Ес біліп, атаның тәлімін, әкенің тәрбиесін көргелі үлкен кісілерге құрмет пен ізет көрсетуді ұмытқан жоқпыз. Қазақ халқы бұл рәсімді адамгершілік құндылықтардың бірі ретінде біледі. Әрбір отбасында үлкендерсіз тамақ бастамау, олардың батасын, разылығын алу өте маңызды.

«Үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без» деген тәрбие тетігі тағы бар. Үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтпеу – ізеттіліктің белгісі. Қария – ағып жатқан дария, телегей теңіз іспеттес. Теңіздің тұнығы, дарияның тазалығы қандай болса, қарт кісілерде де сондай тереңдік бар деп білеміз.

«Қарты бар елдің қазынасы бар» деген аталы сөз рас. Біздің асыл қазынамыз – қарттарымыз. Дінімізде үлкенді құрметтеу – Алланы ұлықтаудың бір түрі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ақ шашты, ақ сақалды мұсылман қарияны ізет тұту – Алланы ұлықтаудың бір түрі», – деген.  Шынайы мұсылман осы көркем амалы арқылы Алланы ұлықтап, Рахманның разылығына жетуі әбден мүмкін. Сондықтан да дініміз бойынша Алланы ұлықтау тек құлшылықта ғана емес.

Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салт әрі дініміздің әмірі. Қашаған ақын:

«Жетпістен жасы асқанда,

Сексенге аяқ басқанда,

Жастар елеп келмесе,

Келіп сәлем бермесе,

Күнде асыл кисе де,

Қартайғанда ер жетім», – деген екен.

Өмірдің мәні – сыйластықта. Адам жасы ұлғайған кезде айналасынан ізет-ықылас күтеді. Өзі қартайса да, көңілі қартаймайды. Осы себепті айналасындағы адамдардан байланыс үзгісі келмейді.

Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірлік өсиеттерінде үлкендерді сыйлап, жастарға мейірімді болу туралы айтылған.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.): «Кіші үлкенге сәлем беру керек», – деген. Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.):«Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес», – дейді. Демек, үлкендерге құрмет көрсетудің негізі Ислам дінінде жатыр.

«Отырыста үш адамға орын беріп ығысуға болады: білімі үшін білімдіге, жасы үшін үлкен кісіге және билігі үшін басшыға», – деп айтылған хадистен өнегеліліктің үлгісін көруге болады.

 Бiр кiсi қартайып, көзi көруден, құлағы естуден, аяғы жүруден қалыпты. Дастарқан басында қолы қалтырап, тамақты төгiп-шашып iшiп, ыдыстарды сындырып қоя беретiн болыпты. Бұған баласы мен келiнi ызаланып, оны дастарқан басына отырғызбай, пеш түбiндегi қуысқа орналастырып, қолына ағаш тостақ ұстатып қойыпты.

Қария дастарқанға жанары суланып, мұңая қарап отырып, ағаш тостақтағы тамағын жейдi екен. Бiр күнi олардың төрт жасар ұлы үйге ағаш алып кеп, пышақпен жона бастайды. Әкесi:

– Мұны қайтесiң, ұлым? – деп сұрайды.

– Ағаш тостақ жасаймын, әке. Қартайғанда сiз де осы тостақтан тамақ жейтiн боласыз, – депті…

Ұлының мына сөзiнен соң, әкесi мен шешесi көздерiне жас толып, жасаған iстерiне қатты ұялады. Атайды қайтадан дастарқан басына отырғызып, ешбiр қылығына қабақ шытпайтын болыпты.

Өмір үнемі бір ағыста емес. Кейде өмірдің қараңғы тұстары да болады. Қазақ халқы «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» деп үлкендердің көңіліне қаяу түсіруден үнемі тыйып отырған. Бұл да бір тәрбиенің көзі.

«Исра» сүресінің 24-аятында былай баяндалады: «Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып), тіпті: «Түһ» деп те айтушы болма, сондай-ақ, оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт! Олардың алдында барынша мейірімді, мейлінше кішіпейіл әрі тілалғыш бол! Һәм олар үшін: «Уа, Раббым! Олар мені кішкене күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, Сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей гөр!», – деп дұға ет».

Ата-анаң қартайғанда оларды құрметке бөлеу дінімізде құпталған. Қашан да жақсылыққа жақсылық – адамдықтың белгісі емес пе? Бүгін қартыңа құрмет көрсетсең, ертең өзің құрметті боласың. Әрбір адамның өмірінде ата-анасы бағалы. Сол себепті де дінімізде үлкенге құрмет көрсету ата-анаға құрмет көрсетуден басталады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Ислам діні экстремизмге шақыра ма?

Ата-ананы құрметтеу – әр адамның перзенттік парызы. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Бір Аллаға құлшылық етіңдер! Оған еш нәрсені серік етіп қоспаңдар. Ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар», – деп бұйырады  («Ниса» сүресі, 36-аят).

Әнес ибн Мәлік (р.а.) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Қандай да бір жас жігіт үлкен кісіге жасы үшін құрмет көрсетсе, Алла оған жасы ұлғайғанда құрмет көрсететін адамды жолықтырады», – деген көңілге қуаныш сыйлайтын хадисі бар. «Береке сендердің үлкендеріңмен бірге», – деп, берекенің бастауын көрсетіп кеткен Алла елшісінің әрбір сөзі өнеге.

Сахабалардың бірі Пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Расулалла! Алла жолында жиһад жасағым келеді», – дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әке-шешең тірі ме?» – деп сұрады. «Иә, тірі», – деп жауап берді. Пайғамбарымыз: «Олар саған рұқсат берді ме?» – деп сұрағанда: «Жоқ», – деді.

Сонда Пайғамбарымыз: «Олай болса еліңе қайт, егер рұқсат берсе, жиһадқа қатыс. Бермесе, соларға қызмет жаса, батасын ал, сол – жиһад», – деп жауап қатты.

Тағы бір сахаба жиһад жасауға рұқсат сұраған кезде: «Анаң тірі ме?» – деп сұрады. Тірі екенін айтқан кезде: «Онда анаңның аяғына жармас. Жаннат – аналардың аяғының астында», – деген.

Иә, «Атасыз үй батасыз, анасыз үй панасыз». Қазыналы қартты құрметтеу адам өмірінің бағасын арттырады. Аузы дуалы, сөзі сүбелі, алдыңғы көшті бастаушы қарттарымыз дәйім аман болсын деп тілейміз.

Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

Пікір жазу