Өзiмiзше қалам кемiрiп, қағаз шимайлайтын болған соң, жақсы-жаман бiрдеңенi түрте жүремiз. Түрткiзетiн – сол баяғы түйсiгi түскiр. Көзiң көрiп, түйсiгiң танып тұрған соң, түртпеске амалың жоқ. Әйтпесе, темекiсi таусылған адам құсап, өз-өзiңнен мазаң кетедi. Жазғаныңды жарытып ешкiм оқымаса да, қағаз бетiне түскеннен кейiн, бойың жеңiлдеп, кешегi Оспанхан ағамызша айтсақ: «қатыныңды сабаған адамша, кәдiмгiдей iшiң босап қалады!»

Әңгiмемiздiң тақырыбы тағы да – Қазақ! Бұл өзi қабырғасын қақырата сөгiп, терiсiнен таспа тiлiп жатсаң да, қыңқ демейтiн, қазақтың өзi секiлдi көндiмбай тақырып. Көндiмбай дейтiнiмiз, бұл тақырыпқа жазған «гөй-гөйiңдi» ешкiм онша назарға ала бермейдi. Әсiресе, бiздiң солтүстiк өңiрдiң қазақтары!

Ит терiсiн басына қаптап, қара есекке терiс мiнгiзiп жатсаң да елең етпейдi. Себебi оқымайды. Ал алда-жалда оқи қалса: «Маладес, әй, рас қой бәрi!» – дейтiнi бар. Бiрақ, әңгiмеге арқау болып отырған Қазақтың бiрi өзi екенiн қаперiне де алмайды, жазғаның!

Бүгінгі Қазақтың бейнесі қандай десеңіз, ол бәрімізге тап-таныс, қараңыздар: Сөз сөйлесек, көбiне бiреулерге сырттан кiжiну болып келедi. Пәленшенiң iшiп-жегенiн айтамыз. Миллиондаған мемлекет қаржысын қалтаға басып, шетел асып кетiп, емiн-еркiн тайраңдап жүргендердi әңгiме қыламыз! Екi күннiң бiрiнде көз алдымызда болып жатқан заң бұзушылықты айтып зар еңiреймiз! Оты жоқ, отаны жоқ бiреулердiң одыраңдап төбемiзге тепкi салып жүргенiн, қоғамға тиесiлi береке-нәсiптiң көлденең көк аттылардың аузында кетiп бара жатқанын айтып, жазып налимыз! Намысымыздың тапталғанын, жiгерiмiздiң құм болғанын айтамыз!

Бірақ, өзiмiз «бiр жерiмiзге» қарамай, намысшыл-ақпыз. Алайда, сол жалған намыстың ар жағында шын намыссыздық, жауырды жаба тоқушылық, жiгерсiздiк, бiреудiң ығына жығылғыштық, бiреудiң көңiлiн тапқыштық сияқты толып жатқан былығымыздың бар екенiн мойындағымыз келмейдi!

Тiптi, осы мақаланы қолына алып оқыған кейбiр қандастарымыз: «Мынау ит қазақты оңдырмаған екен, қандай әкесiнiң құны бар, ей?!» – деп былай лақтыра салса, мен оған еш таңғалмаймын! Себебi, оны да қоздырып отырған бойындағы жаңағы жалған намыс.

Ол мәселенiң түп-төркiнiне ой жүгiртiп отырған жоқ, тек әйтеуiр Қазаққа тиiспесең болды. Ал ана жақта сенiң байлығыңды қымқырып, табиғатыңды ластап, тiлiңдi мазақ етiп жүргендер бұл қазаққа ешқандай қатысы жоқ сияқты! Бiздiң бишаралығымыз бен надандығымыз осында жатыр!

Маған нанбасаңыз, өзiңiз байқап қараңызшы! Бiз қашанда басқаның тiрлiгiне қызыққышпыз, басқаға елiктегiшпiз. Бөтенге бас ұрғышпыз, не айтса да көне кеткiшпiз. Және осы мiнезiмiзге өзiмiз: «Даладай дарханбыз, көлдей кеңпейiлмiз», – деп мақтанамыз. Ал дархандықтың ар жағында – дарақылық, кеңпейiлдiлiктiң артында – келеңсiздiк жатқанын бiлгiмiз келмейдi!

