– Я, Аллам, бар әлемді көркем түрде Жаратушы Раббым! Сенен басқа кімнен сұрайын. Тілеуіме берген ұрпағымның амандығын Өзіңнен тілеймін. Қандай болса да, ұл – қыздарым жақсылықтың ордасында күні мен түндері тыныш, жолдары ашық, жүздері жарқын болып, жүректеріне мейірім орната гөр Аллам. Біздерді ұмытпай жүрсін әр уақыт, күнәлары болса кешір, кешір, кешір оларды… деген қарт ананың ыстық жасына шомылған тұңғиық мұңды жүзінен дұға – тілектің сағыныш назын байқау қиын емес. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада»,- деген осыдан шығады. Әлбетте, қызы анасының, ұлы әкесінің жүрегіне үңілсе, әлемнен мейірімді іздеудің қажеті жоқ. Шынайы мейірім ата – ана мен баланың арасында. Ал, ата – ананың құшағы құдіреттің кеңейтілген рахмет құшағы. Олардың аялы алақаны жайлы да жылы төсектен артық келеді. Сондықтан, олар қастерлі жандар болып саналады. Аяулы ана – Жаратушының ұлы мархабатынан ең көп үлес алған асыл жан. «Жәннат – аналардың аяғының астында!»,- деген ұлылықты естімеген адам жоқ шығар. Тіпті, отбасыдағы барлық келеңсіздікке тосқауыл болатын тек ананың жүрегі емес пе. Сондықтан, әке – шеше жүректегі оймақтай орын. Жанын шүберекке түйген қоғамдағы жас отбасылар әрқилы тұрмыстық немесе рухани себептермен мешітте бір құранын оқытып, жандарына көбірек бата тілетеді. Сонда, «Үйдегі ата – анаңның батасынан артық дүние жоқ»,- дейміз. Алайда, құрығанда сол бата үшін, жүрегін бірден әке – шешесіне жүгіре жөнелетін баланы көрмей жатамыз. Сол сияқты, бір уақыттарда әулие кезген зияратшыға «Үйіндегі ата – анаң сен үшін әулие емес пе?» дегенімде, ауылындағы шашы ағарған шешесін есіне алып, ер болса да еңіреген. Бәріне бірді немесе бірге бәрін жығып бергенмен, өмір теңеспес. Бірақ, қазіргі ата – ана мен баланың арасын «Ешкім ешкімге міндетті емес» деген санасыз қағида үзіп жатыр. Арада бірінен бірін қашырған жолдар салынған. Әлемдік ең үздік елу елдің қатарына енуге тырмысқан тәуелсіз еліміздің байлыққа толы қойнауында қарттардың үйлерінің көбейгеніне қиналмаймыз ба?. Сол қарттардың бүгінгі күнін сонау қайсар бабаларымыз көрсе, қандай күйде болар еді. Ол аздай, жетімдерді өзге елдер еш кедергісіз алып кетіп жатыр. Біле білсеңіздер, Жаратушы мына дүниені кішкене сәби мен қарт әкелердің құрметі үшін ұстап тұр. Ал, дәуіріміз ошағы қираған заман болмаса да, дүлей жүректердің дәурені. Бүгінгі бала міндетін білгенімен, оны орындағысы жоқ, борышын өтегісі келмейтіндер де бар. Тіпті, ана алдындағы парызын ұмытқандар анасының қай күйде, оларға не қажет екенін білмейді. «Бүгін тербеткен бесігің, ертең ел тербетеді» деген даналық шынымен даланы кезген баланың көңіліне айналғандай. Бойында күш – қуаты тасып тұрғанда, кәрілікті кім ойлар дейсің. Әрине, жас күнінде бәрі жақсы, түгел керемет, өмір қызу, уақыт қымбат. Бірақ, «Жас келмей ме, кәрі өлмей ме» дегенді ұмыттырған сол бір өтпелі жастықтың ыстық буы суып, бойдан күш – қуаты қашқанда, өткен-кеткен тірлікке емес, өзіне өкпелеуі керек. «Өзіңнен туған ұл мен қыз, сыйламаса сол қайғы» деген Төле биге реніші бар ма біреудің. Ата – ана өзінен шыққан баласын өзіне даярлау, дұрыс тәрбие беру, құлағына өз міндетін құюды есіне кеш түсіріп жатады. Алайда, өз әке-шешесіне міндетін өткермеген бала кейін өз баласына қалай жеткізбек. Хазіреті Әли: «Перзенттеріңізді өздеріңіз болмайтын уақыт үшін тәрбиелеңіздер. Өйткені, олар сол уақыт үшін жаралған»,- дейді. Екі жасар баласы бар ананың «Баламның тәрбиесін қай жастан бастағаным дұрыс?» дегеніне «Екі жыл кеш қалдыңыз!» деген еді бабамыз. Сондықтан, ата – ана баласына арнаған тағлымын әлдиінен бастаса, кейіннен өздерін тербететін үлкен сый. Өйткені пайғамбарымыздың ﴾с.а.у.﴿: «Перзентіне жақсылық жасауына көмектескен әкені Алла мейіріміне алсын» деген өсиеті бар.
