Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жастары астанадағы қарттар үйінің ауласын тазартып, қайырымды істер бастамасына қосылды.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасының аясында ұйымдастырылған шараға жиырмадан аса студент қатысты. Олар Нұр-Сұлтан қаласы, Аққорған көшесі бойында орналасқан «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы аумағын қардан тазартты.

Айта кетейік, «Қайырымды істер марафоны» бастамасын былтыр желтоқсан айында Волонтер жылының жабылу рәсімінде Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен болатын.

Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – ел дамуындағы аса маңызды белес, тарихи меже және жетістігімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын кезең екенін атады. Ал биыл өзінің ширек ғасыр – 25 жылдығын атап өтетін Еуразия ұлттық университетінің жастары мұндай игі шарадан сырт қалған емес.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  100 жаңа есім: өтінімдерді қабылдау басталды

«Бұл біздің алғашқы немесе соңғы қолғабысымыз емес, алдағы уақытта мұндай игі істеріміз өз жалғасын табатын болады. Қаламыздағы жалғызбасты қариялар мен балалар үйінің тәрбиеленушілерімен де түрлі шаралар ұйымдастырамыз», – деді Жастар орталығының төрағасы Аян Сәлімгереев.

Жалындаған жастардың бұл қайырымды ісіне қарттар үйінің қызметкерлері мен қариялар алғыстарын білдірді.

Пікір жазу