Осының барлығының басын қосып айтар болса, ол – құлдық психология дер едiк! Бұл қазаққа қай ғасырдан, қай уақыттан берi жабысқан дерт, оны ешкiм де тап басып айта алмас, сiрә. Бiрақ, бойымызда осындай кесапаттың бар екені рас. Оны сонау бабалардан ауысты деуге аузың бармайды. Егер олар намыссыз, жiгерсiз болса, аттың жалы, түйенiң қомында жүрiп, Алтайдан – Атырауға, Алатаудан – Сiбiр ормандарына дейiнгi осынау Ұлы даланы бiзге мұра етiп қалдырмас едi ғой.

Әлде, елуiншi жылдардан кейiн дүниеге келiп, арақпен ауызданған ұрпақтың бойына жабысқан дерт пе екен бұл?! Әйтеуiр бар екенi анық!

Кешегi Кеңестiк империяның құзырында болған 70 жылдың соғыстан кейiнгi 50 жылында бiз қайтсек те орыс боламыз деп жанталастық. Саясат та бiзден соны талап еттi. Бiрақ ұлы Киплинг айтқандай: «Батыс – Батыс күйiнде, Шығыс – Шығыс күйiнде  қалатынына» соңынан барып көзiмiз жеттi.

Ғұмыр бойы ұлттық құндылықтарымызға қара күйе жағып, қайтсем де қазақ болмаймын деп жанұшырған, кезiнде партия-кеңес қызметiнде болған көкелерiмiз бен әпкелерiмiз ақыр соңында зейнеткерлiкке шыққан соң, өздерiнiң «қазақтығын» амалсыз мойындады. Сосын ойлайсың, бүгiнгi ұлт намыссыздығының ұрығын алғаш сепкен осылар ма екен деп. Әбден мүмкiн-ау!

Кешегi Кеңес одағы секiлдi алып империя iштен iрiп, iргесi сөгiлiп, әр республика өз тәуелсiздiгiн алып жатқанда, орыстiлдiлермен қатар тұра қалып, Қазақстанға егемендiк қажет емес деп байбаламдаған да сол көкелерiмiз бен әпкелерiмiз едi. Қазақ тiлi мемлекеттiк тiл болуға жарамайды, орыс тiлiнiң мәртебесiн төмендетпеуiмiз керек деп бүйректен-сирақ шығарған тағы да солар болатын.

Ендi осылардың iзбасарлары, арты елудi еңсерiп, алды алпысты алқымдап қалған кешегi партия мен комсомолдың «солдаттары» әлi де номенклатуралық «оқшантайдан» түспей, облыстарды, аудандарды басқарып жүр. Қазiр шынын айтқанда, ұлттық рухымызды төбесiнен тоқпақтап, туған тiлiмiздiң қанатын жаздырмай отырған да осылар!

Бұлар ұлттығымызды ұлықтайтын шаруаға келгенде ұнжырғалары түсiп, керi шегiншектеп, тегi басқалардың туын көтер десе, естерi кете кiрiседi. Ең қорқыныштысы, бұлар қазiр өздерi секiлдi ұлттық құндылықтарымызға шекесiнен қарайтын, болашақ «құлдарды» дайындауда! Билiк пен мансаптың құлдарын! Ертең уақыты келiп, қызметтен кеткенде, орнына осыларды қалдырады. Бұлардың қазаққа жандары ашымасы бесенеден белгiлi. Себебi көргендерi жаңағы.

Қазiр шаруаң болып, әкiмдiктерге кiре қалсаң, бунақ-бунақ бұғағы бар, буындырып галстук таққан жас шенеунiктердi көресiң. Әлгiлер сенi адам екен деп көзiне де iлмейдi. Үлкендi сыйлау, мемлекеттiк қызметкерге лайық мәдениет дегеннен жұрдай. Бұл жастардың түсiнiгiнше, мемлекеттік қызмет деген тендерден ақша жеу үшiн ғана жасап қойған арнайы лауазым сияқты.

