Ақмарал БАТАЛОВА, Таяу Шығыс мәселелері жөніндегі сарапшы

Блог авторы террористік ұйымдардың идеологиясы мен қызметтерін теріс деп таниды. Мақалада қолданылатын экстремистік ұйымдардың қызметі туралы деректер тек ақпараттық мақсатта ғана пайдаланылған және насихаттау болып табылмайды.

Сирияның Идлиб қаласында қазақ өлім құшты. Бұл жаңалықты WhatsApp-чатта хабарлаған жан оның есімін араб елінің дәстүрі бойынша – үлкен баласының есімімен атады. Террористік топтың өлтірілген содырының есімі Әбу Йасмин Казахи – «Ясминнің әкесі, Қазақ» деп аталған.

Сириялық «дереккөздің» маған берген мәліметіне сүйенер болсақ, Әбу Ясмин Қазақстанда жоғары білім алған азамат, бірақ араб көктемі басталысымен теологиялық білім алу мақсатында Египетке аттанған. Сол жерде деструктивті радикалды ағымдарды жақтаушылардың ықпалына түсіп, Сирияға көшкен.

Сирияға келісімен ол әскери дайындықтан өтіп, оның барысында атқыштық қабілетінің бары анықталады да, кейін ол негізінен ТМД елдерінен келген иммигранттардан құрылған қарулы топтардың құрамында соғыс операцияларына қатысқан. Уақыт өте келе басқа топтар да Әбу Йасмин Қазақты снайперлік іс жөніндегі нұсқаушы ретінде жалдай бастайды, ол соғысқа жаңадан алынғандарды «өлтіру шеберлігіне» үйретеді.

Кейін көп ұзамай өзі де Идлибте өлім құшты. Нақты себебі беймәлім. Шариғат «шарттарын» бұзғаны үшін немесе ДАИШ (ИГИЛ – Қазақстанда тыйым салынған ұйым) және Хаят Тахрир-аш-Шам (бұрын біздің елде тыйым салынған Әл-Каидаға жататын топ) арасындағы ішкі қақтығыстардың нәтижесінде де болуы әбден мүмкін.

Менің қолыма, сонымен қатар, Қырғызстаннан келген, бірнеше рет соғыс операцияларына қатысқанын және әлі күнге дейін Идлибтегі «Түркістан Ислам партиясының» (Қазақстанда қызметіне тыйым салынған) құрамында жүргендігін жасырмай жайып салған басқа адаммен болған әңгіме жазбасы да келіп түсті.

Оның айтуынша, олар достарымен бірге Түркия арқылы Сирияға жаяу жету үшін контрабандашыларға әрқайсысы үшін 27 мың АҚШ доллардан төлеген. 4 айға созылған жолда достарының бірі науқастан көз жұмады. Қырғызстанда жүргенде олар әртүрлі әдебиеттерді зерттеу барысында, «адам өміріңнің соңғы уақыты таяған сәтте жихад дәл осы Леванттың киелі жерінде жүзеге асады-мыс» деген дерекпен танысқан екен.

Сырын айтушы азаматтың сөзіне қарағанда, ол Сирияға «Башар Асад тәртібінен зардап шегуші мұсылмандарды қолдау үшін» келген және Сирияда «жихад туының астында өлтірілгенге немесе Ислам діні жеңіске жеткенге дейін» қалмақшы.

Сирияда болған сапарларымда мен мемлекет бақылауындағы аумақтарда тұратын адамдардан бұл пікірге мүлдем қарсы: «Алла Тағала әлемді бізді ұлтымыздың немесе сеніміміздің айырмашылығына қарамастан, бір-бірімізді сол қалпымызда қабылдай отырып, келісімде өмір сүретіндей, жан-жақты етіп жаратқан» дегендерін жиі еститінмін.

