Күндердің күнінде мысырлық бір патша болыпты. Оның әр демалыс күні жергілікті жағдайы төмен кісілерді қабылдап, оларға қаржылай көмек беретін әдеті бар еді.

Содан бір демалыс күні осындай үш кісіні қабылдайды. Олардың екеуі өз жағдайларын айтып, тиісті садақаны алып кетеді. Ал, үшіншісі үндемей бұрышта тұра береді. Мұны көрген патша оған қарап, басын сипайды. Мұны байқаған әлгі кісі патшаға иіліп, аузын сипайды. Сосын патша бетін сипайды, ал кедей тамағын сипайды. Содан кейін патша қарнын сипайды да, кедей аяғын сипайды. Патша күлімсіреп уәзіріне:

– Мына кісіге бір қоржын алтын беріңдер, – дейді. Уәзірі бойсұнып, патшаның айтқанын жасайды. Мұны көрген көмекшісі патшаға жақындап:

– Сіз бұл кісіге алтын беріп шығарып салдыңыз, ал ол ештеңе айтпады. Бұның сыры неде?, – дейді. Патша:

– Мен оның даналығына таң қалдым. Оған үш сұрақ қойдым, ол маған көңілге қонымды үш жауап берді.

– Бірақ, патшам, біз ештеңе естімедік қой….

– Көзі бар адам көреді, ақылы бар сезеді, – деп күлімсіреп, сөзін жалғастырып:

– Мен басымды сипағанда, ол «Бізді құрдымға жіберетін не нәрсе?» деп сұрағанымды ол дұрыс түсініп, аузын сипап, «тілдің кесірі» екенін білдірді. Содан мен бетімді сипап, «Бұл кесір кімдерге қатысты?» деп ишарат берген едім, ол тамағын сипап, «Күндері мен әрекеттерін тек құлқыннан өткізетін адамдар» екенін білдірді. Сосын мен «Адам өзінің асқазанының құлы емес пе?» деп қарнымды сипағанда, ол «Екі аяқ – өмір тіршілігін жасау, Алланың берген несібесін табу үшін қызмет етуге берілген» деп екі аяғын сипады, – деп патша көмекшілеріне қарады да:

– Сендер де бұл әңгімеден ғибрат алыңдар! Себебі, тіл адамды құрдымға алып барса, аяғы тіршілікке жетелейді, – деген екен.

Жалғас АСХАТҰЛЫ,

дінтанушы

Пікір жазу