Пітірді кімдер және қалай береді?

    612

    Сұрақ: Пітірді кімдер және қалай береді?

    Жауап: Пітір садақасын кімдер беруі керек деген мәселеде мұсылман заңгерлерінің арасында түрлі көзқарастар бар. Шафиғи, Мәлики, Ханбали мәзһабы өкілдерінің көзқарасынша нисап мөлшері көлемінде байлығы болмаса да, баспанасы, үй жиһаздары, қажетті дүниелері және ораза айт күні ішіп-жейтін азығынан тыс байлығы бар мұсылманның пітір садақасын беруі – парыз. Ал, Захири және Ханафи мәзһабы өкілдерінің көзқарасынша зекет беруі парыз болған мұсылманның, яғни нисап мөлшерінде (83 гр алтын) мал-мүлкі бар мұсылманға пітір садақасын беруі – уәжіп. Себебі, Алла Елшісі (с.ғ.с) өзінің кейбір хадистерінде садақа беру үшін бай болу керектігін айтқан (Муснад, ІІ, 277, Дарими, Зекет, 18) еді.

    Пайғамбар (с.ғ.с) дәуірінде сахабалар Мәдинада халық көп тұтынатын азық түрлерінен 1 са¢ (293 гр) көлемінде пітір садақасын беретін. Бұл жөнінде Әбу Сайд әл-Қудри: «Алла Елшісінің (с.ғ.с) кезінде пітірді жейтін азық түрлерінен 1 саф мөлшерінде беретін едік. Сол уақытта біз арпа, құрғақ жүзім, құрма және ірімшікті азық ететінбіз» (Бұқари, Зекет, 74) дейді. Әһлі-сүннет мәзһаб өкілдері 1 саф арпа, құрғақ жүзім, құрмадан пітір беруге келіскенмен, Ханафи мәзһабының өкілдері пітір бидаймен жарым (0.5) саф беріледі деген көзқарасты ұстанады. Өзге әһлі сүннет үш мәзһабтың өкілдері пітір бидаймен де 1 саф мөлшерінде беріледі деп біледі.

    Әһлі сүннет ғұламаларының көпшілігі пітір хадисте көрсетілген дән-дақыл түрлерінен беріледі деген көзқараста болса, Имам  Ағзам Әбу Ханифа және өзге де бірқатар мужтаһидтер аталған дәнді-дақылдың орнына қолма-қол ақша беруге де болады деген ұстанымды жақтаған. Әсіресе, тоқшылық заманда Ханафи мәзһабының өкілдері шариғатта көрсетілген дәнді-дақылдың орнына пітірді ақшалай берудің сауабы мол болатынын ескерткен. Алла Елшісі (с.ғ.с): «Мұқтаж жандарға сұраттырмай (садақа) беріңдер» (Дәрәкутни, ІІ, 153) дейді. Тіпті, атақты Муғаз бин Жәбал (р.а) сахабаның Иеменде әмірші болып тұрғанында, пітірдің орнына киімі жоқ мұқтаж жандарға киім-кешек бергізгені туралы дерек айтылады.

    ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Сауда жасаған уақытта адамдарды алдап пайда көрмесем, қайтып байымақпын?

    Пітір ақшалай берілетін болса, қайсы дәнді-дақылдың құнымен беріледі деген мәселеге келер болсақ, Ибн Хазмнің көзқарасынша пітір тек ғана құрма мен арпаның құнымен беріледі. Ханафи және Ханбали мәзһабы ғұламаларының көзқарасынша пітір хадисте көрсетілген арпа, бидай, құрғақ жүзім, құрманың құнымен беріледі. Шафиғи, Мәлики және кейбір Ханбали ғұламаларының көзқарасынша басқа кеңістікте өмір сүретін мұсылмандар хадистегі арпа, бидай, құрғақ жүзім, құрма дақылдарынан тыс сол өлкедегі халық көп тұтынатын азық түрлерінен де пітір беруіне болады.

    Пітірді берген мұсылманның басқа бір мұсылманның пітірін алуына болмайды. Бірақ, өзінің ет жақын туысы (бала, бауыр, ата-ана) пітір алуға мұқтаж болса, олар үшін пітір садақасын ала алады. Ал, муəллафатул-қулууб санатындағы (исламды жаңа қабылдаған немесе исламды әлі қабылдамаған) адамдарға Шафиғи, Мәлики, Ханбали мәзһабы ғұламаларының көзқарасынша пітір берілмейді. Ал, Имам Ағзам Әбу Ханифа және Имам Мұхаммедтің көзқарасынша Ислам діні һәм мұсылмандар туралы оң пікір қалыптасуы үшін муəллафатул-қулууб санатындағы адамдарға пітір бергеннің айыбы жоқ.

    Мұхан Исахан

    1 Пікір

    Пікір жазу