Елде тұратын сириялықтар болса: «Бұл адамдарға  қалай өмір сүруге, қалай дұға етуге, кімді президент етіп таңдайтындығымызды біз үшін шешуге кім құқық берді?» – деп наразылық білдіреді.

Қарсы тарап болса: «Егер біз олардың өмірін өзгертіп, елін құрту үшін оларға қару асынып барсақ, олар мұны қалай қабылдар еді?» – деп қарсы сұрақ жолдайды.

Деэскалацияның төртінші аймағы

Идлиб провинциясы және көршілес Латакия, Хамы және Алеппо провинцияларының бір бөлігі – Астана процесі шеңберінде меморандумға сәйкес құрылған, үкіметтік күштердің бақылауына әлі өтпеген Сириядағы қарулы қақтығыстың ушыққан төрт деэскалация аймағының соңғысы. Қалған үш аймақта, біреуі Хомс провинциясының бір бөлігін, екіншісі Шығыс Гутаны, үшіншісі Сирияның оңтүстігін қамтыды, алдымен атысты тоқтату тәртібі жарияланды.

Қарулы Күштердің мүшелеріне қару-жарақты тастап, бейбіт өмірге оралуға немесе үкімет армиясының жағына өтіп және ИШИМ-ге қарсы соғысуға ұсыныс тасталды.

Татуласу процесіне қатысудан бас тартқандар жасыл автобустармен Идлибке жіберілді.

Сирияның солтүстік-батысындағы бұл провинцияны 2012 жылдан бастап радикалды қарулы топтар жаулап алған, ал келісімге келмегендердің келуімен ол террористік топтардың «меншікті мекеніне» айналған жер.

Идлиб халқының бір бөлігі, Хамалар сияқты, Сирия дағдарысы басталғанға дейін дәстүрлі түрде БААС билеуші партиясына қарсы болды, өйткені бұл өңірде әрдайым фундаменталистік «Мұсылман бауырлар» ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) ықпалы басым болды.

Сирияда бұл ұйым 1937 жылы құрылған, алайда тек 1963 жылы араб БАСС ұлтшыл социалистік партиясы коалицияда әскермен елдегі саяси билікті басып алғаннан кейін ғана оппозиция ретінде рәсімделді. Баастықтар – секуляризмнің жақтаушылары және діни сенімдер қоғамдық және үкіметтік шешімдерге әсер етпеуі тиіс деп санайды.

Алайда, «бауырлар» мемлекет шариғат заңдарына сәйкес өмір сүруі керек деп есептейді. Олар өз ұстанымдарына сендіру үшін мемлекетке қарсы террористік соғыс пен бірнеше мәрте және қатыгездікпен ырықсыз берілген бейбіт халықты қатыстыра отырып, қарулы наразылықтар жүргізген.

«Мұсылман бауырлар» ұйымы – Сирия президенті мен БААС партиясының діни мотивтер жөніндегі билігіне әлі күнге дейін қарсы тұрып келе жатқан күштердің бірі. Сонымен қатар, Сирия қақтығысына Башар әл-Асадты саяси, экономикалық және әлеуметтік себептерге байланысты президенттік қызметінен босатқысы келетін ішкі, аймақтық және геосаяси деңгейдегі басқа да көптеген қатысушылар тартылған.

Трансұлттық жихад

Сирия үкіметімен күресудің тағы бір құралы – жүзден астам елдің шетелдік жалдамалыларын өз қатарына қосқан ДАИШ (ИГИЛ) террористік ұйымы. 2017 жылға қарай заңсыз қарулы күштер бүкіл Сирия аумағының 80 пайызын жаулап алды.

БҰҰ 2019 жылы жарияланған есебіне сәйкес, Сирияға әлемнің әртүрлі елдерінен келген террористердің жалпы саны 171 400 адамды құрайды, олардың 51 910-ы қаза тапқан. Соғысушы, хабар-ошарсыз кеткен немесе тұтқындалған терроршылардың қатары – 119 490 адам. Бұл көрсеткішті мысырлық жазушы Рифат Ахмад «Сирия дүниежүзілік соғыс қарсаңында. Фактілер және құжаттар» кітабына енгізген.

