Сұрақ: Қоғамды «мұсылман», «жәһил», «кәфир» деген сияқты топтарға бөлгеніміз дұрыс па? Бұған ислам не дейді?

Жауап: Кейінгі уақытта теріс ағым өкілдерінің ықпалына түскен жастардың ауызынан «жәһил» (исламды білмейтін адасқан адам), «кәфир» (Аллаға иман келтірмеген адам) сияқты сөздерді естіп қаламыз. Әдетте бұған мән бере қоймайтын біз оны жәй діндар адамның айтуы тиіс арабша сөздері шығар деп ойлап қоя саламыз.

Негізінде мұндай іспетті сөздерді қасындағылар үшін жиі қолданатын адам, дәстүрлі исламнан алшақтай бастаған немесе уахабизм идеологиясының ықпалына түскенін білдіреді. Әдетте мұндай діни сөздерді, сөз тіркестерін теріс ағым өкілдері басқаларды кемсітіп, өздерін жоғары санап, артық етіп көрсету үшін жиі пайдаланады.

Егер олар қасындағы (өздерімен пікірлес емес) қарапайым мұсылмандарды «кәпір», «жәһил» сөздерімен кемсітетін болса, онда өзге дін өкілдерімен қалай қарым-қатынас жасамақ?

Ислам қоғам мүшелерін мұндай «сыныптарға» бөліп қарауға тыйым салады. Ислам «Бір мемлекет – бір қоғам» ұстанымын басшылыққа алады. Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ұстанымды Мекке шаһарынан Мәдинаға келіп, жас мемлекеттің негізін қалаған кезден бастап орнатты. Ол бірінші кезекте сол қалада, қала маңында өмір сүріп жатқан өзге де дін өкілдерімен дипломатиялық байланыс қалады. Жаңа мемлекеттің қабырғасын қатайтып, қоғамды мығым әрі бір жұдырықтай жұмдыру үшін шаһар тұрғындарының басын бір араға қосу керек болды.

Бүл қоғамда азаматтардың бір-бірін ұлтына, дініне, тіліне немесе түсіне қарап кемсітуге тыйым салынды. Себебі олардың барлығы Мәдинаның азаматтары болды.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу