KAZISLAM – Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы «Жандарбек» мешіті жанынан діни сауат ашу курсына арналған арнайы ғимарат салынып, қасиетті жұма күні ғимараттың ашылу рәсімі өтті.

ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай салынған қайырымдылық мекемесінің ашылу салтанатына облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы, Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Залмұқанұлы, аудандық мәслихат хатшысы Жанат Шұғайұлы және ауыл ақсақалдары, құрылысшылар, мешіт жамағаты қатысты.

Рәсімде облыс бас имамы Жолдас Қоспақұлы және аудан әкімі Қаршыға Залмұқанұлы құттықтау сөз сөйледі, ал облыс бас имамы аталмыш нысанның бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға алғыс хаттар табыстап, рахметін айтты, имандылық ордасының тұсаукесерінде әжелеріміз шашу шашса, қасиетті жұманың құрметіне Құран оқылды.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Жапония 100 жастан асқан қарттар саны бойынша рекорд орнатты

«Жандарбек» мешітінің бас имамы Ахметолла Қожахметұлы нысанның салынуына мешіт жамағаты, ауданның іскер азаматтары атсалысқанын атап өтті.

«Бұл білім ордасын шәкіртке толтыру, оларға адамгершілік, имандылық әліппесін үйрететін білімді ұстазбен қамтамасыз ету – басты мақсатымыз» дейді А.Қожахметұлы.

Сауат ашу курсына арналған ғимарат орталық жылу жүйесіне қосылған, 20 орынды дәрісхана, арнайы екі-екіден ғана отыратын 2 бөлмелі Құран жаттау бөлмелері, 10 шәкіртке лайықталған төсек орнымен жабдықталған демалу бөлмесі және кітапхана, жуынатын бөлмелермен қамтамасыз етілген. Бөлмелер кең дәлізбен бөлінген, терезелері үлкен, әрі заманауи құрылыс материалдарымен жасалған, парталары толық, еденге кілемдер төселген.

Пікір жазу