Сарапшылардың мәліметінше, Қазақстаннан Сирияға 800-ге таяу ересек адам кетіп, кейін 250-ге жуығы қайта елге оралған – олардың 80 пайызы нәзік жандылар.

«Жусан» операциясы аясында қазақстандық арнайы қызметтер лаңкестердің отбасылары ең қорқынышты жағдайда ұсталатын әл-Холь босқындар лагерінен 400-ден аса баланы қайтарған. Аталған лагерьде болған Қызыл Крест Қоғамының президенті Питер Маурер оған «бұл үміттің өзі өшетін жер» деп сипаттама берген екен.

Бейнежазбадан алынған кадр

Біздің мемлекетіміз Қазақстанның кішкентай азаматтарын радикалды экстремизмнің осы бір ошағынан алып шығу туралы күрделі үлкен шешімді қабылдай білді. Олай болмаған жағдайда оларды болашақта Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыру мақсатында пайдалануы мүмкін туысы жоқ жалдамалылардың тағдыры күтіп тұрғаны анық еді.

Сирияда қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен қазақстандықтардың жалпы саны – 450-ге жуықтайды. Идлибте шамамен алынған бағалау бойынша Қазақстаннан жиһадқа кеткендердің оннан бір бөлігі өз тағдырын күту үстінде жүр. Бұл сандардың барлығы шамамен алынған, өйткені Сирияға келген көптеген жихадшылар азаматтығынан бас тартып, төлқұжаттарын жойып жіберіп отырған.

Қазір Қазақстан мен Тәжікстанда теріс ағымның ықпалына еріп, тура жолдан тайғандар сот алдында жауапқа тартылып, тиісті жазасын темір тордың артында өткізіп жатса, көптеген басқа елдер мұндай тәжірибені қолданудан бас тартып отыр. Еуропа заңдары бойынша радикалдарға кесілетін мерзім көлемі көп емес, ал Ирак пен Сирияда болса соғыс қимылдарына қатысқан шетелдік содырлар өлім жазасына кесіледі.

«Ән-Нұсра – Әл-Каиданың филиалы»

Джабхат ән-Нұсра (Қазақстанда тыйым салынған) – Дамаскідегі қазіргі үкіметке қарсы күресетін тағы бір топ, 2012 жылы Әл-Каиданың Сириядағы филиалы ретінде құрылған. 2018 жылдың басында ол «Үлкен Идлиб» деп аталатын Үкіметтің бақылауынан тыс аумақтардың негізгі бөлігін еншіледі.

Израиль жаулап алған Голан биіктерінен шыққан Әбу Мұхаммед әл-Джулани тобының жетекшісі 2003 жылы Ирак соғысының басында жихадшылар қатарына қосылып, Усама бен Ладенге адал болуға ант береді. Ол АҚШ күштеріне қарсы соғысып, тұтқынға түсіп, Кэмп Букка түрмесінде отырған.

Айта кету керек, оған дейін ДАИШ жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдади және Ирак пен әлемдік жихадтың басқа көптеген өкілдері де дәл осы жерге тоғытылған болатын.

2008 жылы бостандыққа шыққаннан кейін сириялық өз қызметін «Ирактағы Ислам мемлекеті»» (тыйым салынған ұйым) қатарында жалғастырды. Сириядағы азаматтық соғыс басталмас бұрын әл-Джуляни Отанына оралды, онда оған Әл-Қаиданың «филиалын» құру тапсырылды.

Алғашында жергілікті жиһадтық ұйым ретінде Джабхат ән-Нұсра маргиналды сүнниттік қауымдастық өкілдері арасында кең қолдау тапты. Аталған топ шетелден қаржыландырылғандықтан, Сирияның Еркін армиясының үкіметі армиясынан қашқан мүшелері де оның қатарына қосыла бастады.

