Сұрақ: Пайғамбар (с.ғ.с.) сауда жасауға қатысты не айтты?

Жауап: Сауда – адамға көп нәрсені міндеттейді. Ол ақыретте Құдай алдында, ал бұл өмірде қоғам және тұтынушы алдында жауапты. Сол  үшін хазрет Омар базарда сауда-саттық жасайтын азаматтарға қаратып былай деген: «Діни мәселелерде фиқһ білімін жетік білмейтін адам біздің базарда саудамен шұғылданбасын» (Термези).

Алланың Елшісі (с.ғ.с.) сахабаларға саудамен айналысып, пайда табуында қолдау көрсетсе де, ашкөздіктен аулақ болуларына кеңес берген:

«Бұл дүниенің мүлкі тартымды. Кім қанағатшыл болса, оның мүлкінде берекет болады. Ал кім оны ашкөздікпен және құмарлықпен алатын болса, онда берекет болмайды. Олар қанша ішіп-жесе де еш тоймайтын адамдар секілді. Беруші қол, алушыдан әрдайым жоғары тұрады» (Бұһари).

Осылай пайғамбар (с.ғ.с.) мұсылмандарды дүниеқоңыздықтан тиып, дүние нығметтерін қолданар кезде ұстамды әрі шегін білуге кеңес берді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Мұсылман қалай құлшылық жасауы тиіс?

Алла елшісінің (с.ғ.с.) тәрбиесін көрген сахабалар да осы түсінікпен сауда жасайтын еді. Зүбайр ибн Аууам ерте жаста мұсылман болып, Бәдір, Ухуд секілді ғазауаттарға қатысқан сахабалардың бірі. Алланың елшісі (с.ғ.с.) оны қатты жақсы көретін және ол жайында «Менің елшім» деп айтатын (Термези). Ол саудамен айналысатын дәулетті мұсылман еді.

Бір күні жолдастары одан: «Ей Зүбайр, осынша байлыққа қалай ие болдың?»,- деп сұрады. Ол: «Сауда жасағанымда бірінің қолы жетпей немесе сатып алуға шамасы келмей затымды ала алмай қалған пенде болған емес. Мен сауданы тек пайда көру үшін жасамаймын. Сол себепті де Алла маған берекет береді», – деп жауап береді.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу