Өзіңіздің күшті жағыңызды тың назарда ұстап, соны шыңдауға тырысуыңыз өте маңызды.

Адамның болмысында бір өнерге, не ғылымға, болмаса кәсіпке өте ыңғайы болады. Себебі әр адам жеке дара тұлға. Қайталанбайтын болмыс.

Хәкім Абай мұны: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тапта бар қалан» дейді. Абай үлгі тұтқан Сократ та: «Әрбір адам күн сияқты, оған жарықырауына мүмкіндік беру керек» дейді.

Сонда мүмкіндікті кім береді? Басқа ма? Жоқ. Олай ойласаң қателесесің. Неге? Себебі адам жаратылысынан азат болмыс. Алла тағдырын өз қолына тапсырған жаратылыс.

Алайда, біз далақтап әркімнің өнері мен ғылымына, не кәсібіне еліктеп, қызығып, ұмтылып жүреміз. Неге олай? Өйткені еліктеушілік те болмысымызда бар қасиет. Өз тағдырыңның дара жолына түскен кезіңде, таңдау да өзіңе қалдырылады. Сол кезде еліктеушілік сезімімізді өз қолымызға алып, өз-өзімізге үңіліп, ішкі түйсікке үңілу керек екенбіз.

Мұны да хәкім Абайымыз былайша сипаттайды: «Өз жүрегіңе үңіл-дағы, одан тапқан асылды тастай көрме». Асыл деп меңзегені не? Өзіңнің жеке дара жасайтын ісің. Бұл дүниеге келгендегі миссияң. Жалғыз жүретін ақиқат жолың. Өзге де жоқ келбетің.

Ал біз не істейміз?  Өзіміздің жетіспей тұрған әлсіз тұстарымызды ұят санап, соны жамай береміз. Өмір тым қысқа. Жасап қалғыңыз келсе, өзіңе үңіл. Соны жаса.

Сондықтан өзіміздің ең мықты ыңғайымызды, қабілетімізді тауып, соны шыңдап, сол жағын жетілдіруіміз қажет екен. Қайталанбас тұлғалық қабілетіңді сол кезде ашасың.

Ол үшін өзіңіздің қабілетіңіз неге икемді, соны дамытыңыз. Қоғамға соныңызбен ғана таныла аласыз. Осыны кәсіпке айналдырыңыз.

Ал біз не жасаймыз? Мысалы, баламыздың математикаға ыңғайы болып тұрса, гуманитарлық пәнге, қызығушылығы болмаса, баламызға қызығушылығы жоқ пәнді күштеп қосымша оқытамыз. Оқу бітіргесін баламыздың пікірін тыңдамай, өзіміз қалаған оқуды оқыттырамыз. Сен ол бола алмайсың. Ол сен бола алмайды. Себебі әр адам қайталанбас жаратылыс.

Кемшіліктеріңізді толтырам деп уақыт жұмсай бергенше, қабілеттеріңізді дамытыңыз.

Қолыңыздан келетін істерге ден қойыңыз. Сол кезде өзіңізге көңіліңіз толып, ұмтылыстарыңыз жеміс бере бастағанын сезесіз. Ішкі түйсігіңізге үңіліп, қалағанын орындағаныңызда, жүрегіңіз (бұл жерде ішкі «рухыңыздың» орнына «жүрек» айтылып тұр) айтқанын жасатқаны үшін шаттыққа бөленіп, адам бақытты бола түседі.

Жарас АХАН

Пікір жазу