Сонымен, ССА-ның жеке бөлімшелерімен Алеппо Майданы құрылды. Идлиб шайқастарында 2015 жылы исламшыл жауынгерлік фракциялармен коалиция құрылды. Дамаск маңындағы Ярмук лагерінде және Ливан шекарасына жақын Каламунда Джабхат ән-Нұсра ДАИШ жиһадшыларымен бірігеді. Көптеген жергілікті шаруалар мен ұсақ саудагерлерді олар отбасы мүшелерінің бірін өлтіру қаупімен қосылуға мәжбүрлейді.

Бір жыл ішінде аталған топ оппозицияның ең қауіпті фракциясына айналды, оның өз-өзіне қол жұмсаушылары ай сайын бес-алты диверсия жасады. Ән-Нұсра мүшелері 2013 жылы Хомс провинциясындағы 190 алавиттің өліміне, сондай-ақ Идлибтегі Ддруз ауылының 40-тан астам тұрғынының өліміне қатысты болды.

Бұл топ ешқашан этноконфессиялық азшылықтарға, негізінен алавиттерге, христиандарға, друздарға және күрд-езидтерге деген жеккөрушілігін жасырмады. 2015 жылы содырлар Сирия армиясының 56 тұтқынға алынған әскерін өлім жазасына кесті. Жаппай террорлық шабуылдар, әлемдік жиһад идеологтарының топтың қызметін мақұлдауы, шетелдік қаржыландыру – мұның бәрі Джабхат ән-Нұсраның террористік мәнінің қандай екенін айқын көрсетті.

2013 жылы Меккеге бет алған шиит қажыларын босатқаны үшін ән-Нұсра шамамен 150 миллион АҚШ долларын алды. 2014 жылы Израильмен шекарада осы топтың содырлары өздері кейін шариғат заңдары бойынша үкім шығарғысы келген Голан – UNDOF биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау бойынша БҰҰ күштері контингентінен 45 бітімгерді тұтқынға алды. Тұтқынға алынғандар Катар өкілдерімен келіссөздерден кейін, ең алдымен, үлкен төлем үшін босатылды.

Сарапшылардың пікірінше, ірі көлемде төлем жасау террористерді қаржыландырудың жасырын нысаны да болуы мүмкіндігін көрсетеді. Араб дереккөздері топтың қаржыландырылуының 40 пайызын Сауд Арабиясы мен Катар жүзеге асырғанын хабарлайды.

Кейінірек, 2016 жылдың шілдесінде Ән-Нұсра Джабхат Фатх аш-Шам деп аталды және Әл-Каидамен байланысын үзгендей болды. 2017 жылы топтың атауы қайтадан өзгертіліп, енді Хайят Тахрир аш-Шам деген атауға ие болады.

Джабхат Ән-Нұсра Ребрендингі

Мәскеу, Дамаск және Тегеран Сириядағы барлық террористік құрылымдарды жою керек деп бірнеше рет мәлімдеді. Сирия қарулы оппозициясының жекелеген фракцияларын қолдайтын Түркия 2019 жылғы наурызда екі президенттің кездесуінен кейін өзіне қалыпты оппозицияны радикалды оппозициядан бөлу міндеттемесін алды. Көптеген сарапшылар ән-Нұсраны ХТШ-ға, содан кейін қалыпты оппозицияға айналдырудың біртіндеп процесін Анкара Вашингтонмен келісе отырып, басынан бастап басқарды деп санайды.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Тәліптерден аман қалған этникалық қазақ әйелдері

Қазіргі уақытта ХТШ Идлибтің шетіндегі үкіметтік армиямен қарулы қақтығыстарға қатысуды жалғастыра берсе де, оның қызметі ұйымдасқан түрде саяси жазықтыққа жатады. Мұның бәрі заңсыз қарулы құрылымнан елдегі шешуші саяси күшке айналған Ауған Талибанын заңдастыру процесіне ұқсайды.