Ақ сүтпен бiрге сiңген жақсылық,
Айнымайды еш, алғанша ажал қапсырып.
Ет сүйекпен бiрге бiткен қылығың,
Өзгермейдi салғанша ажал құрығын – деген Жүсіп Баласағұнның сөзінде сүтпен енетін қасиет бар. Пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿: «Ешбір әке баласына көркем әдептен артық сыйлық берген емес – дейді. Ал, біздер әкесі қандай болса перзенті сондай дейміз. Негізінде, адамзаттың алғашқы ұстазы оның ата – анасы. Десек те, әкесінен озған баланың, анасын жеңген қыздың, «Ата баласы азарында асық ойнайдының» заманында әр түрлі әке мен сан қилы перзенттер бар. Аллаға шүкір, жоғына сабыр, барына қанағат еткен, әке – шешесін мешітке сүйреген, оларға құран үйретіп, иманға жетелейтін салиқалы жастар да баршылық. Керісінде, баласын сол иманнан тыйып, намазын тоқтатқан, азанды тыңдатпай, мешіттен қашырған ата – ана да жоқ емес. Қалай болған күнде де, үлкенге қарап, кіші өсер дегендей, перзент ата – ана алдындағы міндетін білуі тиіс. Ол екі жылдық әскери борыш тәрізді немесе даңғарадай бос үйді шексіз байлықпен көмкергендік емес. Ата- ана парызы бұлармен шектелмейді. Бала парызы – осы жарық дүниені көрсеткен әке-шешенің ақысы, баланың ғұмырлық қарызы. Тоғыз ай мен тоғыз күніне, аялаған мейіріміне, мәпелеген тәрбиесіне көрсететін баланың қайырымы. Ал, оларды қалай разы етуді ойлаған жөн. Заманында Мұхаммед пайғамбарымыздан ﴾с.а.у.﴿: «Алла тағала жақсы көретiн қандай амал?» – деп сұрағанда, «Намазды өз уақытында оқу!»,- деді. «Кейiн қандай амал? – деп, қайталап сұрағанда, «Ата – анаға жақсылық ету» – деді. «Ал, одан кейiн ше?» – дегенге, «Алла тағала жолында әрекет ету!» – дегені бар. Сол тәрізді, әке – шешесінің айтқанынан оң – солды қадам жасамайтын жас жігіттің «Ата – ана алдындағы парызымды бұдан да жақсырақ қалай өткерсем болады?» – деген ниетіне ризалығымды білдіре: «Үнемі қас – қабағына қараған жүзіңді ешқайда бұрма» деген едім. Негізінде, ата-ана баласына разы болса, Алла ол баладан разы болары хақ. Сондықтан бар жақсылықты ата-анадан бастаған жөн. Ислам ата-ананың мәртебесiн ұлы дәрежеге көтергендігі соншалықты, оларға тиiстi адамгершiлiк, әдеп пен инабаттылықты Өзінен кейiнгі екiншi орынға қойған:
وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلاَ تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا
«Алла Тағалаға құлшылық қылыңдар да, құлшылықтарыңда Оған еш нәрсенi ортақ етпеңдер! Әрi ата-анаға жақсылық қылыңдар!» («Ниса» сүресi, 36 – аят)
Дегенмен, бала тәрбиесіне ықтиятпен қараған абзал. Пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿ балаларға ерекше мән берген. Алдынан жүгіріп шыққан бүлдіршіндерге мейіріммен ізет білдіретін. Бірін арқасына мінгізсе, енді бірін құшағына қысып, бар баланы өзіндей көріп, оларға тең қарайтын, шаттық сыйлайтын. Көшеде ойнаған балалармен үлкендерше «Ассаламуалейкум!» деп, амандасатын. Егер бүлдіршінге «Саған пәлен уақытта мына нәрсені беремін» деген уәдесін уағдаласқан уақытында орындайтын. «Балаларына мейірім танытпағанға Алла да мейірім төкпейді» деп үмбетін барша болмысқа мейірімді болуға шақырды.
