Хазіреті Мұса (ғ.с.) жолда кетіп бара жатып, жолдың бойында қол жайып дұға тілеп отырған бір шопанды көреді. Шопан: «Уа Раббым! Біздің үйге қонақ болсаң, мен саған жақсы тағам дайындар едім. Аяғыңа аяқ киім тіксем, шаштарыңды жусам, шаштарыңдағы биттерді сықсам», – деп дұға тілеп отырды.

Мұны естіген Хазіреті Мұса (ғ.с.) шопанға: «Әй шопан! Алла Тағалаға бұлай дұға қылуға болмайды, ол ішіп-жеуге мұқтаж емес, адамдарға ұқсамайды», – деді.

Сонда шопан: «Әй Мұса! Мен түк білмейтін шопанмын. Маған қалай дұға ету керектігін үйретсең дұрыс болар еді», – деп өтініш білдіреді.

Хазіреті Мұса (ғ.с.) оған Алланың мәртебесіне жарасар пішінде дұғалар үйретіп, ары қарай жолға шығады. Сол кезде Алла Тағала оған былай дейді: «Әй Мұса! Мен ол адамның дұғасына разымын, өйткені шын ықыласымен сұрайды. Оның дұғасын не үшін өзгерттің?». Сонда Хазіреті Мұса қайтадан шопанның қасына барып: «Сен қалай қаласаң, солай дұға қыл», – деді де жүріп кетеді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ  Әлемді мейірім мен махаббат құтқарады

Осы хикаяның айтылуындағы негізгі мақсат: адамның құлшылығына ықыласпен көңіл аударудың өте маңызды екендігін, шынайылықпен орындалған ғибадаттарда кейбір сырт (пішінде) қателіктер болғанымен Алла Тағала оған кешіріммен қарайтындығын білдіру.

Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

Пікір жазу