Әл-Джулиани қалыпты оппозиция санатына өтуге дайын екендігін ашық айтады және көптеген жылдар бойы қайталанып келе жатқан «Asad must go!» мантрасын жүзеге асыруға дайын екендігін жариялайды. Радикалды командирдің берген белгілері әлемдік саяси элитаның жекелеген өкілдерінің арасында жанды жауап табады, дегенмен Асадтың отставкасын талап еткендердің көбі өздері зейнетке, тіпті о дүниеге де аттанғандары бар.

Топтастықты қалыпты ребрендинг және оған легитимділік беру мақсатында ХТШ басшылығына түрлі әлемдік БАҚ-та платформа ұсынылады. Мысалы, әл-Джуланимен егжей-тегжейлі әңгіме Катардағы әл-Жазира каналында таратылды және шариғат Кеңесінің Жоғарғы басшысы Абдул Рахим Атун 2020 жылдың 4 қыркүйегінде француздық Le Temps-ке берген сұхбатында ХТШ батысқа қауіп төндірмейді деп сендірді.

«Өңірге қалпына келу үшін халықаралық көмек қажет. Біз режиммен және оның одақтастарымен күресіп жатқан соңғы адамдармыз, бірақ біз оларды көмексіз жеңе алмаймыз», – деді топтың діни басшысы.

2013 жылдан бастап әл-Джулани АҚШ мемлекеттік департаментінің тізімінде Ирактағы американдық күштерге қарсы соғысқан «аса қауіпті террорист» ретінде тізімде тұр, ал 2017 жылы АҚШ билігі оны ұстауға көмектесетін ақпарат үшін 10 миллион АҚШ доллары көлемінде сыйақы беруге дайын екендіктерін мәлімдеді.

Сонымен қатар, осы жылдың наурыз айында Frontline тілшісі Мартин Смит түрік шекарасын тып-тыныш кесіп өтіп, Идлибке кіріп, іздеушіден сұхбат алады, содан кейін бұл бейнежазба АҚШ арналарының бірі арқылы таратылады.

Онда ХТШ көшбасшы топтың басты мақсаты – Сирия үкіметін құлату, шариғат нормаларына негізделген мемлекет құру, оның прототипі «Құтқару Үкіметі» – Идлибтегі негізгі басқару институты екенін тағы бір рет атап өтеді.

Алайда, ресейлік Федералды ақпарат агенттігінің хабарлауынша, «Құтқару Үкіметі» жергілікті басқару кеңестерін бағындырып, соғысқа байланысты туған жерлерінен кетуге мәжбүр болған жандардың мүлкі мен жылжымайтын мүлкін еркін басқарады.

Сондай-ақ, бірнеше аурухана жабылды, өйткені Германияның GIZ даму агенттігі провинцияның Денсаулық сақтау жүйесінің жұмысында шешуші рөл атқарды, бұл топтың террористік деп жіктелуіне байланысты ХТШ бақылауындағы аймақтағы қызметін тоқтатты.

Enab Baladi жергілікті қайырымдылық ұйымы «Құтқару Үкіметінің» ХТШ-мен байланысына орай Еуропалық Одақ Идлиб білім басқармасына білім беру гранттарын беруге жауапты Chemoinex ҮЕҰ-ны қолдауды тоқтатты.

ЮНИСЕФ мәліметтері бойынша, сириялық балалардың үштен бірінен көбі мектепке бармайтын болып шықты.

Мемлекет бақылауындағы аймақтарда орта білім алу міндетті, ал батыстық экономикалық санкциялар жағдайында барлық жерде соғыс салдарынан жойылған мектептерді қалпына келтірудің қиын процесі жүріп жатыр. Содырлар бақылауындағы аумақтарда білімнің болмауының басты кері әсері – бүкіл біртұтас ұрпақ санасының радикалдануына байланысты.