Дегенмен, баланың әке алдындағы міндеті тым ерекше. Мұхаммед пайғамбарымызға ﴾с.а.у.﴿ бір жас жігіт келіп: «Менің әкем жиған – тергенімді менің рұқсатымсыз қолданады» дегеніне әкесін шақыртыпты. Сонда «Бұл балам кішкене кезінен есегенше дейін менің маңдай теріммен тапқанымды ішіп жеді, өзім ішпей жемей аузына салдым» дегеніне «Сенің малың да, дүниең де, тіпті өзің де әкеңдікісің» деген әділдікпен әкенің хақысын баласына танытқан. Сондығынан, қанша ғұмырды кешкен бала бәрібір әке – шешенікі болып қала береді. Десек те, перзент ата-ана алдындағы міндеттерін он қадамнан бастаса, игі:
1. Итағаттылық бiлдiру яғни қарым-қатынаста оларға құрмет көрсету, оларға мойынсұну – негізгі міндет. Оған Құран қасиеті былай сөйлейді:
وَقَضَى رَبُّكَ أَلاَّ تَعْبُدُوا إِلاَّ إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِنْدَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُلْ لَهُمَا أُفٍّ وَلاَ تَنْهَرْهُمَا وَقُلْ لَهُمَا قَوْلاً كَرِيمًا وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنْ الرَّحْمَةِ وَقُلْ رَّبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيَانِي صَغِيرًا
«Раббың Өзiне ғана ғибадат етулерiңдi, әке–шешеге жақсылық қылуларыңды әмiр еттi. Ол екеуiнiң бiрi немесе екеуi де жандарыңда кәрiлiкке жетсе, бiр себептермен оларға «үф» деме! Ол екеуiне зiкiмей сыпайы сөз сөйле. Ол екеуiне кiшiпейiлдiк пен мәрхамет құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуi менi кiшкентайымда тәрбиелегендей, Сен де оларды рахметiңе бөлей көр!»,-де» – деген. («Исра» сүресi, 23-24 аят). Алайда, ата- ана да адам. Сондықтан, олардың қателесетiн, жаңылысатын, ағаттық жiберетiн кездерi болады. Мәселен, жоғарыда айтып өткенімдей, дiннен хабары болмау себебiнен ата-ана баласынан шариғатқа қайшы келетiн нәрселердi талап етуi де мүмкiн. Мұндай жағдайда бала шариғат талабын үстем тұтып, Алла тағаланың:
وَوَصَّيْنَا الإِنْسَانَ بِوَالِدَيْهِ حَمَلَتْهُ أُمُّهُ وَهْنًا عَلَى وَهْنٍ وَفِصَالُهُ فِي عَامَيْنِ أَنْ اشْكُرْ لِي وَلِوَالِدَيْكَ إِلَيَّ الْمَصِيرُ
«Адамдарға ата–анасына қарайласуды бұйырдық. Ананың оған мешеулiк үстiне мешеулiкпен жүктi болып, екi жылда омыраудан айыруы бар. Маған және әке – шешеңе шүкiр ет!» деген талабына сәйкес әрекет етуi тиiс («Лұқман» сүресi, 14 – аят). Осыған сәйкес, Мухаммад пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿ бiр хадисiнде:
إِنَّمَا الْطَاعَةُ فِي الْمَعْرُوفِ
«Итағат (бағыну) тек Алла Тағаланы разы ететiн нәрседе болуы тиiс!» десе, екiншi бiр сөзiнде:
لاَ طَاعَةَ لِمَخْلُوقٍ فِي مَعْصِيَةٍ الْخَالِقِ
«Жаратушысына қарсы келу iсiнде мақұлыққа итағаттылық етiлмейдi!»,-дейді. Әдептi бала ондай жағдайда зiркiлдеп, дауыс көтермейді, қабағын шытпайды.
