушы ма едім. Мен Раббыма разымын. Мен Раббыма разымын, – деді».

Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

Пікір жазу