Сұрақ: Құран тек ақырет пен өлім туралы айта ма?

Жауап:  Құран моральді-этикалық құндылықтардың қайнар көзі. Құранды адам баласының өмір сүруі тиіс қағидалар мен адам хақындағы талаптар жиынтығы десек болады. Құран адамның танымдық мүмкіндіктері мен рухани сұраныстарын баяндайды. Негізі топырақ, кейін тәнге айналған адам, әлемді және ақиқатты тануына мүмкіндік беретін рухани қасиеттерді иеленіп, Құдайдың әуел бастан қалаған образына айналады. Құранда адамның дүниеге келу мақсаты – Аллаға құлшылық жасау екені түсіндірілді. Өйткені Құрандағы басты мәселе – адам, оның өмірі, мақсаты мен мәні. Сондықтан Құранда мораль, адамгершілік, ахлақ ілімі деген сияқты т.б. құндылықтар баса айтылады.

Құранда шариғат заңдары мен үкімдерін, олардың барлық бастаулары  мен негіздерін табамыз. Себебі Алланың кітабы дін істерінің барлық негіздері мен тармақтарын, амалдары мен ақида мәселелерін қамтиды. Алла тағала:

«Кітапта еш нәрсені қалдырып кетпедік», – деген (Әнғам: 38).

Сол себепті де бұл Кітапта адам және оның өміріне қатысты барлық жағдайлар (бақыт, бақыстсыздық, ғылым, білімсіздік, қарым-қатынас, байланыс, отбасы, қоғам, мемлекет және т.б.) қамтылған. Ибн Масғуд есімді мәшһүр сахабаның: «Егер білімді қаласаңдар, онда Құранды оқыңдар. Күмәнсіз, оның ішінде бұрыңғылар мен кейінгілердің білімі бар», – деп айтқан сөз бір.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу