Сұрақ: Қиямет күні Алланың елшісі (с.ғ.с.) өз үмбетін қалай таниды?

Жауап: Исламда тазалықтың орны ерекше. Сол үшін дәреттің, бой дәреттің орындалауы тиіс арнайы шарттары мен сүннеттері секілді тәртіп пен ережелері бар. Басқаша айтқанда, дәреттің өзіне тән орны айрықша. Сол үшін мұсылман адамның дәретті дұрыс ала білуі өте маңызды.

Расында Алланың елшісі (с.ғ.с.) адамды дәрет алғанынан танитыны турасында айтқан хадистері бар. Мұсылман осыған иман келтіріп, амал қылады. Бір күні Пайғамбар (с.ғ.с.) сахабаларымен сұхбаттасып отырған болатын. Оларға қиямет күнінде барша үмбетін тани алатынын айтты. Сахабалары таң қалып:

– Уа Алланың Елшісі! Ешқашан көрмеген үмбетіңізді қалай танымақшысыз? – деп сұрады.

Пайғамбар (с.ғ.с.) оларға:

– Ал, қане сендер айтыңдаршы! Бір адамның меншігінде маңдайы мен аяқтары аппақ аты бар делік. Ол өзінің атын қара және ала торы аттардың арасынан тани ала ма? – деп сұрақ қойды.

Сахабалар:

– Әрине, таниды.

Сол сәтте Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Алған дәреттерінен үмбетімнің жүздері нұрлы, аяқ және қолдары жарқырайтын болады. Мен оларды осы ағзаларының нұрлануы арқылы танимын» (Мүслім).

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу