Құран Кәрімде: «Күллі аспан әлемі мен жердің бар билігі мен иелігі бір Аллаға тән! Ол қалағанын жаратады. Қалағанына қыз сыйлайды, қалағанына ұл сыйлайды. Яки қалағанына ұл мен қызды бірге береді. Сондай-ақ, қалағанын бедеу етеді…», – дейді.

Аятта тағдырдың жазуымен кейбір ерлі-зайыптылар перзент сүймейтіндігі айтылады. Шейх Шағрауи (р.а.) осы аятқан қатысты былай дейді:

«Бұл құдірет Иесінің қалауы. Мұндайда баласы болмауы пәлен нәрсе себепті деме. Өйткені, Хақ Тағала қалағанға қыз сыйлайды. Қалағанына ұл сыйлайды. Біреуге ұлды да, қызды да қоса береді. Ал кейбіреуді ұрпақсыз етеді. Дүниеге келген сәбиді адамдар әртүрлі қарсы алады. Ежелде араб халқы ұл перзентті ерекше жақсы көретін. Ер бала – күш-қуаттың белгісі. Ұл әке шаңырағын үстем етеді. Атқа мініп, жаудан қорғайды деп сенетін. Ал қыз туса жақтырмайтын. Қыз әкесін масқара етеді. Абыройсыздық әкеледі деп білетін».

Ғұлама сөзін жалғастыра келе:

«Ислам бұл көзқарасты өзгертті. Перзенттің дүниеге келуінде ата-ана тек себепкер. Бала – Құдайдың бергені. Сондықтан бұл істі Оған тапсыр. Алла Тағала баланы – сый, сыйлық деп атаған. Бұл дегені перзентті саған еңбегің үшін бермейді. Перзент – Тәңірдің тартуы. Ұл бала – Құдайдың сыйы. Қыз бала да – сый. Сондықтан бұл сыйлықты анау сыйлықтан артық көрме. Мен бірнеше рет қызды боп, ұл аңсап жұбайымен дәрігерге қаралып, кеңес алып жүрген жұпқа үнемі: «Алланың берген сыйы – қызды ұл баланы күтіп алғандай қарсы ал. Сонда Алла сендердің ойларыңа келмеген жақсылықтарды береді», – деп айтып отырамын», – дейді.

Алла ондай адамның қызына жақсылық етіп, ертеңгі күйеуін ізгі ер азамат етеді. Он қызы болса онын да әйелінің әке-шешесін өз ата-анасындай көретін күйеуге қосады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Пневмониядан қайтыс болған имамның ұлына үй берілді

Қыз перзентке шын көңілімен риза болған адамға: «Берген сыйыма риза болдың. Бұрынғылар сияқты қыз баласын жек көрмедің. Сондықтан саған ұлыңдай болатын, тәрбиесіне тер төкпеген күйеу бала беремін. Ол өзіңнен туған баладан да мейірімді, бауырмал болады», – дейді.

Қызы жақсы жігітке тұрмысқа шыққан, күйеу баласы намысты әрі баласындай боп кеткен кісіні көрсең, ол қызының дүниеге келуін қуанышпен қарсы алға әке екенін біл. Себебі, қыз – Алланың сыйы.

Тәпсір ғалымы Шағрауи (р.а.):

«Құдай Тағала: «…Сондай-ақ қалағанын бедеу қылады…», – дейді. Олай болса, бедеулік те – Құдайдың сыйы. Адам ұрпақсыздықтың өзін ризашылықпен қабыл етуі керек. Сонда өмірінде кездескен әрбір адам оған перзентіндей болмақ. Себебі, ол «бермеу» сыйлығын риза көңілмен қабыл алған. Ұрпақсыздықты ризашылықпен қабыл алу – қыз баласын ұл перзенттей көрумен пара-пар. Демек, сый Алладан келсе, Оның бергенін де, бермегенін де риза көңілмен қабыл ал», – деп ойын қорытындылайды.

Руслан ҚАМБАР

Пікір жазу