Жарайды, қызмет басындағы шенеунiктердiң келеңсiз қылықтары жайлы аз жазылып жүрген жоқ қой. Бұл тақырып әлi де қозғала жатар. Әңгiмемiз «құлдық сана» жайлы болған соң, ендi осы солтүстiк өңiрдегi қатардағы жай қазақтың тiрлiгiнен бiрер мысал келтiрелiк.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ  «Адамды танығың келсе, Отанын қалай сүйетініне қара»

Бiр тойда өзiм куә болған мына бiр көрiнiс есiмнен кетпейдi. Той иесi шақырған болуы керек, осы жерге кавказ ұлтының бiр адамы да келiптi. Кәдiмгi, сайда-саны, құмда-iзi жоқ, жеңiл пайда iздеп жортып жүретiн кавказдықтардың бiрi. Құдай-ау, әлгiнi көрiп, тойға келген қазақтардың таза естерi кеттi. Дереу «Лезгинка» деген бидi қойып жiберiп, жаңағыны ортаға сүйреп алып шыққан бiр топ қарындастарымыз байқұсты олай сүйреп, былай сүйреп, тiптi болмаған соң мойнына асылып сүйдi ме керек, әйтеуiр бiраз «қызықтады».

Араққа бөрткен бiр-екi бауырымыз әлгiнiң тiлiнде сөйлеймiз деп, өздерiнше бiрдеңенi былдырлап әлек. Бәрiнен жетпiстi алқымдап қалған бiр апамыз асып кеттi. Үстелдiң үстiнде жатқан қасықты аузына көлденең тiстеп алып, «ассалап» билей жөнелдi. Сосын әлгi таулықты қаумалап дастарқанға апарып, аузына арақ тосып, кавказша тост айт деп, жiк-жапар болды.

Қазақтардан дәл осындай құрмет күтпесе керек, жаңағы жiгiт ыржалаңдай күлiп, не айтарын бiлмей састы. Қандастарымыздың осы қылығына қарап, жерге кiрердей ұялдым. Мiне, бұл да құлдық сананың бiр көрiнiсi!

Бірақ, бұл қылығы үшiн жаңағы қандастарымызды кiналауға да болмайды. Неге дейсіз ғой? Себебi, бұл жақтағы қазақтың түсiнiгiнше кавказдық дегендер – «ерекше халық». Олар кез келген ауданның, облыстың әкiмдерiнiң есiгiн «теуiп кiредi», құқық қорғау ұйымдарымен ым-жымдары бiр. Қай жерде ақшалы орын болса, солардiкi. Осы аймақтағы егiн шығады-ау деген шұрайлы жерлер де солардың иелiгiнде, табысты кәсiпорындарды да солар бақылайды.

Тағы бір мысал: Бұл күнде өз ұлтымыздан шыққан, ат үстiнде жүрген кейбiр азаматтарды көргенде, кәдiмгiдей iшiмiз жылып қалады. Бұлардың кейбірінің халық пен қоғамға айтарлықтай пайдасы болмаса да, әйтеуiр қаны бiр қазақтың баласы ғой дейсiң. Қазақша айтқанда: «бермесе де бай жақсы, жемесең де май жақсы» дегендей, басқалар келiп барымызды талап жатқанда, бұлар неге алмасқа дейсiң. Бiрақ, кейбiр қылықтарын көрiп тұрып, тағы да жүрегiң айниды.

Бiр жиынды жерде ел iшiнде әжептәуiр абырой-беделi бар азаматпен әңгiмелесiп тұрмын. Өзi кәсiпкер атанып жүрген қалталылау жiгiт. Сөзi де iрi. Аты белгiлi бiраз адамдармен табақтас, дәмдес болғанын мақтана әңгiмеледi. Қазақ қандай деген бiреуге ұялмай көрсетуге жарайтын түр-тұлғасы да бар.

