Сұрақ: Қарызын қайтара алмай жүрген адамға көмектесу сауапты іс пе?

Жауап: Қарыз борышкердің мойнына жүктелген жауапты міндет. Борышкер алған қарызын қайтаруға міндетті. Ал енді борышкердің материалдық жағдайы ауырлап, алған қарызын қайтаруына қиналып жатқанына көзіңіз жеткілікті болса, мүмкіндігінше оған жәрдем беру – сауапты іс. Тіпті Алланың Елшісі де (с.ғ.с.) қарызы бар сахабаларға қолынан келгенше жәрдем беріп отырған.

Бұл арада бірінші кезекте қарызға берген адамның құқығын қорғап һәм борышкердің де қарызын өтеуіне жағдай жасайтын еді. Мысалы, Жәбир ибн Абдулланың әкесі Абдулла ибн Амр Ухуд соғысында шейіт болған еді. Бірақ, оның артында төленбей қалған қарыздары болды.

Қарыз берушілер Жәбирдің есігін қағып, қарызын сұрап келеді. Жәбир де қолынан келер шарасы болмағандықтан Пайғамбарға бет алады. Құрма бақшасынан түсетін өнімді, әкесінің қарызы ретінде бергісі келетінін айтып және Пайғамбардың олармен сөйлесіп беруін өтінеді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Өмірімді тек құлшылықпен өткізуге Ислам қалай қарайды?

Пайғамбар олармен қанша сөйлессе де оларды Жәбирдің ұсынысына көндіре алмады. Себебі бақшадан түскен өнім олардың берген қарызын толық жаппайтын еді. Пайғамбар (с.ғ.с.) Жәбирге: «Ертең намаз уақытында саған келемін», – дейді.

Таңертең Алланың Елшісі (с.ғ.с.) намаз уақытында Жабирдің құрма бақшасына келеді. Бақшаны аралап, берекет дұғасын қайталайды. Түскен құрмаларды жинағанда құрмалар сондай берекеттеніп сала бергені сонша Жәбир оларды сатып, қарыздарынан толық құтылды. Тіпті, біразы өзіне де қалды. (Бұхари)

Ал енді келесі хадисінде Алланың Елшісі (с.ғ.с.) қарызы бар адамға көмектесу қажеттігін айтып былай дейді: «Кім қиындықта қалған (борышкер) бауырына жағдай жасаса, Алла да оған дүниеде және ақыретте жағдай жасайды» (Мүслим).

Пайғамбар (с.а.с.) бұл сөзі арқылы мұсылманда қиындықта қалған бауырына көмектесу қажет екенін айтып, сауапты істер жасауға шақырған.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу