Ертеректе үлкен әулиелердің бірі шәкірттерінен:

– Егер бүкіл дүниені бастан-аяқ өзгерту биліктерің болса, не істер едіңдер? – деп сұраған екен.

Шәкірттерінің әрқайсысы өз көңіліндегі көкжиекке қарай ең дұрыс, ең көркем және ең бақытты дүниенің қалай болатынын таныстырып шығыпты. Кейбіреуі:

– Дүниедегі бүкіл жамандық атаулысының жойылуын қалар едім! – депті. Енді біреуі:

– Бүкіл дүниенің жәннат бағы секілді гүлденіп, сәнденуін қалар едім, – десе, кейбіреуі:

– Бүкіл мұқтаж жандар қуанатын, барлық аурулар шипа табатын, сондай-ақ, тыныштық пен рахатқа толы дүние болуын қалар едім, – деп үн қатыпты.

Шәкірттерінің пікірлерін бір-бірден тыңдап көрген ғалым-ұстаз шәкірттерінің біреуінің үндемегенін байқап:

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  «Мен адам емеспін...»

– Балам! Сен не ойлайсың? Дүниені өзгерткің келе ме? – деп сұрапты. Сонда үнсіз отырған шәкірт:

– Тақсыр! Мен Алла Тағаладан артық ғалым, үстем хикмет иесі емеспін. Мен бір әлсіз құлмын. Адам нәпсісін таныса, Раббысын жақсы таниды. Сөзсіз, Оның жаратып, тәртіпке салған мына дүние өмірінде әр нәрсенің орны мен хикметі бар. Егер менің билігіме берілген болса, барлық нәрсені сол жерінде, өз қалпында қалдырып, Құдайдың билігіне разы болар едім, – деген екен.

Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

Пікір жазу