Аталған фактілер іс жүзінде ХТШ қызметінің нәтижесінде бейбіт тұрғындардың баспаналы болу, білім алу және медициналық қызмет көрсету құқығынан айырылғандығын айғақтайды, ал Идлиб болса гуманитарлық апат орнына айналуда.

Әл-Каиданың баспанасы немесе оппозицияның тірегі ме?

2017 жылы американдық терроризмге қарсы орталық ХТШ-ның кейбір жетекші басшыларының жаңа ұйымның терроризмге ешқандай қатысы жоқ деген мәлімдемесіне қарамастан, бұл «әлі де Әл-Каиданың филиалы және сол Джабхат ән-Нұсра» деп мәлімдеді.

БҰҰ-ның Сириядағы жағдайды тергеу жөніндегі комиссиясы 2021 жылғы наурыздағы есебінде азаптау, жыныстық зорлық-зомбылық, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер, сондай-ақ 2011 жылдан бастап ХТШ және оның бұрынғы көріністері кезінде зорлық-зомбылық, жоғалып кету немесе өлім туралы құжатталған.

БҰҰ комиссиясының баяндамасында сондай-ақ саяси келіспеушілікті басу мақсатында азаматтық тұлғаларды ерікті түрде ұстау практикасы жүргізіліп, ХТШ-ны сынға алған белсенділерді, журналистерді және БАҚ қызметкерлерін ұстаудың 73 жағдайы тіркелген.

Осы жылдың ақпан айында International Crisis Group талдау орталығы АҚШ әкімшілігін ХТШ-ны террористік ұйымдар тізімінен алып тастауға шақырды. Орталықтың пікірінше, Президент Байденнің командасы Түркиямен және Еуроодақ елдерімен бірлесіп, топтың «Сириялық және халықаралық мүдделердің игілігі үшін» көбірек жұмыс істеуге мәжбүрлеуі керек.

АҚШ-тың бұрынғы елшісі және Президенттің ДАИШ-қа қарсы жаһандық коалициядағы арнайы өкілі Джеймс Джеффри Мартин Смитке әл-Джулани ұйымы Идлибтегі американдық стратегияның «активі» екенін жеткізді.

«Мұны Идлиб бойынша кездесетін өзге нұсқалардың ішіндегі ең сорақысы деп санауға болмас, ал Идлиб болса – қазіргі күні Таяу Шығыстағы ең маңызды орындардың бірі болып табылатын Сирияның ең маңызды нүктесі», – деді Джеффри Frontline тілшісіне 8 наурызда берген сұхбатында.

Қарап тұрсақ, трансұлттық терроризм қазіргі гибридті соғыстарда құрал болып қала беруде, әрі қарай күрделі формаларға ие болуда.

Жиһадизм экспорты

Жақында Сирияның әлеуметтік желілерінде Украинаның шығысындағы әскери операцияларға қатысу үшін Идлибте содырларды жалдау туралы ақпарат пайда болды. «Қасиетті жиһадқа» енді «орыс кәпірлеріне қарсы» қатысуға шешім қабылдағандар үшін 2-3 мың АҚШ доллардан төлеуге уәде беруде. Әзірге қатысуға ниет білдірушілер жоқ.

6369945 27.10.2020 Украинские военнослужащие едут на бронетранспортере на артиллерийском полигоне в селе Девички Киевской области. Стрингер / РИА Новости

Сонымен бірге, желіде түрік тарапын жақтаушы топтың содырлары өздерінің жарақаттарын көрсетіп, Әзербайжан жағындағы Қарабақ науқанына қатысқаны үшін әлі күнге дейін тиын төленбегендігі туралы шағымданатын бейнежазба да кеңінен тарап кеткен. Сириялық «қалыпты оппозиционерлер» Ливияда да түрік құрамалары жағында соғысуда.