2.Әдептiлiк таныту. Ата – ананың бiлместiктен iстеген iсi, айтқан сөзi жанына қатты батса да, сабыр етiп, өзiн-өзi басу, ата – ананың қасиеттi мәртебесiн, өзiн дүниеге әкеп, зор мехнатпен әлпештеп өсiргенiн есiне түсiрiп, кешiрiмдi болу. Пайғамбарымызға ﴾с.а.у.﴿ сахабалар келіп: «Біздің ата-анамыз намаз оқуымызға қарсы» дегенде, оларға намаздарын көрсетпей оқуды бұйырған. Демек, сол сәтте де, шариғатқа қарсы болған күнде де, сыпайылықпен, түсіністікпен қарауды және оларға дұға етуді бұйырған. Әбу Хурайра ﴾р.а.﴿ анасының исламға келуіне Расулалладан ﴾с.а.у.﴿ дұға етуді өтінеді. Сондығынан, дауыс көтермеу және әйелi, бала – шағаны да ата – анаға дауыс көтеруден, дөрекiлiк көрсетуден қайтару керек. Ата – анаға не iстесе алдына сол қайтады. «Әкесiн сыйламағанды, баласы сыйламайды» деген бар. Ата-анаға қатыгездiк жасаған адам дүниедегi ең күнәсi көп, адамдық ардан безген жан болып саналады. Баланың ата-ана алдындағы ұлы парызы мейiрiмен, жақсылықпен өтелмек. Мұны әрбiр жан өзiнiң адамдық мiндетi деп санаған жөн. Ата – ананың сөзiн құлаққа iлмеген, олардың төрдегi басын есiкке сүйреген баланы халқымыз «жетесiз» дейдi. Ендеше, жетесiз болудан аулақ болу әрбiрiмiздiң бойымызда табылуға тиiстi қасиет.
3.Әлпештеп өсiрген ата-анасының жасын сыйлап, оларды атымен яғни есімімен атамау. Бұл біздің ата дәстүрімізде орын алған. Перзент ата – анасына қайырылғанда, есімдерімен қайырылмау. Бұл оны өзімен тең көру және бәлки кемсіту болады.
4. Ата – ана науқастанса, көңілін сұрау, аулау, маңайында болып, қажеттілігін өтеу яғни дәреттену мен жуынып – шайынуда жәрдем беру.
5.Әркез жылы жүзбен шырайлы қабақ таныту.
6.Кез – келген дастарханның төрін ұсыну.
7.Перзент ұзақ жолға, сапарға шығарда, әрдайым ата-ананың батасын алу және жол үстінде әрдайым хабар алысу, өз амандығынан хабар беріп отыру. Бұл ретте, Майлықожаның «Ата – ана» термесінде:
Аман болсын балам деп,
Алладан медет сұраған.
Жәрдеміңе жараған,
Қабағыңа қараған,
Жолаушы болып кеткенде,
Сағынып келген даладан – деген жолдарынан ата – ананың балаға деген махаббаты бар емес пе. Дана халқымызда:
Мекке – Медине жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата – ананы құрметтесең,
Мекке болады үйдің іші – деген ұлылық бар. Және ең бастысы, перзент үйге енгенде, бірінші ата – анаға сәлем беруді әдетке айналдырып, оны өз балаларына үлгі ету керек.
8.Әйелі мен бала – шағасына сыйлық алғанда, әуелі ата – анасына алу.
9.Әрдайым олардың пікірін сұрап отыру. Үйге қонақ ретінде көбіне ата – ананың достарын, сырлас – мұңдастарын, жора – жолдастарын шақырып отыру.
10.Бала – шағасының алдында ата – анасының өзіне сіңірген еңбектерін үздіксіз жеткізіп отыру.
Көптеген діндарлар дұға қылғанда «Алланың ризалығы мен ата – анасы риза болған пенделерден болуға жазсын» дейді. Бұл дұғаның мән – мағынасы тереңде. Ата – ана ризалығы, оның қызметі – баршаға аса қастерлі ұғым болып қала береді…!