Кенет әлгiнiң өз-өзiнен берекесi кетiп, есiк жаққа жалтақтап, мазасы кете бастады. Апырмау, бұған не болды деп, есік жаққа қарасам, ауданның әкiмi кiрiп келедi екен. Жаңағы дардай болып тұрған азаматым көз алдымда өзгерiп сала бердi. Иiлiп барып қос қолдап әкiм мырзаның қолын алды. О жағына бiр шықты, бұ жағына бiр шықты. Айтса, табанын жалауға да әзiр секiлдi. Кәдiмгi құйрығын бұлғаңдатқан ит дерсiң. Қарап тұрып жүрегiң айниды!

Мiне, нағыз құл! Ақшаның құлы, пенделiктiң құлы! Оны әкiмнiң алдында иiлтiп-бүгiлтiп тұрған – құлқыны. Әкiммен жақсы болса, ертең тендерден бiрдеңе тиедi, тиын-тебендi бөлiседi. Бiр шошырлығы, жаңағы байқұстың бейнесi бүгiнде ел iшiндегi қазақ кәсiпкерлерiнiң типтiк бейнесiне айналып бара жатыр.

Тағы бір мысал: Халықтың басы қосылған жаназада тұрмыз. Әрі-беріден соң қымбат мәшине мінген біреу келіп тоқтады. Осы елдегі «кәсіпкерлердің» бірі. Біреудің аузындағысын тартып жейтін «айкәпір» атанып жүрген алаяқтың нағыз өзі. Тұрған елдің біразы әлгіге жапатармағай ұмтылып, бірі қолын алып, бірі құшақтап төсіне басып у-шу болып жатыр.

Білемін, кейбірі бұл пысықты тіпті дұрыстап танымайды да. Дегенмен, көпшіліктің алдында жаңағының қолын алып, құшақтасып қалу керек. Себебі, ол бай, ақшасы бар. Сондықтан қайтсе де елден қалмай оның қолын алу керек. Оның байлығынан бұларға келетін еш пайда жоқ. Егер жол үстінде жатса, жаңағы алаяқ үстінен аттап жүре беретінін де біледі. Бірақ, санадағы құлдық сезім әлгі алаяқтың алдына иілтіп-бүгілтіп тұр…

Әлгіндей болған жоқ. Арамызға жасы жетпісті иектеп қалған бір ақсақал келіп қосылды. Ел ішінде қарапайым тірлік кешкен адам. Бөтенге зияны жоқ, ғұмыр бойы адал еңбек еткен, ақпейіл кісі екенін білеміз. Бірақ, оның берген сәлемін тұрғандардың бірі алды, бірі алған жоқ. Неге? Себебі ол көптің бірі, байлығы немесе лауазымды қызметі жоқ, қайтеміз оның сәлемін алып. Біз ондайларға бұрылмаймыз!..

Айтыңыздаршы, неге бiз осындаймыз? Iшiмiзге аздаған май айналып, мәртебемiз сәл өссе, төменде тұрғандарды жан екен демеймiз. Ал атымыз сүрiнген күнi ар-намысты былай қойып, өзiмiзден жоғарының өкшесiн сүюге де ұялмаймыз. Бабалардан қалған мәрттiк, iрiлiк деген түсiнiктер бұл күнде мұражайдың бұйымы секiлдi ұмыт болып қалған.

«Өзiңдi-өзiң жаттай сыйла, жат жанынан түңiлсiн» деген кешегi бабаларымыз кейiнгi ұрпағының Абылайдың түсi секiлдi азып кетерiн бiлiп айтты ма екен дейсiң.

…Жарайды, ендi бастарыңызды көп ауыртпайын. Осының бәрiн бiреуден ақылымыз асқан соң айтып отырған жоқпыз, көзiмiз көрiп жүрген соң, күйiнген соң, ыза болған соң айтамыз! Оны бiреу түсiнер, бiреу түсiнбес. Жоғарыда айтқандай, жалған намысқа бой алдырған қайсы біреулер: «ой, әкең…» деп, қарсы дау да айтар. Мейлi!…

Сайлау БАЙБОСЫН

Пікір жазу