Қазіргі уақытта Сирия қақтығысы әсіресе солтүстік провинцияда тоқтап қалды, бірақ кез келген уақытта ол халықаралық тұрақсыздықтың эпицентріне айналуы мүмкін. Қарулы топтар мен үкіметтік армия күштері арасындағы өзара атқыласу бүкіл майдан шебінде жалғасуда. Ресей содырлардың орналасқан жері бойынша әуе соққыларының нүктелерін жаңғыртты. Түркия күрд террористерімен соғысу деген сылтаумен көрші елдің аумағына енгізген әскери контингентін шығаратынға ұқсамайды. Анкара Сирия шекарасында буферлік аймақ құрып, Идлибте кең ауқымды соғыс қимылдары басталған жағдайда өзін қашқандардың келесі толқынынан қорғау үшін босқындарды өзінің шекаралас аймақтарынан көшіруде.

Сонымен қатар, сәуірден бастап Пальмира аймағындағы Заевфратье және әл-Бадия шөлінің шығыс бөлігінде ДАИШ ұйықтайтын жасушаларының мобильді жасақтарының белсенділігі сыртқы күштердің көмегінсіз айтарлықтай жанданғаны байқалады.

Мәскеу мен Дамаск Ресей мен Түркия арасындағы атысты тоқтату 2020 жылғы наурыздағы уақытша келісім болғандықтан, заңсыз қарулы топтарға қарсы әскери жорықтар жалғасуы керек деп сендіреді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі анықтағандай, ол екі тарапты да «терроризмнің барлық түрлерімен күресуге және Сириядағы барлық террористік топтарды жоюға» шақырады.

Террористердің идеологиялық келіспеушіліктері

Әл-Каида ХТШ-ны «жаһандық жиһад» идеяларына опасыздық жасады деп айыптап жатқан кезде, ДАИШ пен ХТШ «Үлкен Идлибтегі» аумақтар, ықпал, қару-жарақ және табыс көздері үшін таласып, бір-бірімен соғысу үстінде.

Олардың арасында идеологиялық келіспеушіліктер де кездеседі. ДАИШ-тың мақсаты – жаһандық «ислам халифатын» құру, ал оған жетудің құралы – «әлемдік жиһад» деп есептеледі.

Алайда, Сирияда бұл топ әу бастан-ақ шетелдік интервенциялар ұйымы ретінде қабылданды және ешқашан халықтық қолдауға ие болған емес.

ХТШ әзірше тек Левантта ғана ислам әмірлігін құруға ниетті. Егер Сирия қақтығысының басында жергілікті сүнниттік жиһадшылар тобы елде діни көпшілік билік етуі керек дегенді желеу етіп, айтарлықтай ықпалды пайдаланса, қазір сириялықтар исламның салафиттік трактовкасына негізделген мемлекет құру идеясынан да және қарапайым халықты террористер мен Үкімет арасындағы соғыстың кепілі ретінде қалдырып, өздері шетел асып, «Сирияның бақытты болашағы» үшін  Женева, Анкара, Нұр-Сұлтан, Каир және Доханың бес жұлдызды қонақ үйлерінен келіссөз жүргізетін оппозициядан да көңілдері қалған.

Неліктен Ислам халифаты утопия саналады?

Кез келген дін әр елде және әр халықта таралған сайын, жергілікті этникалық мәдениеттің әсерінен сөзсіз өзіне тән сипаттамаларға ие болады. Осылайша, ислам діні де Орталық Азиядағы суфизм философиясы арқылы исламға дейінгі тәңірлік дүниетанымдардың, дәстүрлер мен практикалардың көптеген көріністерін бейімдеді. Сол себепті біздің өңірде өзін қалалық, ауылдық ортада, жалпы көшпенді, дала өркениетінде өзін тұтас танытқан ерекше бай мәдениет өркендеді.

