Қасиетті Құран аятына сүйеніп: «Адамның жаратылу мақсаты – Аллаға құлшылық қылу, яғни Ұлы Жаратушыны тану-сүю; сол танымға сәйкес мәнді ғұмыр кешу», дейміз. Құлшылық – тұтас тіршілікті, бүкіл ғұмырды қамтитын ұғым. Құдайсыз қурай сынбаса, Құдайдың құдыреті қамтымаған құбылыс пен зат жоқ болса, онда иман келтірген жанның бар іс-амалы да Тәңірі Тағаланың разылығына сәйкестендірілуі – шарт. Ол үшін бейсаналы, яғни мақсатсыз, мағынасыз тірлік кешуден арылып, ой-ниетіңді, сөзің мен харекетіңді байыптаған саналы ғұмырға – сапалы өмірге бет бұру ләзім. Осылайша тіршілігің құлшылыққа айналса – жаратылу мақсатыңды ақтағаның, өз дәрежеңді де көтергенің.
Әр нәрсенің өзіндік орны, деңгейі болатыны секілді, құндылығына қарай, құлшылықтардың да сауап-деңгейі әртүрлі. Дін де адам баласының игілігі үшін түсірілгендіктен, мына Әлемнің мазмұн-мәні – Адам болғандықтан, ғаламзат адамзат үшін жаратылғандықтан, құлшылық-ғибадаттың төресі – Адамға жақсылық жасау, Адамды қадірлеу, адам көңілін аулау, адамға қуаныш сыйлау!
Алла Тағала «Менің жердегі халифам-орынбасарым!» («Бақара» сүресі, 30-аят) деп атаған Адамның қадір-құнын келесі аят тіпті аша түседі. Құдіретті де Мейірімді Иеміз былай дейді: «… Бұрын өзі адам өлтірмеген, жер бетінде бұзақылық жасамаған жазықсыз адамды өлтірген адам – барлық адам баласын өлтіргенмен тең! Ал бір адамды тірілтсе (өлімнен құтқарса), онда – барлық адамды тірілткенмен бірдей!…» (Құран, «Мәида» сүресі, 32-аят.)
Асыл дініміздеге: «Адам көңілі – Алланың қағбасы, Жаратушының назары түсетін мекен», «Мүміннің көңілін қирату – мың Қағбаны қиратудан да жаман!» деген қағидаттарды еске алсақ та, адам баласының қадір-құрметі мен құлшылықтың басты нысанасы анықтала түспек. Ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) «Діннің жартысы – сабыр, сабырдың жартысы – ораза» деген секілді хадистерін, бес парыздың қабыл болу шарты – ата-ана разылығына байланғаны туралы өсиетін еске алсақ та: ғибадат мақсаты – көркем мінез, әдеп екенін, ал әдеп – адамдар арасындағы алтын көпір екенін, яғни ғибадаттың түп мақсаты – адам көңілі, жақсылық жасау, қуаныш сыйлау екенін тағы да ұғына түсеміз. Сондай-ақ, «Бауырын алдаған – бізден емес», «Көршісі аш отырып, өзі тоқ отырған – бізден емес» деген секілді хадистерді ой елегінен өткізсек те, дініміздің асыл мақсатына жақындай түсеміз…
Ендеше, қиналып жүрген бауырымызды көре тұра, оған қол ұшын созудың орнына, жақынымызды қуантудың орнына жеке басымызға қатысты құлшылықтарға маңыз беріп, соларды түгендеумен айналысып кетсек, онда дінімізді үстірт түсінгеніміз, таяз ойланғанымыз…
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