Алайда, деструктивті діндердің жақтаушылары халықтық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер түрінде қалыптасқан діни бағыттан айырылған осы ұлттық ерекшеліктерді жоюға тырысады. Бұл дінді аккультурациялау арқылы жасалады. Олар кейін келе бөтен елдің мәдениеті мен жат тілдің стандарттарына бой алдырып, өзінің негізгі дәстүрін ұлттық тамырынан айырады. Дәл осы тәжірибенің жасандылығы «әлемдік ислам халифаты» идеясының утопия екендігін дәлелдейді.

Мәселен, қазақ халқын ата-баба рухында ұрпағын қорғай алатын мүмкіндігі бар деген сенімінен қалай айыруға болады? Өйткені, қазақтар тек жауынгерлік рухтың күшімен ғана емес, дәл осы ата-баба рухына деген сенім дәстүрінің арқасында өзінің орасан зор жерін қорғап, сақтап қала білді.

«Қазақстанның байырғы халқының ел аумағынан тыс жерлерге көші-қон ағыны қашанда аз болған, себебі қазақтар ата-бабаларының бейіттерін тастап кетпеген және олар аруақтар туған жердің сақшысы деп санаған. Бұл керемет идеология!» – дейді академик, генетик Оразақ Смағұл.

Алайда, деструктивті діни ағымдардың ережелеріне сәйкес, марқұмды еске алып, дастархан жайып, қонақтарға ас ұсыну, сонымен қатар, оның қабіріне баруға тыйым салынады: өйткені ол «харам» деп есептеледі.

Бәлкім, біз Сириядағы Идлибте өлтірілген Әбу Ясмин Қазақтың нақты есімін ешқашан білмейтін де шығармыз. Ғаламдық ойыншылар бастаған ойында утопиялық идея үшін қайтыс болған басқа отандастарымыздың есімдері де беймәлім болып қала бермек. Олардың жат ел, Сирия немесе Ирактың қай жерінде жерленгендігін біреудің табуы да екіталай. Ағайындарының ешқайсысы да ешқашан қабіріне келіп, рухтарына дұға бағыштап, еске алмайды.

Бұл кез келген адам үшін ең ауыр жаза…

Бұл мақала Tengrinews сайтында Таяу Шығыс жөніндегі сарапшы Ақмарал Баталованың авторлық блогында орыс тілінде жарияланған.

8 ПІКІР

  1. Мақала жақсы жазылыпты. Құрылымы жағынан да, мағыналық жағынан да. Өте пайдалы ақпарат

  2. Осындай жақсы жақсы мақалалар көп болса екен деймін. Сол арқылы адамдар теріс ағымдардың ықпалынан алыста болады деген үміттемін

  3. Мақаланы оқи келе автордың біліктілігін аңғардым. Бұл жазбаны достарыммен бөлісемін.

  4. Қазағымның жігіттері қашан естерін жияды екен? Елін жерін тастап біреудің қолшоқпары болуды қашан қояды екен?

  5. басқа бір таныс емес мемлекетке барып біреудің мүддесі үшін жан кешу ақымақтын нақ өзі!

  6. Түсініксіз осындай сұмдық жағдайларды көрген кезде жүрегін ауырады. Дәстүрлі емес діни ұйымдардың жұмыстарына тоқтай салу керек

  7. Осындай ақпаратқа толы мақалалар көп шықса жақсы болар еді. Өкінішке орай, діни сауатсыздықтан осындай террорлық жағдайларға елімізден де атсалысып жатқандар бар.

  8. Осы азан шақырып қойған есімін неге өзгертеді? Менің білуімше есіміңіз жаман мағына берсе ғана ауыстыруға болады. Ал ондай болмаса ауыстырудың керегі жоқ. Жап-жақсы қазақи есімнен бас тартып арабшаға ауыстыру барып тұрған еліктеу.

Пікір жазу